Өлең, жыр, ақындар

Ұстазым - ұлағаттым

Темірмағанбетова  Зәуреш  Төрәлиевна

Маңғыстау ауданы Жармыш орта мектебі

Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

Тәрбие сағатының тақырыбы: Ұстазым- ұлағаттым

 

Мақсаты:

а) Оқушыларды, ұстаздарды құрметтеуге, сыйлауға үйрету.

ә) Ұстаз мамандығының қыры мен сырларын түсіндіру.

б) Ұстаз еңбегін арқашан бағалай білуге үйрету. Оқушылардың бойына дамыту, әрі дарыту.

 

Міндеті :

а) Ардагер ұстаздар жолын оқушыларға үлгі ету. Олардың әңгімесінің мәнін ұғына білуді, үлкендерді сыйлауды, құрметтеуді атаның батасын, ата-ананың алғысын ала білу.

ә) Оқушылардың шығармашылық қабілеттерін, сөйлеу тілдерін дамыту.

Түрі :  Кездесу кеші

Әдісі : пікір алмасу, сұрақ-жауап, зерттеу

Көрнекілігі : Тақырыпқа сай жазылған қанатты сөздер; гүлдер, шарлар, «Бәйтерек» макеті, тостерлер т.б.

Техникалық құрал : Мультимедиа

Сынып сағатының жүрісі :

Эльбира Жүргізуші : Армысыздар; құрметті қонақтар! ардақты ұстаздар; оқушылар!

Бүгінгі ұстаздар күні мерекесіне орай 5 «а» сынып оқушыларының қатысуымен ұйымдастырылған « Ұстазым – ұлағаттым» тақырыбындағы ардагер-ұстаздармен кездесу сағатына қош келдіңіздер!

 

1 оқушы :

Ұлылықтың ұйытқысынан жаралған,

Өнегеңнен барлық шәкірт нәр алған.

Шапағатты шуақ сепкен ұстаздар,

Өздеріңнен бастау алар бар арман!

Ұстаздар жақсылықтың жол ашары,

Қолыңда шәкіртіңнің бала шағы.

Өмірді алға қарай өрлететін,

Сендер де ұлы Отанның болашағы.

 

Жүргізуші Эльбира :

Ісім оңсын десеңіз,

Сол істің маманы болыңыз.

Даңқым шықсын десеңіз,

Көпшіліктің адамы болыңыз,- деп Әл-Фараби атамыз айтқандай; өз істеріңнің маманы бола білген; бүгінгі кеш қонақтары осы мектептің ардагер ұстаздарымен таныс болайық.

 

1) Асаева Сәнтөре апай : Бірнеше жыл ұстаздық қызметте болған. Бастауыш сынып мұғалімі. Облыстық, аудандық білім жүйесіндегі білім беру мен тәрбие үрдісін ұйымдастырудағы және жетілдірудегі шығармашылық еңбегі мен табысы үшін құрмет грамоталарымен марапатталған.

2) Еділханова Оңай апай: 35 жылдай ұстаздық қызметте болған. Бастауыштың білікті маманы. Білім беру саласындағы ұзақ жылғы жемісті еңбегі және жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі жетістіктері үшін аудандық, облыстық, республикалық құрмет грамоталарымен және білім беру ісінің үздігі төс белгісімен марапатталған. Ұстаздардың ұстазы бола білген Еділханов Бекқожа атаның жолын қуған ұрпағы, ізбасары.

3) Өтебергенова Мөлдір апай: 35 жылдай ұстаздық қызметте болған, бастауыш сынып мұғалімі. Білім беру саласындағы ұзақ жылғы жемісті еңбегі мен жас ұрпақты оқыту, тәрбиелеудегі жетістіктері үшін аудандық, облыстық құрмет грамоталарымен марапатталған.

4) Қаниева Үміт апай: 30 жылдай мұғалімдік өтілі бар; жоғарғы санатты бастауыш сынып мұғалімі. Республикалық; облыстық; аудандық алғыс хаттар мен диплом иегері.

 

Жүргізуші Эльбира : Ұстаз ! Қандай қасиетті сөз ! Әр адамның жүрегіне ерекше жылулық нұрын себетін аяулы тұлға бейнесімен өзектес ұғым.

Ұстаз ұлағатты есім ! Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып; тәләм-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып; адамгершілік рухта бағыт бағдар беруде еңбегі зор.

Олай болса құрметті ұстаздар төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймыз! Сіздердің шәкірттерді тәрбиелеп, білім беру жолындағы еңбектеріңіздің зейнетін көріңіздер! Зейнет жолында мол табыс,отбасларыңызға бақыт, мерейлеріңіз үстем болсын демекпіз.

 

Ән : « Ұстазым » орындайтын хор . сынып ұжымы

 

2 оқушы Атажан : «Мектеп білім тірегі, ұстаз оның жүрегі» - деп ғұламалар айтқандай, кез-келген адам ұстаз бола алады. Себебі, ұстаздық – өнер, тағылымы терең өнер. Өнерлі болу кез-келген адамға қона бермейді. Олай болса, шын ұстаз болу үшін табиғи дарын, ізгілікті ізденіс пен ерен еңбекке ұштастырылуы шарт.

 

Жүргізуші: Келесі сөз кезегін бүгінгі кеш қонақтары ардагер ұстаздарымызға берейік. Өз өмір жолдары; ұстаз болуының қыры мен сыры туралы айтып берсе.

 

Сұрақ – жауап.

 

Жүргізуші : Көп рахмет !

Ұстаз жолы қиынырақбасқадан,

Сырлары мол әлі сыртқа шашпаған.

Шаршаса да, осы жолдың бойында

Қандай жақсы шын бақытын тапса адам.

 

3 оқушы Шұғыла :

Ұстаздар, ұлағатты зиялылар,

Сендерде ғалымдардың қиялы бар.

Бүгінгі кеш сіздер үшін арналады.

Шәкірттердің сәлемін қабыл алыңыздар

 

Жүргізуші : Ұлы ғұлама, ғалым, ұстаз Әбу-Насыр Әл-Фараби сөзінде:

«Ұстаз ......... жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын жақындарына да, жат адамдарына да әділ, жұрттың бәріне жақсылық пен ізгілік көрсетіп, қорқынышпен жасқану дегенді білмеітін батыл, ержүрек болуы керек.

 

Ұстаздарға сұрақ – жауап

Жүргізуші : Бүгінгші кешімізге 5 сынып оқушылары « Мұғалім» сөзіндегі әр әріпке шешуін жазып, ұстаздарға арнап өлеңдер әкелген екен. Тыңдайық :

М  - мейірімді

Ұ – ұлағатты

Ғ – ғазиз

А – ақылды

Л – лайықты

І – іскер

М – маман.

 

4 оқушы Айназ :

Анамдайсыз менің асыл ұстазым,

Өтті бізбен көктем, күз, қыс, жазың

Жылдар бойы тәрбиелеп, аялап

Болашаққа бір жол сілтеп нұсқадың

Кем көрмеймін сізді асыл анамнан

Сізге ұқсап қудық бізде сан арман

Сіздец адам Үміт апай дүниеде көп болса,

Балалардаң бақыты үшін жаралған

 

5 оқушы :

Ұстаздың оттай ыстық алақаны

Болған соң ойлайтыны бала қамы

Шәкіртінен ұстазыма мың сан алғыс

Өйткені ол ұстазымның ақ арманы.

 

6 оқушы :

Ұлы өмірге жетелеп,

Ашқан білім есігін

Құрметтейік мәпелеп,

Ұстаздардың есімін

Оңай, Мөлдір, Сәнтөре апайлар !

 

7 оқушы

Біздер әлі өтелмеген парызбыз,

Сары далада сайрап жатқан сары ізбіз

Аттары да аталмаған ұстаздар !

Алдарыңда мәңгілікке қарызбыз

 

8 оқушы

Ұстаз сөзін айтып жүрдік ән қылып

Одан басқа жүрген кім бар жанды ұғып,

Ұстаз деген ұлылардың ұлысы

Қасиетіне бас иелік мәңгілік !

 

Жүргізуші : Ұстаз – ол дос, ол шәкірттеріне тек жақсылық ойлап, қиындықты қымсынбай көмек көрсетеді, жанын салып жақсылық жасайды.

Ұстаз – ол жолдас, ол әрқашан да шәкірттерімен бірге, көпшілікпен араласып жүреді, қатар құрбысындай қатарлас өмір сүреді.

Ұстаз – ол әке , шәкірттеріне алаламай қамқорлық жасайды.

Ұстаз – ол ана, шәкіртін туған анасындай баурап, өмір өрнектерін, қиындықтар мен қызықтарын сезіндіріп, баулудан жалықпайды. Айта берсек ұстазға тіл жетпеген.

 

Ән : «АНА» орындайтын: Даражат Айназ

 

9 оқушы

Бүгінгі күн ұстаздар – ұлағаттым !

Дендеріңнің саулығы мықты болсын!

Білімімен суарған шәкірттерін,

Төл мерекең ұстаздар құтты болсын !

 

10 оқушы

 

Ел тыныш жүріп жатсыз ортамызда

Құрметпен қол жаямыз батаңызға

«Шүкір» дейді ақ шашты ардагерлер

Айналар өмірі үлгі, аты аңызға !

 

Жүргізуші : Ұстаз – ұлағатты есім !

Шәкіртеріңізді білім нәрімен сусындатып, тәлім – тәрбие, жақсы қасиеттерді бойларына дарытып, адамгершілік рухта бағыт- бағдар беруде еңбектеріңіз зор. Олай болса, құрметті ардагер – ұстаздар ! дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға бақыт, мерейлеріңіз үстем болып, ұзақ ғұмыр кешіңіздер демекпіз!

 

Қорытынды  Мұғалім сынып жетекшілері: құрметті қонақтар, ардақты ұстаздар мен оқушылар! « Ұстазым – ұлағаттым» атты тәрбие сағатымыз өз мәресіне жетті. « Жапырағын жайған бәйтерек, тереңге тартқан тамырын»  - демекші, ардагер ұстаздарымыздан бәйтерек ағашына оқушыларға арнап тілек қалдыруларыңызды сұраймыз.

 

«Батамен ел көгерер» (Ардагерлерден бата алу)

Хор: «Мектебім».


Пікірлер (2)

Алтынай

Керемет жазылған тәрбие сағаты рахмет осындай мәні бар мақала жариялағандарыңызға

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз