Өлең, жыр, ақындар

«Қыс» (мнемотәсіл арқылы мәтін құру)

Ашық сабақ жоспары

 

Білім беру саласы: Қатынас

Бөлімі: Тіл дамыту

Тақырыбы: «Қыс» (мнемотәсіл арқылы мәтін құру)

Мақсаты: Қыс туралы білімдерін мнемокесте арқылы толықтыру, балалардың сөздік қорын, тіл байлығын мнемотәсіл арқылы дамыту, дұрыс мәтін құруға ынталандыру, бір-бірлерін мұқият тыңдауға тәрбиелеу.

Қолданылатын әдіс-тәсілдер: ӨТШТ(ТРИЗ) технологиясы, мнемотәсіл, сергіту сәті, жұмбақ шешу, тақия тастау ойыны, миға шабуыл.

Көрнекіліктер: қыс тақырыбына байланысты суреттер, мнемокестелер, шырша, қапшық,  доп, асықтар, тақия.

 

Шаттық шеңбері:

Кел, балалар, күлейік,

Күлкіменен түлейік.

Күлкі көңіл ашады,

Күліп өмір сүрейік.

Қайырлы күн балалар,

Қайырлы күн апайлар!

Таңғалдыру кезеңі:

Балалар, жан-жағымызға қарайықшы, топ ішінде не көріп тұрсыңдар?

Дұрыс шырша. Ал шыршаның астында қапшық жатыр, оны бізге кім әкелуі мүмкін? Мүмкін Аяз атаның бізге берген сыйлығы шығар. Қане ашып қарайық. Балалар қарандар мына қапшықтың ішінде асықтар бар екен, әрбір асық ішінде жұмбақтар жасырылған, шешіп көреміз бе?

Жұмбақтар шешу: жұмбақ шешкен балаға шырша ойыншықтары таратылады.

Қанаты жоқ ұшады,

Аяғы жоқ желеді,

Аузы жоқ ұлиды. (Боран)

Суда қалқиды,

Жылыда балқиды. (Мұз)

Қолы мен қаламы жоқ,

Бірақ сурет салады көп. (Аяз)

Жасыл ине киемін,

Жайлаймын тау биігін,

Жаңа жылды тойласаң,

Төріңдемін үйіңнің. (Шырша)

Қыста ғана болады,

Ұстасаң қолың тонады. (Қар)

Сақалы желбіреп,

Жүрегі елжіреп,

Жылда бір келеді,

Көп сыйлық береді. (Аяз ата)

Зулап түсіп төменге,

Шыға алмас менсіз төбеге. (шана)

Табаныма байладым,

Қос таяқпен айдадым. (шаңғы)

Суға батпайды,

Отқа жанбайды. (мұз)

Жерді жапты ақ мамық (қар)

Аяз Атаның немере қызы кім? (ақшақар)

Денесі қардан

Мұрны сәбізден,

Телпегі – шелектен (аққала)

 

Өте жақсы балалар! Енді кімнің қолында ойыншықтар бар сол балалар менімен бірге тіл дамытуға барады, ал кімде ойыншық жоқ сол 2 топқа жапсыруға барады.

Балалар, мен сендерге «Бұл қай кезде болады?» өлеңдерін оқимын, ал сендер мұқият тыңдап жауабын айтуларын керек.

«Бұл қай кезде болады?»

Бұлттар төніп,

Жерге төгіп,

Дымқыл тұман басады,

Шөп сарғайып,

Өңі тайып,

Дала сұры қашады.

Ойнай алмай

Денең мұздап тоңады.

Бөбектерім айтыңдаршы,

Бұл қай кезде болады? (Күзде)

 

Аяз қысып,

Өрнек сызып,

Терезеңді торлайды.

Қарға омбығып,

Бет домбығып,

Сырғанап жастар ойнайды.

Кейде ұлып,

Кейде ысқырып,

Ұйытқып боран соғады.

Бөбектерім айтыңдаршы,

Бұл қай кезде болады? (Қыс)

 

Қар еріп,

Су көбейіп,

Сай-салаға ағады.

Бүршік шашып,

Жапырақ ашып,

Гүл бәйшешек басады.

Айтыңдаршы бөбектерім

Бұл қай кезде болады? (көктем)

 

Өрік, алма,

Шие, алша,

Жидек, жүзім піседі.

Қойның толы жеміске,

Көк майсалы еңісте

Көбелек қуып ойнайтын,

Қай мезгіл деп ойлайсың? (жаз)

  • Ендеше неше жыл мезгілі бар? Ал қазір жылдың қай мезгілі? Қыс айларың ата. Қазір қыстың қай айы? Олай болса бүгін біз сендермен тіл дамытуда қыс туралы мнемосызбалар арқылы әңгімелейміз.
  • Балалар, қыс мезгілінің басқа жыл мезгілдеріне қарағанда қандай өзгешелігі, ерекшелігі бар екенін мына сызба арқылы айтамыз. Қане бәріміз мына суреттерге назар аударамыз. Кім қандай сызба арқылы әңгімелейді?
  • 1 кесте
  • 2 кесте
  • 3 кесте

Сергіту сәті:

Жел уледі у-у-у

Боран соқты зу-зу-зу,

Қатты-қатты жел соқты гу-гу-гу,

Мамық қарлар қол соқты ду-ду-ду,

Шыдай алмай ұлпа қар ах-ах-ах

Билеп кетті қалтырап пах-пах-пах.

Доппен ойнау.

Балалар, мен сендерге көктемде не болатынын айтамын, ал сендер қыста не болатынын айтасыңдар. Келістік пе?

Көктемде жаңбыр жауады, ал қыста қар жауады.

Көктемде күн жылынады, ал қыста ...

Көктемде қар ериді, ал қыста ...

Көктемде құстар жылы жақтан ұшып келеді, ал қыста ...

Көктемде ағаштар бүршік жарады, ал қыста ...

Көктемде аю оянады, ал қыста ...

Көктем айлары: наурыз, сәуір, мамыр, ал қыс айлары: ...

Өте жақсы балалар! Сабағымызды әрі қарай «Қыс» туралы өлеңдерімізбен жалғастырайық. Мына мнемокестелер арқылы маған кім өлеңді оқып бере алады?

1.   Далада қар борайды,

Ақ мамыққа орайды,

Мұз болады қатады,

Жып-жылтыр боп жатады.

2.   Ақ киімді, денелі, ақ сақалды.

Соқыр мылқау, танымас тірі жанды.

Үсті-басы ақ қырау, түсі суық,

Басқан жері сықырлап келіп қалды.

3.   Аппақ, аппақ, қар аппақ,

Қар жамылған дала аппақ.

Қырау, қырау, тал аппақ,

Айналаның бәрі аппақ.

4.   Аққу мамық ұлпа қар,

Жамылады қырқалар.

Шымшып аяз бетіңді,

Ширатады етіңді.

5.   Аппақ, аппақ жапалақтап

Қар жауады тынбастан.

Қалың орман қар жамылған

Маужырайды түнгі аспан.

ТРИЗ. Жұмбақ жасыру.

Суреттер бойынша балалар апайларға жұмбақтар жасырады. Шырша ойыншықтарын таратып береді.

  • Өте жақсы. Ендеше бүгінгі сабағымызды қорытындылау үшін «Тақия тастау» ойынын ойнайық. Тақияны кімнің басына кигіземін сол бала менің сұрақтарыма жауап береді.
  • Бүгінгі сабақ ұнады ма? Не ұнады?
  • Неше жыл мезгілдері бар?
  • Қыс айларын ата.
  • Көктем айларын ата.
  • Қыстап қалатын құстарды ата.
  • Бүгін біз не туралы өттік?
  • Рахмет! Сау болыңдар                                        

 


Пікірлер (2)

Баспаева Нурзия

ҰОҚ қызықты кұрылған , рахмет

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер