Өлең, жыр, ақындар

«Абай – дара, Абай – дана қазақта»

Сарсенбаева Гүлмира Дусенқызы

Тақырыбы: «Абай – дара, Абай – дана қазақта»
Мақсаты:

1. Оқушыларды Абай Құнанбаевтың өмірімен, өскен ортасымен, қарасөздерімен, өлеңдерімен, әндерімен, аудармаларымен таныстыру. 

2. Шығармаларын түсініп оқуға, танып өсуге баулу, өмірін, адамгершілік қасиеттерін үлгі ету.

3. Оқушылардың шығармашылық ойларын қалыптастыра отырып, ойлау қабілетін дамыту

Абай өлеңдерін жаттап, сөз қадірін білуге тәрбиелеу
Көрнекілік: слайд, «Абай жолы» романы кітабы, т. б. кітаптары.
Барысы:

 І. Кіріспе бөлім: Мұғалім сөзі:

Өлсе өлер табиғат, адам өлмес,
Ол бірақ қайтып келіп ойнап күлмес,
Мені мен менікінің айрылғанын
«Өлді» деп ат қойыпты өңкей білмес,
Көп адам дүниеге бой алдырған,
Бой алдырып, аяғын көп шалдырған
Өлді деуге сыя ма, айтыңдаршы,
Өлмейтұғын артында сөз қалдырған – дегендей бүгін біз артына өлмейтін сөз қалдырған Абай атамыз туралы сөз қозғаймыз.
Абай – дара, Абай – дана қазақта,
Жол салады әр өлеңі ғажапқа.
Бар жазғаны даналық боп саналған
Жалғыздардың жалғызы ол қазақта.
«Абай жиырма жылдық ақындық еңбегінің ішінде көптен көп жазғаны қоғамдық тақырыптар болды. Бір өлеңінде үйрен, ұғын, түзел деп ұстаздық етіп жетектеймін десе, басқа бір өлеңінде түзелмегенге күйініп, қиналып, ызамен сөйлеп, ұрсып, жерлеп, шенеп айтады. Тағы бір топ өлеңінде қайғырып, күңіреніп, өкініп сөйлейді. Барлық шығармаларының нәтижесінде Абай өз дәуірінің барлық болмысын айқын суреттейді. Қоғамның ілгері басуына, еркін өсуіне бөгет жасап, аяқтан алып отырған реакцияшыл бектерді сынайды, кекетеді. Қоғамды ілгері сүйрейді. Мәдениетті боп өсу жолын арман етеді. Ол үшін қоғамына оқы, үйрен, еңбек қыл, өнер тап деп үндейді. Айтылған кемшіліктердің барлығын бейбіт жолмен, үгіт арқылы жүзеге асырғысы келеді» - деп жазады М. Әуезов өз жазбаларында.

 

ІІ. Негізгі бөлім:
І. «Абайдың өмірі туралы» оқушылар сөзі.

1-оқушы:
Абай 1845 жылы жылан жылында туылып, 1904 жылы 60 жасында Семей уезінің Шыңғыс болысында дүниеден қайқан. Негізгі аты – Ибраһим болса да, «Абай» деп жас Ибраһимді анасы Ұлжан еркелетіп атаған. Содан бері бұл есіммен Абай тарихқа енді.
Абайдың бар өмірі өзі туып өскен Шыңғыс болысы, қазіргі Абай ауданы, бұрынғы Семей облысында өтті. 
2-оқушы:
Абай әке жағынан алғанда Тобықтының белгілі шонжары мен батыр биінен тарайды. Оның бабасы Тобықтының биі болған. Абайдың әкесі Құнанбай Қарқаралы округінің аға сұлтаны болған. Ал, шешесі Ұлжан Бошан руынан тарайды.
3-оқушы:
Әкесі - тілге шешен, ақылға бай, қатыгез, ал шешесі керісінше ағайын-туысқа қайырымды, мінезі жұмсақ, тілге бай адам болған.Міне, сәби шағынан-ақ Абай от пен судай екі ұдай, кереғар мінезді адамдар ортасында өмір кешті. Аяулы әжесі Зере мен анасы Ұлжанның жас бала қиялы мен санасының, мінез-құлқының қалыптасуына әсері мол болды. Ол екеуі айтқан ертегі, аңыз-әңгіме, күлдіргі, мысқыл, ел басынан өткен тарихи оқиғалар зерделі бала-Абайдың санасына біртіндеп сіңе берді. Осылайша, бала Абай өз халқының рухани ой қазынасына қанығып өсті. 
4-оқушы:
Абай 10-12 жасында мұсылманша оқып, хат таниды. Ал, 12 жасында Семейдегі Ахмет Риза медресесіне оқуға түседі. Медреседе жүргенде 14 жасында 3ай орыстың «приходская школында» орысша сабақ оқыды.
5-оқушы:
Осы 4 жылдық медреседегі және 3айлық орыс мектептеріндегі оқуы аяқталып, 15 жасында үлкендерден білімі артып, ел ішіндегі жұртты өзіне қаратып, әкесіне көп көмегін тигізеді. Ел-жұрт оны би етіп сайлайды.
6-оқушы:
20 жасында ол от тілді шешен, халық өмірі мен әдетін, билік туралы істі көп білген көсем болған. Мақал, ертегі, нақыл сөздерді тез меңгерген. Жаңа заманның ретімен Абай білімге ден қойып, Араб, парсы, түркі тілдерін үйренді.
7-оқушы:
Абай 14 жасынан өлең шығарған. Ол жастар арасында кең таралғанымен, оған онша мән бермейді. Абайдың өнерге бет бұруына себепкер орыс достары Грось пен Михаэлис болды.
8-оқушы:
Абай орыстың ақын-жазушылары – Пушкиннің, Лермонтов, Крылов, Толстой, Тургеневтің еңбектерін оқыған. Олардың шығармаларын оқи отырып, озық ойлы Абай орыс мәдениетін, өнерін, білімін үлгі еткен. Бұл да Абайдың даналығы.
9-оқушы:
Абай кестелі сұлу сөздің иесі, көркем әдебиеттің темірқазығы, өшпейтін жарық жұлдызы. Абай шығармаларын қазақ балалары кімнің алдында болса да, ұялмай мақтанышпен айта алады.
Абай – ақын.
- Ұлы ақынның туған жері – табиғаты тамаша Семей жері, Шыңғыс тауының етегі. Осы туған жердің табиғаты, туған отбасы, заманы –барлығы Абайдың сезіміне, жүрегіне әсер етіп, оның ақындығына ықпал етті.

Абайдың өмір тарихынан қысқаша үзінді (видеоролик)

Балалар биыл Абай атамыздың туылғанына неше жыл?

 III. Биыл Абай атамыздың туылғанына 170 жыл (видеоролик)
IV. Абайдың қарасөздерінен үзінділер айту:
1 - оқушы: Адам баласын замана өстіреді, кімде - кім жаман болса, замандасының бəрі виноват.
2 - оқушы: Биік мансап — биік жартас.
Ерінбей еңбектеп жылан да шығады.
Екпіндеп ұшып қыран да шығады.
3 - оқушы: Бақпен асқан патшадан,
Мимен асқан қара артық;
Сақалын сатқан кəріден
Еңбегін сатқан бала артық.
4 - оқушы: Жаман дос — көлеңке,
Басыңды күн шалса,
Қашып құтыла алмайсың;
Басыңды бұлт шалса,
Іздеп таба алмайсың.
5 - оқушы: Досы жоқпен сырлас,
Досы көппен сыйлас.
Қайғысыздан сақ бол,
Қайғылыға жақ бол
6 - оқушы: Əкесінің баласы — адамның дұшпаны.
Адамның баласы — бауырың.
7 - оқушы: Ер артық сұраса да азға разы болады.
Ез аз сұрар, артылтып берсең де разы болмас.
8 - оқушы: Бағың өскенше тілеуіңді ел де тілейді, өзің де тілейсің, бағың өскен соң — өзің ғана тілейсің.
9 - оқушы: Күллі адам баласын қор қылатын үш нəрсе бар. Сонан қашпақ керек: Əуелі — надандық, екінші — еріншектік, үшінші — залымдық деп білесің.
10 - оқушы: Надандық — білім - ғылымның жоқтығы, дүниеден еш нəрсені оларсыз біліп болмайды.
11 - оқушы: Білімсіздік хайуандық болады.
12 - оқушы: Еріншектік — күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік — бəрі осыдан шығады.
13 - оқушы: Залымдық — адам баласының дұшпаны. Адам баласына дұшпан болса, адамнан бөлінеді, бір жыртқыш хайуан хисабына қосылады.

Жақсы балалар, Абай атамыздың неше қара сөзі бар? Ендеше сол бір қара сөздерінің бірінен төртінші қара сөзіне назар салайық.
Видеоролик: Абайдың төртінші қара сөзі

V. видеоролик: Абайдың ата - бабасы, балалары.
Құлақтан кіріп бойды алар
Жақсы әнмен тәтті күй
Көңілге түрлі ой салар
Әнді сүйсең ,менше сүй ,-деп Абай атамыз айтқандай «Желсіз түнде жарық ай»  әнін айту(хормен)

 Жас шағында Абай тәрбиені жұмсақ мінезді, мейірімді шешесі Ұлжан мен кәрі әжесі   Зереден алады. Ол жас кезінен өлең-жыр, әңгімеге әуес болып, әжесі мен анасы айтқан
ертегі-аңыздарды құмартып тыңдап өседі.
-Абайдың балалық шағына көз жүгіртейік.
    Абай атқа мініп жүруге жарағанымен, үйден көп шықпайды. Өзге баладан гөрі басқа
бір ермек, бір бөлек бір дос тапты.Онысы әсіресе әжесі,одан қала берсе, шешесі.
Абай ауыра бастағанда бір күні кешке ұйықтай алмай жатып, әжесінен әңгіме айтуды сұраған еді.
Ойланып отырған әжесі:
-Е,е бұлдыр-бұлдыр күн өткен бұрынғыда кім өткен......(Әжесі мен Абай сөйлесіп отырады)
     Абай соны ұғып , келесі жолы әңгіме сұрағанда әжесінің тізесінен ақырын қағып,:
-Е,е .... бұлдыр-бұлдыр күн өткен, бұрынғыдан кім өткен?-деп әңгіме тыңдағысы келгенін білдіруші еді. 

   Шеше әңгімелерін бар пейілін беріп жүргенде күндердің күнінде бұл үйге екі бөгде қонақ
кеп қонды. Бірі - қартаң, бірі жас қонақ.
Қонақтармен жай сұрасып,амандасып болған соң,Ұлжан Абайға жымиып:
Ұлжан: -Ал,балам,әжеңмен екеуімізді қажи беруші едің, жырдың дүкені,міне,жаңа келді.
Мына кісі- Барлас деген ақын.
Барлас: -Е ,балам, шешенің судай төгілген,тыңдаушың бордай егілген»,-дегендей сөйлеуді де,
тыңдауды да сүйген ел -елдағы.Тыңдауға өзің жалықпасаң, айтуға Байкөкше де жалықпас,-деп
жолдасына қарайды.
    Осы түнде ас піскенге дейін Барлас «Қобыланды » жырын жырлады.
Ертеңінде Ұлжан Барлас пен Байкөкшені жібермеді.
Ұлжан: -Жүрмеңдер,асықпай,әлі біраз күн қонақ боп жатып кетіңдер,-деді.Бұл-Абайдың тілегі еді.
   Абай күндіз де,түнде де Барластардың қасынан шықпайды. Барлас пен Байкөкше бір айдай Абай үйінде болады.
    Ұғымтал,зеректігіне қатты риза боп, Барлас оңашада Абайға:
Барлас: -Шырағым ер жетерсің,
Ер жетсең,сірә,не етерсің?!
Алысқа шырқап кетерсің,
Шындасаң шыңға жетерсің,-деп домбырасын ұсынады.
Ұлжан: Тағы да келе жүріңдер.Анау кәрі әжесі мен бізді де көп сейілттіңдер! Жолдарың болсын! Келген сапарларың тыста бір азырақ ырым байлаттым. Ала кетіңдер.Риза,қош боп аттаныңдар!
(Абай тысқа шығып,Барластарды аттандырды) Абай риза боп қуанып кеп,анасын қысып,белінен,мұрнынан сүйді.
    Қуанышты көңілмен, Барлас пен Байкөкшенің өнеріне сүйсініп Абай қатты қуанып, ұйқыға кетеді.
(Қалғып кеткен Абай түс көреді)
   Абай өзінің алғыр, дарындылығының арқасында,кітапты көп оқып өз бетінше көп ізденеді. Соның нәтижесінде шығыстың классик ақындары Низами,Сағди, Хафиз,Науаи,Физули шығармаларын қызыға оқиды. Басқа да әдеби мұралармен,қисса, дастан, ертегілермен осы кезде танысады.
  Зерек Абай медресе бағдарламасындағы діни біліммен ғана шектеліп қалмай, араб,парсы,түрік тілдерін игеру нәтижесінде шығыс классиктерінің шығармаларын оқып үйренеді.
    Әке үміті мен тәрбиесі босқа кетпей,ел билеу ісіне ерте іліккен Абай 12 жыл болыс, 6 жыл би болып қызмет атқарады.Ал, Абайдың поэзиясына көркемдік әлеміне үңілген сайын, адам жаны тебіреніп,сезім көкжиегі кеңейіп,бар болмысы сөзбен айтып жеткізе алмайтындай ләззат алады.
   Ақынның қай өлеңін алсақ та, астарлы ойы мен идеясынан адамгершілікке тән қасиеттерді бойына дарыта алмаған ,адами рухты сіңіріп өсу керек деген ойды білеміз.Осыған орай, Абайдың алғашқы өлеңдерінің бірі

«Ғылым таппай мақтанба» өлеңіне кезек берсек.  

  1. Бекжан «Ғылым таппай мақтанба»
  2.  Т.Райымебек  «Жаз» .
  3. Дайана « Күз»
  4. Гүлзат « Қыс» 
  5. Ақбота:  «Жазғытұры»

VI. Қорытынды бөлім: слайд арқылы
Абай – ақын, ағартушы, қазақ әдебиетінің, қазақ тілінің негізін қалаушы, философ, композитор, күйші, аудармашы, саяси қайраткер, қазақ мәдениетін жаңартуды көздеген реформатор.
Барша қазақ баласы Абайды тануға,білуге,Абаймен мақтануға тиіс. Ұлы ақын өз халқын өркендеген,өскен,еркін халық ретінде көруді арман еткен. Сол Абай аңсаған арманына жетіп отырмыз.
Олай болса, жүрегі қазақ деп соққан қазақ жұрты Абайдың өлеңдерін бойтұмарындай сақтап жүруі тиіс.Артына өлмейтін мұра қалдырған ұлы Абай данышпанымыздың «Абай – дара, Абай – дана қазақта» атты тәрбие сағатымыз осымен аяқталды. Көңіл қойып,тыңдағандарыңыз үшін көп рахмет!


Пікірлер (3)

Лаура

Іздегенімді таптым!

Саидов Жорабай

Маған бұл тəрбие сағат қатты ұнады.Абай əлеміне бір саяхат жасадым.Bilim all сіздерге сəттілік

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз