Өлең, жыр, ақындар

Тәуелсіздік-тілегім, елім деп соққан жүрегім!

Қарағанды облысы Ұлытау ауданы №7 Сарысу орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Бухарова Анаркүл Оразқызының 8- сыныппен өткізген ашық тәрбие сағаты.
Тақырыбы: Тәуелсіздік- тілегім, елім деп соққан жүрегім!
Мақсаты: Желтоқсан оқиғасы арқылы жүздеген жылдар бойы бабаларымыздың армандаған егемендігіне қол жеткізу жолында талай боздақтарымыздың жалған айыппен құрбан болғандарын оқушыларға жете ұғындыру; оқушылардың дүниетанымын кеңейту, Отанды сүюге, құрметтеуге, адамгершілікке, әділеттілікке, ел мен жердің қадір – қасиетін ұғынуға тәрбиелеу.
Көрнекілігі: Еліміздің туы, Елтаңбасы мен Әнұраны, Отан, Туған жер туралы нақыл сөздер, слайдтар, буклеттер.
БАРЫСЫ:
1-жүргізуші- мұғалім: Құрметті қонақтар, ұлағатты ұстаздар мен шәкірттер! Бүгінгі еліміздің сан мың жылдар бойы армандаған, сол жолда ғасырлар бойы найзаның ұшымен, ерлеріміздің ерен ісімен, кешегі дүниені дүр сілкіндірген желтоқсан оқиғасымен келген, тарихымызда алтын әріптермен жазылып қалатын Тәуелсіздік мерекесіне арналған «Тәуелсіздік- тілегім, елім деп соққан жүрегім!» атты кешімізге қош келдіңіздер!
2- жүргізуші- Жайна: - Егемен еліміздің ең ұлық, ең қастерлі мерекесі – Тәуелсіздік күні. Тәуелсіздіктің тал бесігінде тербелген ардақты ағайындар, мереке құтты болсын!
1- жүргізуші- мұғалім: Тәуелсіздігімізді тәу етіп, егемендігімізді ту етіп желбіреткелі 23 жыл толды. Десек те, Тәуелсіздіктің түп – тамыры Желтоқсан оқиғасына тікелей байланысты екеніне ешкім дау айта қоймас. Азаттық. Теңдік. Тәуелсіздік. Осы үш ұғымның салтанат құруы үшін кімдер бас тікпеді, кімдер құрбан болмады.
2- жүргізуші- Жайна: Дұрыс айтасыз ұстазым, тәуелсіздікке көз тастап қарайықшы. Сонау дүбірлі батырлар заманынан бері ел мен жер үшін қаншама қан төгілді, қаншама адам құрбан болмады.
1- жүргізуші- мұғалім: Абылай заманы, батырлар заманы. Найзаның ұшымен, қылыштың жүзімен қасық қаны қалғанша ел мен жер үшін айқасқан бабалар аманатын жалғастырған боздақтар қаншама.
2- жүргізуші- Жайна: Ақтандақ жылдардағы қазақ деп қабырғасы қайысқан қайраткерлер де тәуелсіздігімізге жеткізер ұлы жолдағы құрбандар еді.
1- жүргізуші- мұғалім: Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін!
2- жүргізуші- Жайна: Бұл- Ұлы отан соғысы жылдарындағы бүкіл халықтың жүрек жарды ұраны ғой. Қашан да өршіл, намысқой, ержүректік қасиетті биік ұстайтын қазақ халқы осы Ұлы Отан соғысы жылдарында да аянбай еңбек еткенін әжем мен атамнан көп естігенмін.
1- жүргізуші- мұғалім:1986 жылдың 16 желтоқсаны. Қазақтың санасын сілкіндірген желтоқсан ызғары жылдар бойы арман мен тәуелсіздіктің қайнар көзі.
ҚАБДЫХАЛЫКОВА АРАЙЛЫМ: ЖЕЛТОҚСАН
Ашу-ыза, намысым боп,
Буырқанған Желтоқсан!
Азу тісті талайдың,
Уы тамған Желтоқсан!
Қарындастың көз жасы –
Мұз боп қатқан Желтоқсан!
Темір төсек жамбасқа,
Сыз боп батқан Желтоқсан!
Қазағымды «ұлтшыл» деп,
Жалалы болған Желтоқсан!
Ұл-қызының қанына,
Табағы толған Желтоқсан!
Темір торға жазықсыз,
Қамалғансың Желтоқсан!
«Нашақор» мен «бұзақы»,
Саналғансың Желтоқсан!
Сапар шеккен Қайрат боп,
Мәңгілікке Желтоқсан!
Кең далада қалықтаған,
Жаңғырық та сен Желтоқсан!
Әлем саған елеңдеп,
Құлақ тұрген Желтоқсан!
Бодандықтың шекпенін,
Лақтырған Желтоқсан!
Ар-ұятым, абыройым,
Қасиетім сен соққан.
Ерік-жігер, күш-қуатым,
Бәрі де сен – Желтоқсан!!!
Құттыбек Аймахан
Жас арудың жанарында – Желтоқсан,
Қанды ғасыр табанында – Желтоқсан.
Қаралы өмір қайыстырған халқымның,
Қара тұман қабағында – Желтоқсан.
Жауыздықты жасқаған да – Желтоқсан,
Жаңа ғұмыр бастаған да – Желтоқсан.
Жазықсыздың көз жасына жуынып,
Абақтыға тастаған да – Желтоқсан.
Намысымның шырағы да – Желтоқсан,
Сұрқай өмір сынағы да – Желтоқсан.
Жігіттердің ұраны да - Желтоқсан,
Жаңа күннің шуағы да – Желтоқсан.

1- жүргізуші- Жайна: 1-сұрақ: Анаркүл апай, Желтоқсан оқиғасының шығу себебі не?
2- жүргізуші- мұғалім: 1986 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан компартиясы орталық комитетінің пленумы болды, онда Д. А. Қонаевты Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшылығынан босатып, орнына Колбинді сайлады. Колбин Қазақстанда тұрмайды, онда қызмет етпеген. Міне, осы пленум шешіміне қазақ жастары бейбіт түрде наразылық білдіріп алаңға шықты. Жастар шеруі желтоқсан айының 17-18 күндері болды. Бұл оқиға сол себепті де тарихта "желтоқсан оқиғасы" деген атпен қалды.

ДАНА: ЖЕЛТОҚСАН БОЗДАҚТАРЫ
Желтоқсанда бір сыр бар,
Жел соқсын, мейлі жаусын қар.
Ұмытылмас ешқашан
Қайрат, Ләззат қыршындар.

Желтоқсанның қарамай ызғарына,
Желтоқсанның қарамай ызбарына.
Тәуелсіздік тұғырға жету үшін
Өлді талай боздақтар желтоқсан мұздарында.

Аппақ қар қызыл қанға боялды,
Өшкен рух, сөнген үміт қайта жанды, оянды.
Ата - бабам қалай айтқан қалтқысыз
Ерді намыс өлтірер, ал қамыс қоянды.

Көрдік біздер қорлық пенен зорлық та,
Қанша аязда дірілдедік, тоңдық та.
Бірақ біздер бермедік өр намысты
Оған дәлел сонау қанды желтоқсан
Желтоқсанда жарқылдадық, жандық та.

Қорықты сұм КСРО өр намыстан,
Зұлымдар, қатыгездер өлді дұшпан.
Бүгінде Тәуелсіздік тұғырында
Әлемге аты мәшһүр Қазақстан.

1- жүргізуші- Жайна: 2-сұрақ: Тағы бір сұрақ-Жастар наразылығы неге біздің және Мәскеу тарапынан қолдау таппады? Неге жаныштауға тырысты?
2- жүргізуші- мұғалім: Республиканың Колбин бастаған жаңа басшылығы олармен терезесі тең түрде пікір алысып, ұсыныстарына құлақ салуды намыс көрді. Олар әкімшілік-әміршілдік өктем көкірек, өр мінез көрсетті. Республикада тұратын 6 миллионнан астам адамнан, қазақтан лайықты ешкім таппай, сенімсіздік білдірген Мәскеуге қарсы бұл жастар қозғалысын олар ұлтшылдық, нашақорлық деп айып тағып, жаныштады.
АСЛАН:
Еркіндікке Желтоқсаным бастады
Қазақ жасын бүкіл әлем қоштады
86 жаңғырығы жар салып,
Тәуелсіздік ұлы ұранын тастады
Елемепті қысқы ызғар, суықты,
Өне бойын жастардың қан жуыпты.
Қайрат,Ләззат жас қырандар аяулы,
Өз халқының бағы болып туыпты.
Жиырма үш жыл тәуелсіздік туғалы,
Қазақ елі бірлікке бел буғалы
Жиырма үш жыл Қазақстан халқының
Өз тағдырын ,өзі шешіп тұрғалы.
Көгіңде тұр көк байрағың желбіреп,
Елтаңбаға қараймыз біз елжіреп.
Әнұранды шарықтата шырқаймыз
Бабаларды еске алып ержүрек.

1- жүргізуші- Жайна: 3-сұрақ: Соңғы сұрақ- Әділдік үшін күрескен жастардың қаншасы жауапқа тартылды? Желтоқсан оқиғасында ерен ерлігімен көзге түскендер болды ма, олар кімдер?
2- жүргізуші- мұғалім: Бұл оқиғаға байланысты 103 адам жауапқа тартылды. 99-ы сотталды. Алматы қаласы бойынша 2395 адам қамауға алынып, 309 студент оқудан шығарылған, 99-ның ішінде 2 адам өлім жазасына кесілген. Олар: Қайрат Рысқұлбеков, Мырзағали Әбдіқұлов. Желтоқсан оқиғасында ерен ерлігімен көге түскендер өте көп, солардың бірі – Қайрат. Ол қыршын жасын қиды. Оған үлкен айып тағылды.

КӨРІНІС. "ҚАЙСАР РУХТЫ ҚАЙРАТ".
(5 мин.10-та Ә.Тінәлиевтің «Желтоқсан желі» әні орындалады).

ТАРИХШЫ: Кейін КСРО жоғарғы Кеңесінің Президумы оған кешірім жасап, ату жазасын 20 жыл бас бостандығынан айырумен
алмастырды. Қазақ елінің кезекті 21-ші басшысының зобалаңына ұшырап, 21 жасында тұтқындалып, 21 күн нақақтан шырылдап,
Семей түрмесінің 21 камерасында 1988 жылы 21 мамыр күні
қапылыста дүниеден өткен Қайрат 21 ақпан 1992 жылы ақталды.
КӨРІНІС: « ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ АҚ ТАҢЫ»
«Баланың түсінде» ұйқыдағы бала бейнесін сомдаған- Рымбаев Алтай ,
балаға түсінде шырақ ұстаған періште келіп:
- Балақай, тұршы! Таң атып қалды. Мына шыраққа қарашы, бұл саған берілген бақыт құсы! – деп құсын балаға ұсындыда кенет жебеуші періште жоқ болып кетті.
Осы сәтте ұйқылы ояу немересі көзін уқалап, әжесіне:
- Әже, шырақты ұстап алайықшы – дейді.
Әжесі болса, бісмілләсін айтып, шошынған немересінің басын ұстап әлек.
- Әже, түс көрдім, жап-жарық күнді көрдім.
- Айналайын, ол сенің бақытың, еліңнің бақыты!
Тәуелсіздігіңнің мәңгі жарық күні!
- Ендеше, мен ұстаздарымнан, достарымнан сүйінші сұраймын.
- Алақай! Сүйінші! Тәуелсіздіктің ақ таңы атып келеді!-деп қуанған бала тұра жүгірді.
1-жүргізуші- мұғалім:
Көк аспанда тулардың,
Желбірейтін күні- бұл.
Елім деген ұлдардың,
Елжірейтін күні-бұл.
2-жүргізуші- Жайна:
Атамекен ақ үйдің,
Азат болған күні-бұл.
Құндақтағы сәбидің,
Қазақ болған күні-бұл.
1-жүргізуші- мұғалім:
Жұпар шашқан гүлімнің,
Жаңа ашылған күні-бұл.
Менің ана тілімнің,
Бағы ашылған күні-бұл.
2-жүргізуші- Жайна:
Алты алаштың баласы,
Қауымдасқан күні-бұл.
Бір-бірімен жарасып,
Бауырласқан күні-бұл.
1-жүргізуші- мұғалім:
Дүбірлетсін өңірді,
Дүрілдетсін дүлділі.
Қазақ деген елімнің,
Құтты болсын бұл күні!- деп,
САТТАР ҚУАНЫШБАЕВ ПЕН БАЗАРБЕК ТҮКІБАЕВТІҢ СӨЗІНЕ ЖАЗЫЛҒАН
АЙЖІГІТ АСАНОВТІҢ ӘНІ "ТӘУЕЛСІЗДІК ГИМНІ".
ОРЫНДАЙТЫНДАР- ДУЛАТБАЕВА ДАНА, АМАНБЕКОВА АРАЙЛЫМ.

ЕҢЛІК: Тәуелсіз аппақ таң атты,
Сейілді көктен бұлтты күн
Үш ғасыр күткен азаттық
Қазағым үшін құт бүгін
Қададық шаттық уығын,
егемен елсің енді деп,
Күміс күн кесті кіндігін
Егемен болдық ел болдық
Қазағым,бірақ шіренбе.
Ертеңіне сенген жұрт
Алладан рахым тілеуде!

БИБІНҰР:
ХОР. "ЕГЕМЕН ҚАЗАҚСТАН". СӨЗІ МЕН ӘНІ ҚАНАТ ЖҮНІСОВТІКІ.

ҚЫМБАТ: ТӘУЕЛСІЗДІК КҮНІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!
Азат күн туды, қырандай еркін самғаған,
Асыл арманды ақиқат күнмен жалғаған.
Ұғынсаң елім, бостандық атты бақ құсы,
Сан ғасыр бойы басымызға да қонбаған!
Бұл күнді күтіп батырлар жанын қиысты.
Бостандық алып күмбірлеп кетті күй ішкі.
Ержүрек ұлы, қайсар қыздары бар қазақ,
Мәңгілік азат халық болуға тиісті!
Жаңарды заман, жасампаз елміз жайнаған.
Төсінде сан мың ұлыс пен ұлты жайлаған.
Мұнай мен газы атқылап көкке алтын боп,
Еңбекші жұртпен жадырап кетті бай далам!
Ақ Орда тігіп, Астана қылған қаласын,
Тарихын танып, ардақтап жатқан бабасын,
Барша әлем білген бөрі-жүректі баласын,
Қиналмай өтер алдынан шықса дара сын,
Көк туың мәңгі желбірей берсін көгіңде,
Айбарлы менің Алашым!
Мұхамбетберді Сүйітов

ӘН. "САРЫАРҚА" . ОРЫНДАЙТЫН- МҰСТАФА ҚҰРАЛАЙ.
АРАЙЛЫМ: ТӘУЕЛСІЗДІК!
Еркіндігім.
Қасиеттім.
Қастерлім.
Өзің барда өзегімде жоқ шер мұң!
Кеше сенің келбетіңді арман ғып,
Боданына бұғауландық басқа елдің.
Бабалардың басын тігіп бәйгеге,
Аналардың жанарына жас бердің!
Уа, Еркіндік,
қош келдің!Өзегімді өртке ораған қоғамда,
Өз үйіме өзім өгей болам ба?!
Алшаң басып жүре алмаса алты алаш
Азаттығым! Қадірің де жоқ онда!
…Саған жету қиын болса қаншалық,
Сақтап тұру қиынырақ одан да!
Алла берген азаттықтың әр сәті-
Аманат қой
Маған,
Саған
Оған да!
Саясатқа сермей алмай семсерді,
Езгі күнге тері қылдым еңсемді!
Желтоқсанда жалын атып жастығым,
Құрсау болған темір қоғам теңселді!
Есте даңқы қыршындардың қалды ма,
Сексен алты ерлігім бе-ей, ең соңғы!?
Уа, еркіндік,
Құның немен өлшеңді!?
Уа, еркіндік!
Құның немен өлшенді?!
Сені көксеп
Боздақтарым өлсе өлді!
Сенсің менің ең ғажайып өлеңім,
Ең шуақты,
Ең шырайлы,
Ең шерлі!
Әр таңыңды сүйіншілеп тұрайын-
Құдай берген ғұмырымда өлшеулі!
Қалқаман Сарин
1- жүргізуші-мұғалім:
Тәуелсіз 23 жыл! Туыңды биік ұстадың.
Көтерді халқың уақыттың қатал қыспағын.
Көшіңді бастап бақытты болашағыңа,
Жасай бер, жаса,Тәуелсіз Қазақстаным!

2-жүргізуші- Жайна:
Тәуелсіздік түскен жоқ қой аспаннан,
Тарихы оның тым әріден басталған.
Бодандықтан құтқарам деп елімді,
Талай боздақ қара жерді жастанған,-деп
ШАЙМҰРАТ АЗАМАТТЫҢ ОРЫНДАУЫНДА "ЖАСА, ҚАЗАҒЫМ!"әнін қабыл алыңыздар!

ЖАЙНА: Желтоқсан алаңындағы жыр
Ұжданымды ұлтан етпек табанға,
Қарғыс айтып қан соқталы зауалға.
Айналып жүр қазақтың кең аспанын,
Ұлы ерліктің сыймас жыры қағазға.

Ей, намыстың найзағайдай ұлдары,
Қызыл тілін қылыш еткен қыздары!
Қанды тарих қалшиып тұр мәңгіге,
Жанарында - Желтоқсанның ызғары.

Не көрдің сен қара жұлдыз, қара аспан,
Қан жұттың ба сен де қайсар қазақтан.
Өрімдей қыз өлмес ерлік жыры боп,
Саған қарай рухы ұшып баратқан.

Жер бетінде жеңіс алған белестер -
Есіл бабам ерлік қылған егестер…
Желтоқсанда қайта шауып басына,
Буырқанған бабам қаны емес пе ол!

Оу, мені кім дейсің?!
Қарсы алдымда хас жауымның қаңқасы,
Қос қолымда Қобыландының балтасы.
Азығыма ақ анамның малтасы,
Азуымда найза таудың жаңқасы.

Қонысыма көз қызартқан қалмақтың,
Қанжығама басын берді қаншасы.
Тұлпарының тұяғымен сызылған,
Қазақтың бай даласының картасы.

Ей, ұлы Алаң, лаңды Алаң!
Өзен шайып, өте алмайтын қанды Алаң.
Қара жерден шөлі қанған сенсің-ау,
Қан мен жасқа әлі шөлі қанбаған.

Сұрап алып сұрқы кеткен айдан нұр,
Азаттыққа арпалысқан майдан бұл.
Құрмет саған, Желтоқсандық боздақтар,
Өшпейтін жыр бұл- алаңға ойған жыр!

Солмайтын гүл, бұл алаңға қойған гүл,
Солмайтын гүл ойсыздарды ойландыр.
Орысшалап қала қызы қарқылдап,
Бір-біріне қар лақтырып ойнап жүр…

Кім бар енді тағдырына үңілер,
Босамаған болат жүрек, сірі қол.
Жалғыз өзі жаттап жүр ме ішінен,
Тас түрменің жазып болып жырын ол?
Қатал уақыт заулап бара жатыр-ау,
Әділетті әлі іздеп жүр тірілер.

О, желтоқсан аждаһамен алысқан,
Соған жаны жігеріңді жанытсаң.
Қайраттардың рухын айт алдымен,
Жер бетінде қай қазаққа жолықсаң.

Жасыл шарда қазақ деген атыммен,
Қанаттасып ұшып барам ғасырмен.
Желтоқсанда жауап бергем жаһанға,
Бодандыққа бағынбайтын басыммен!
Ұларбек Нұрғалымұлы
1- жүргізуші-мұғалім: Келесі тыңдайтындарыңыз- 8- СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫНЫҢ ОРЫНДАУЫНДА АЛМАС АХМЕТБЕКҰЛЫНЫҢ СӨЗІНЕ ЖАЗЫЛҒАН ЕРМҰРАТ ЗЕЙІПХАННЫҢ ӘНІ "КӨК ТУДЫҢ ЖЕЛБІРЕГЕНІ".
ҚАБЫЛ АЛЫҢЫЗДАР!
ҚҰРАЛАЙ: Тәуелсіздік, тәтті үмітім едің сен...
Бостандығым! Тосқан күнім азалдан,
Жиырма үш жыл – аспан кірсіз, ажарлы ән.
Сен келгенде серпілгенмін қайғыдан,
Сен келгенде сары мұңнан тазарғам.

Ессіздерде есем кетті қаншама,
Кездерде өтті шындық іздеп шаршаған.
Тәуелсіздік тәтті үмітім едің ғой,
Талай таңдар таңдайымда тамсаған.

Беу, Азаттық! Болсаң бізге баянды,
Аранына кетпей тұрып аярдың.
Бодан болып көз ілгенмін кеше мен,
Бүгін таңда бостан болып ояндым.

Базарында мұң мен шаттық бір жүрген,
Дүрмек күннің алдамшысын кім білген?..
Желтоқсанда мұз шайнаған көкемнен,
Тамған қанға өсіп шыққан гүлмін мен.

Жебесімін көбе бұзар түркінің,
Егесімін күллі түркі жұртының.
Назарына түспесе де дұшпанның,
Жанарыма тұнған шықты іркідім.

Буырқанса, күнді тұтып, ай жапқан,
Намысының найзағайын ойнатқан.
Ұлы көштің үзілмеген арқауы,
Қарға бойлы Қазтуғаннан – Қайратқа.

Дастаным бар балбал тасқа қашаған,
Аспаным бар ала бұлттан босаған.
Асылына ие болған Алаштың,
Айналайын менің алтын босағам.
Әлия Дәулетбаева
1- жүргізуші- мұғалім: Иә, ізгілік атаулыдан күдер үзіп, ең соңғы үміті, бар сенімі күйреген, рухани езілген балаң жігіт- Қайрат. Қайрат- есіл ер. Көзі тірісінде жазған өлеңдері мен мөлтек ойлары адам жүрегін тебірентеді.
2- жүргізуші- Жайна: Ендеше, Қайраттың «Қараңғыда көзге түссін көлеңкем» деп аталатын түрмеде жазған мөлтек ойларына кезек берейік:

...Бұл дүниедегі ең зор бақыт — еркіндік екен ғой, кім білген. Адамның бостандықтағы бір күні қапастағы бар ғұмырдан әлдеқайда қымбат екенін енді білгендеймін. Осы түрмедегі біздің күнімізді адам түгіл, итке бермесін.
***
...Арман қудың ба, алдыңа қара, артыңа алаң болма! Өмірдің өткелін іздеп таптың ба, жүрексінбе, көзді жұм да қойып кет, белді шеш те, кешіп өт.
***
...Дүниедегі ең жаман нәрсе — күдік. Бұл шаққа дейін мен тыныстаған күндер мен кешкен тіршілік онша ұзақ емес. Бірақ күрделі, аумалы-төкпелі, бұралаңы мен шырғалаңы да бірқатар... Осынау нақақтан күйген үш айдың ішінде мен шерменде, күдік дегеннің не екенін білгендей болдым. Тірі кісі үшін, әсіресе, өзін жазықсыз жазықты сезінуден жаман нәрсе жоқ.
***
Аслан: ...Дүниеде құдайдың бергені де ештеңе емес, бергенін қайтып алғаны да ештеңе емес, бірақ берейін деп тұрып бермей қойғаны жаман екен. Өлгенше өмірі есіңнен кетпейді.
***
...Қорқу, сескену дегеніміз қорқақтық емес, ол — жүрек тебіренісі, өзін-өзі шектеу сезімі — қорқақтық — ол қиын жерден бас сауғалай шегіну, қашқақтау, алда тұрған асыл міндеттен өз қара басын жоғары ұстау.
— Алла-ай, өзің бір сәтсіздік үшін ғана туған адам екенсін, — деп қалды досым маған сенімсіздікпен қарап. Бар болмысымен күйзеліп айтты.
Бұл не дегені? Сонда не, ол да сенбегені ме? Менің ақ екендігіме. Менің жаладан, нақақтан күйген жаралы жүрегіме де қарамағаны ма? Егілген жанымды, сезбегені ме? Егізімнің сыңарындай көретін досымның да мен туралы бар ұғымы осы болғаны ма?

***
...Адам махаббаты — аса жоғары адамгершілік мәдениеті. Махаббатына қарап оның қандай адам екені жайлы айна-қатесіз тұжырым жасауға болады. Өйткені біздің қоғамымыздың келешегі, оның адамгершілік негіздері үшін жауапкершіліктің ең айқын көрінісі махаббаттан басталады.
Бөлеген: ...Неғұрлым адамның рухы шырқау биік әрі берік болса, ол еш нәрсеге бой бермейді, ондай адамға өлім де бата алмайды.
Жайна: ...Ошақ — үйдің жүрегі,
бұлақ — ауылдың жүрегі,
Ұстадан — біз,
тұлпардан — із қалады.
Аң таппаған атынан,
Ата алмаған мылтығынан көреді.
Кішкентай ауыз үлкен сөзді де айтады,
Кішкентан оқ үлкен кемені де теседі.
Жаман — табысқа, жақсы талапқа құмар.
Сөз ең мықты оғьщ — оны босқа жүмсама.
Аягы лас төрге дейін былғайды,
Тілі лас көрге дейіи былғайды...
Атамұрат: ...Дүниедегі ең сұмдық зұлымдықты сот алдында азамат сотынан көрдім. Әділетсіздікпен сот кәрін септі, жас гүлге өлім септі, зұлымдықпен атып тұрды да, «ату жазасы» деп жас жүрекке найзаны сұқты-кетті. «Өспей жатып — өшу, жанбай жатып — сөну» деген осы да.
«Бақ түссе — маңдайымнан, тас түссе — талайымнан», көріп алдым, маған өлім қорқынышты емес, өйткені адалдығым одан биік тұр.

ӘН. "САРБАЗДАР" ОРЫНДАЙТЫН- 8- СЫНЫП ОҚУШЫСЫ ДУЛАТБАЕВА ДАНА.

ЖАУЖАНБАЙ АҚБАЯН:
ҚАЛАМҚАС:

2- жүргізуші- Жайна: Ұстазым, мына қызықты естідіңіз бе? Елбасымыз-
Н. Ә. Назарбаев Сауд Арабиясына барған жылы 3 ай бойы ылғал тамбаған екен. Атамыз қасиетті қақпаға кірерде жаңбыр құйып кетіп, шыққанда аспан шайдай ашылыпты. Бұған таң қалған король Фейсаль:
-Сіз тегін адам емес екенсіз, Алладан не тіледіңіз?- деп сұрапты.
-Қазағымды, елімді аман қыл деп тіледім, - деген екен.
1-жүргізуші- мұғалім: Иә, олай болса елбасымыздың құрметіне арналған
ШӘМІЛ ӘБІЛТАЙДЫҢ КҮЙІ "ҚАЗАҚСТАН-НҰРСҰЛТАН"(бейнебаян)

1- жүргізуші- мұғалім:
Желтоқсан айы естесің,
Дауыл боп бұрқап ескенсің.
Азаттық күйі қашаннан,
Көкейін елдің тескенсің,- дей отырып, келесі кезекте
мектебіміздің жас таланты Аманбекова Арайлымның орындауында "ТЕПЕҢ КӨК" күйін қабыл алыңыздар!
ЖАНСАЯ:

БИІ. "ҚАЗАҚТАЙ ЕЛ ҚАЙДА"
1- жүргізуші- мұғалім:
Биік ұста тәуелсіздік жалауын,
Бірлік, достық, бейбітшілік қалауың
Мерейлі жыл 23 жыл құтты боп
Бақ кетпесін әр үйіңнен қазағым!

2- жүргізуші- Жайна:
Шындықты айтып қазақ халқы шырқырап,
Адалдықтың таңы атсын бұрқырап,
Ауыз бірлік мықты болсын ағайын,
Ең бірінші ырыс алды ынтымақ.

ШӨМІШБАЙ САРИЕВТІҢ СӨЗІНЕ ЖАЗЫЛҒАН СЕЙДОЛЛА БӘЙТЕРЕКОВТІҢ ӘНІ "ҚАЗАҚ ЕЛІ"
ОРЫНДАЙТЫН- 8- сынып оқушысы АМАНБЕКОВА АРАЙЛЫМ.
1- жүргізуші- мұғалім:
Қорғап қалған ұлан- байтақ даласын
Қорғап қалған ата-анасын, баласын.
Біз бүгінде әлемге аян қазақпыз
Тәуелсізбіз! Дербес елміз! Азатпыз!
2- жүргізуші- Жайна:
Біз қазақпыз!
Қастерлеген баба салтын
Аман бол, айналайын, дана халқым
Күн туса атқа қонам бір сен үшін
Міне қаным, міне жаным, міне антым!
1- жүргізуші- мұғалім:
Баршаңызды Тәуелсіздік күнімен тағы да, шын жүректен құттықтаймыз!
2- жүргізуші- Жайна: Нұрлы отанымыз – Тәуелсіз Қазақстанның бағы жанып, абыройы арта берсін.
ХОРМЕН: Жасасын Қазақстан!

ХОР. "АТАМЕКЕН". СӨЗІН ЖАЗҒАН- Қ. МЫРЗАЛИЕВ,
ӘНІН ЖАЗҒАН- Е. ХАСАНҒАЛИЕВ.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз