Өлеңдер Бөлімі

Тәуелсіздік - қазақтың сан ғасырлық арманы

Тақырыбы: "Тәуелсіздік -қазақтың сан ғасырлық арманы" тәрбие сағаты

Мақсаты:
білімділік –
еліміздің Тәуелсіздігі үшін күрескен және сол мақсаттарға жету барысында өздерінің елі, халқы үшін, жері үшін құрбан болған батырлардың ерлігі, оқушыларды елін, туған жерін халқын сүюге, патриоттыққа тәрбиелеу.
дамытушылық - оқушының тіл байлығын дамыту, есте сақтау қабілетін шыңдау, мәнерлеп оқуға баулу, ой – өрісін кеңейту;
тәрбиелік – Отан Ананы, Елді, Табиғатты, Жерді құрметтеуге, Тәуелсіздікті бағалай білуге, ұлтжанды, елжанды болуға тәрбиелеу.
Көрнекілік: желтоқсан қаһармандарының суреттері, тақырып жазылған плакат т. б.
1-жүргізуші /Айгүл/: Құрметті қонақтар, ұстаздар, оқушылар! Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған “ Тәуелсіздік – қазақтың сан ғасырлық арманы “ атты көрнекі тәрбие сағатымызды ашық деп жариялаймыз.

     Қайран, қазақ елі... Жас ұрпаққа айта алмаған, жеткізе алмаған, жан дүниеңді дір еткізетін сырға, мұңға толы тарихи парақтары қаншама әлі. Оған куә мына жатқан кең сары дала, заңғар таулар, өзен-көлдер, құм-шөлдер, тарихи ескерткіштер: мазарлар, қираған ежелгі қалалардың орны. Ғасырлар бойы ата-бабамыздың қаны тамған топырақ иісі мүңкіп тұр.

«Өткен өмір» /ел тарихына шолу/

2-жүргізуші /Айым/: Қазақ халқы бұл дүниеде не көрмеді? Сонау “ Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама “ заманынан бастап, қойша қырылған " Репрессия " жылдарына дейінгі аралықта халқымыздың осынау кең жаһан далада өмір сүруі, не жойылып кету қауіпі тұрған еді.

1-жүргізуші /Айгүл/: Халқымыздың тарихындағы аса бір қиын кезең жоңғар қонтайшыларының басқыншылық әрекеті еді. 15 ғасыр Жоңғар қалмақтары тұтқиылдан шабуыл жасап, қалың жұртты қан жылатты.  Дүрліккен ел шұбыра көшіп «АҚТАБАН ШҰБЫРЫНДЫ» болды. Қазақтардың руларға, жүздерге ыдырап бөлінуі кезеңін пайдаланып және жеріміздің байлығына қызыққан азулы жау бейбіт өмір сүріп отырған халықты қырғынға ұшыратты. 1729 ж Қазақ халқының жоңғарларға азаттық күресі барысындағы өте елеулі оқиға – Аңырақай шайқасы. Бұл шайқас көктемде Балқаш көлінің оңтүстік-батыс жағалауындағы Алакөл деген жерде болды. Оған қазақтың үш жүзінің жасақтары қатысты.

2-жүргізуші /Айым/:  Қаншама азапқа түсіп, қуғын – сүргінге ұшыраса да, қазақтың үш жүзі қайта бірігіп, жоңғарларға күйрете соққы берді. 18-19 ғасырларда халқымыз еркіндік пен тәуелсіздігінен айырылды. Көмек күткен Ресей империясының меншігіне айналды. Бұдан кейін патшалық Ресейдің еліміздегі шырайлы егістік жерлерді күштеп басып алуға арналған отарлау саясатына қарсы күрескен халқымыздың қаһарман ұлдары: Сырым мен Кенесарының, Исатай мен Махамбеттің, Сыпатай батырлардың есімдерін мақтан етуіміз керек.

1-жүргізуші /Айгүл/:

1836 жыл.Бөкей хандығында аса ірі халық – азаттық көтерілістердің бірі болып өтті. Ол көтерілістің басты себебі жердің жетіспеушілігі еді. Халық көтерілісін елге белгілі батырлар И.Тайманұлы мен М.Өтемісұлы басқарып, 200-ден артық сарбаздармен жасақталды.

1837-1847жж. Кенесары Қасымұлы бастаған ірі ұлт – азаттық көтеріліс. Оған үш жүздің қазақтары түгел қатысты. Кенесары тарих сахнасына өзінің ұлы бабасы Абылай ханның ісін жалғастырып, басқарушы ретінде 20 мың сарбаздан тұратын жасақ құрды.

2 – жүргізуші /Айым/:

      Патшаны тақтан құлатып, бірімен – бірін қырылыстырып, аяғында жаңа қоғам орнатқан Қызыл Империяның зобалаңы қазақ халқына да тиді. Болашақтан үміт күтіп, сенген қарапайым халық кеңес үкіметінің отаршылдық құрсауына шырмалып, жазықсыз жапа шегіп, адал ұл – қыздарынан айырылды.

1-жүргізуші /Айгүл/:

20 ғасырдың 1916 жылы маусым жарлығына жігіт жібермейміз деп қарсылық көрсеткендер оққа ұшты. Ұлт – азаттық көтеріліс кезінде 3 мың қазақ құрбан болды.Бұл қозғалыстың ең ірі оқиғаларының бірі Торғай облысында болды. Көтерілісшілер жасағын құрған сарбаз-Амангелді Иманов. Егер қазақтың мал – мүліктерін конфискелеп талан – таражыға салмағанда 2 миллонға жуық бауырларымыз аштан қырылмас еді, туған жерін тастап, жер бетіне тарыдай шашырамас еді. 1917 жылдан кейін де қолымыз бостандыққа жетпеді, Мыңдаған жандар қуғынға ұшырап, ата – жұртын тастап кетуге мәжбүр болды.

2-жүргізуші /Айым/:

1931-1933ж Жаппай ашаршылық «ұлы жұт» атанды. «Асыра сілтеу болмасын – аша тұяқ қалмасын!» (Ф. И. Голощекин) саясаты, өркениетті қоғам құру шаралары бүкіл елді тығырыққа тіреді. Аштықтан, түрлі індеттерден халықтың 40 пайызы қырылды. Ашаршылықтан 6,5 млн халықтың 2,1 млн опат болды.  1 млн 578 мың халық Атамекенін тастап кетуге мәжбүр болды, 40 жылдай уақыт өткеннен кейін ғана бәрі қалпына келді.

1-жүргізуші /Айгүл/:

Кім жіберді аштық деген пәлені?

Кім жауапты? Білгім келер соны мен.

Түйе мініп, атпен шапқан жан еді,

Малын айдап, көшіп жүрген жөнімен.

Түгін  қоймай сыпырды ғой қастықпен,

Болады екен осындайда сұм айла.

Бүкіл жұртты қырып- жою аштықпен,

Керек пе еді Аллаға, әлде құдайға?

Аштық жайын еске алудың өзі мұң,

Шаншу сұрақ мазалайды неліктен

Бұл қорлыққа жетер қайтіп төзімің,

Жер бетінде жүре алмайсың өліктен.

2- жүргізуші /Айым/:

1937-1938 жылдардағы сталинизм репрессиясын ойласаң жаның түршігеді, халықтың қамын ойлаған зиялы азаматтарымыз бір түнде репрессия құрбандарына айналғандар қаншама? Лаңкестік жаппай сипат алды. Бұл жылдарда кеңес үкіметін орнату мен нығайтуға қатысқан көрнекті қайраткерлер жазаға тартылды. Олар: С.Сейфуллин, Б.Майлин, А.Байтұрсынов.101 мың қазақтар «ГУЛАГ» азабынан өтті,  27 мыңнан астамы атылды.

1-жүргізуші /Айгүл/:

Ойсыраған  орның  толмаса да,

Күтті сені қанша жыл-Ел босаға.

Амал нешік?!

Дәстүрден тайды  халқым,

Аққуларды атуға болмаса да!

Әлде кімге білгенің жақпады ма?

Әлде кімге ұлы ұғым жақпады ма?

Отызға жасы жеткен ағаларды,

Ақ-қарасын айырмай атқаны ма?

2-жүргізуші /Айым/:

Қанатымды самғатып  қақтырмады,

Жан отымды лаулатып  жақтырмады.

Керек болған халқыма арыстарды,

Көзден  қайып қылды да таптырмады!

Жұт кетпейді айналып аймағынан ,

Көңілге дақ орынды  ойға күмән.

Сүттей таза халқымды іркіт қылып,

Алдымен айырды  қаймағынан.

1-жүргізуші /Айгүл/:

1941-1945 ж Сталиндік репресия мен Голощекиндік  геноцид  құрбандықтарына  ұшыраған  халқымыздың  ұл-қыздары Ұлы Отан соғысы жылдары  неміс фашист  басқыншылықтарына қарсы  Ресеймен бірге  соғысуға мәжбүр болды. Олар:  Бауыржан Момышұлы, Талғат Бигельдинов, Мәншүк Мәметова,  Әлия Молдағұлова, Төлеген Тоқтаров, Рақымжан Қошқарбаев, Қасым Қайсенов сынды азаматтарымыз  жан аямай  шайқасты.

2-жүргізуші /Айым/:

Соғыс-қиратушы күш. Барды жоқ ететін  қасірет  соғыста 70млн. адам құрбан болса, Кеңес одағынан  27 млн. Соның ішінде 350 мыңнан  астамы қазақ еді.  1954-1955 жылдары Хрущевтың бастауымен соғыстан  кейінгі жылдар халқымыздың  басына төнген қасірет тың  және тыңайған  жерлерді игеру  саясаты болды. Кең байтақ даламыздың  жерін аяусыз жыртуға  келген  келімсектердің  әсерінен  мал жайылымдары жойылды,  жер-су  аттары өзгертілді, ұлттық білім, тәрбие мекемелер қысқартылды. Бұл - тың игеру отарлау саясатымен бірге Қазақстанды жаппай “орыстандыру” саясатының басты мақсаты еді, ешқандай да ұлтпен санаспаған тоталитарлық жүйені қалыптастырды.

 1-жүргізуші /Айгүл/:

Әке тұрып сөйлеп кетті баламыз,

Ағайыннан алыс кетті арамыз.

Үш миллион аштан өлген бабамыз,

Қалғанымыз қайда кетіп барамыз.

Шұбарала болып кеткен тілдерің,

Айтатұғын келді бүгін күндерің,

Тілің кетсе, күнің қоса кетерін,

Қайран елім, қалай ғана білмедің.

2 – жүргізуші /Айым/:

Халқымыздың қонақжай, қарапайымдылығын білген  «келімсектер» Мәскеудің күшімен халқымыздың тағдырын шешуді өз қолдарына алды. Нәтижесінде, Қазақстан уланған экологиялық апат аймағына айналды, шаңырағымыздың төбесінде атом қаруы ашық сыналды, қасиетті Арал теңізі құмға айналды.

1-жүргізуші /Айгүл/:

Мәз болмайық арқамыздан қаққанға,

Мәз болмайық жұлдыз әкеп таққанға.

Кімге керек жал мен жая жегенің,

Бауырларың қыл тамақ боп жатқанда.

Бауырларым, жанымыз бір кемеде,

Уық сынып, қирап жатты кереге.

Өз дауысын көтермесе өз елім,

Өзгелерге Абай, Семей немене!

2-жүргізуші /Айым/:

Оқымаған биікте тұр бабамыз,

Оқыдық қой неге таяз санамыз.

Асқынды ғой, асқынды ғой жарамыз,

Ей, бауырлар қайда кетіп барамыз?

Айтатұғын атты бүгін ақ таңдар,

Бәрін біреу береді деп жатпаңдар.

Бір қазақты үшке бөліп бөлінбей

Қайран елім, бірлігіңді сақтаңдар!

1-жүргізуші /Айгүл/: Дүниені дүр сілкіндірген 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының қанды ызғары бүкіл одақ көлемін шарпып, Грузия, Прибалтика және Ресейдегі оқиғалардың тұтануына тарихи әсерін тигізді. Қызыл империяның ошағы болған КСРО –ның ыдырауына әкеп соқты.

2-жүргізуші /Айым/: 1986 жылдың 16 желтоқсанында Республика орталық комитетінің 5-ші пленумы болды. Небәрі 18 минутқа созылған осы пленумда республиканы ширек ғасыр бойы басқарып келген Дінмұхамет Ахмет ұлы Қонаевтың орнына Геннадий Васильевич Колбин сайланды.

1-жүргізуші /Айгүл/:

Дауылға желтоқсанның желі айналды,

Ашуға мінді Алатау кәрі айбарлы.

Күтпеген іс ақыры не болды деп,

Күллі әлем Алматыға қарай қалды.

Кез емес жаугершілік «Аттан!» атты,

Алаңның шеруі емес салтанатты.

Қытымыр қыстың басы сол бір айда,

Желтоқсан желі әлемді жай қаратты.

 «Желтоқсан желі» клипін тамашалаңыздар.

2-жүргізуші /Айым/: Әділдік үшін күрескен жастардың қаншасы жауапқа тартылды? Желтоқсан оқиғасында ерен ерлігімен көзге түскендер болды. Бұл оқиғаға байланысты 103 адам жауапқа тартылды. 99 - ы сотталды. Алматы қаласы бойынша 2401 адам қамауға алынып оқудан 309 студент шығарылған, 99 - ның ішінде 2 адам өлім жазасына кесілген. Олар: Қайрат Рысқұлбеков, Мырзағали Әбдіқұлов. Желтоқсан оқиғасында ерен ерлігімен көзге түскендер өте көп, солардың бірі – Қайрат. Ол қыршын жасын қиды. Оған үлкен айып тағылды.
1- жүргізуші /Айгүл/:

Ерлігіңе қуанам да, сүйінем,
Қайрат аға рухыңа мен иілем.
Бәйшешектің солғанына ах ұрсам,
Әділ жанның қазасына күйінем.
2 – жүргізуші /Айым/: Алматы сәулет құрылыс институтының студенті Қайрат қазақ елінің 21 - ші басшысы зобалаңына ұшырып, 21 жасқа келгенде, түрменің 21 - ші камерасында, 21 - ші мамыр күні қапаста дүниеден өтті.
1 – жүргізуші /Айгүл/: Қазір сіздердің назарларыңызға желтоқсан оқиғасында әділдік үшін күрескендердің бірі – Қайрат жайындағы көріністен үзінді тамашалаңыздар.
Түрменің ішкі көрінісі. /Қайрат өлең жазып отыр/

 Әкетай-ау пайғамбардай жасың бар,

Туа бермес сіз секілді асылдар.

Қартайғанда жүрегіңді жаралап,

Кесір болды-ау біз секілді масылдар.

Айналайын, қарындасым, қарағым,

Қолда кісен, мен айдауға барамын.

Қайғы шегіп азап тартқан ағаңды,

Айтшы жаным, қандай жанға баладың?

Айналайын, інішегім,құлыным,

Сені ойласам үзіледі жұлыным.

Сенің ерке ақ жүзіңді көре алмай,

Кетіп барам мен айдауға , құлыным.

Қайнама қазақ қамы үшін,
Қарусыз шықтық алаңға.
Алыстан әскер алдырып,
Қырып салды - ау табанда.
Сөйлесем даусым жетпейді,
Кез болдық мынау заманға.
Шовинизм еді ғой,
Басты себеп жанжалға.

Тергеуші .Иә, Рысқұлбеков, тағы да хат жазып отырсың ба?(хатты жұлып алады)

-Рысқұлбеков , ақтық сөзіңді айт!

-Савицкийді өлтірдің бе?

-Жоқ, өлтіргем жоқ.

-Мойында, мойындасаң  жаза жеңілдейді.

-Жоқ.Мен өлтіргем жоқ!Мен ешкімді де өлтіргем жоқ.

Мойында дедім ғой, сен өлтірдің.

Жоқ, жоқ, мен ешкімді өлтіргем жоқ!

-Алып кетіңдер.-Тергеуші кетіп қалады.

/Қайраттың ақтық сөзі/

Осы кезде екі жендет Қайратты сот залына әкеледі.
Хатшы: Сот келеді, тұрыңдар! Отырыңдар!
/Сот үкімді оқиды/ Сот: - Алдындағы сот нәтижесі бойынша: Қазақ КСР Жоғары сотының сот мәжілісі залындағы ашық сот отырысында 1987 жылдың 25 мамырына дейін Қайрат Ноғайбайұлы Рысқұлбековтың айыптау ісін қарай келіп, жоғарыда айтылған оқиғалардың негізінде Қазақ КСР қылмыстық істер жүргізу кодексінің 287, 299 және 301 баптарына сәйкес сот алқасы Үкім етеді. Қайрат Ноғайбайұлы Рысқұлбеков кінәлі деп табылып мынандай қылмыстық жазаға тартылсын. Қазақ КСР Қылмыстық Кодексінің 60 - бабы бойынша 3 жылға бас бостандығынан, 65 - бабы бойынша 15 жылға бас бостандығынан айыруға, Қазақ КСР қылмыстық кодексінің 171 - 1 бабы бойынша ең жоғары өлім жазасына, атуға кесілсін.
Апасы: - Жоқ, бұл үкім дұрыс емес. Менің балам ақ, ол қылмыскер емес.
Хатшы: - Тынышталыңдар. Орындарыңызға отырыңыздар.
Сот: Қайрат Рысқұлбеков ақтық сөзің бар ма?
Қайрат: Бар. (”Ақтық сөз” өлеңін оқиды.)
”Ақтық сөзің не?” – деген,
Бүгін қойды сот сұрақ.
Айтамын оны халқыма,
Жоқ пиғыл менде жасымақ.
Күнәдан таза басым бар,
Жиырма бірде жасым бар.
Қасқалдақтай қаным бар,
Бозторғайдай жаным бар,
Алам десең, алыңдар!
Қайрат деген атым бар,
Қазақ деген затым бар.
”Еркек тоқты - құрбандық”,
Атам десең атыңдар!
Хош аман бол артымда,
Ағайын, туған - азамат.
Артымда қалған ата - анам,
Ел - жұртым саған аманат!
Сот: - Бүгінгі сот жабық.
Екі жендет Қайратты залдан жетеледі. Осы кезде апасы баласының соңына жүреді. Осы кезде Қайрат “Анама” деген өлеңін оқиды.
Қайрат:
Мейірімді ақ жүзіне анамның,
Көңіл жүдеп, көз жасаурап қараймын.
Кешір ана, кешірімшіл едің ғой,
Кемістігі көп - ау мына балаңның.
Кейін білдім, кеш ұғындым, өкінем,
Өкінем де, басымды иіп өтінем.
Кешір, ана, кешірімшіл едің ғой,
Қолыңнан тым ерте ұзап кетіп ем.
Анасы:
Айтылар теңеу қалған жоқ.
Қысқа ғұмыр сүрсең де,
Таң қалдырған қарағым!
Қазағыңды Қайрат деп,
Тамсандырған қарағым!
Елім, елім, елім деп,
Ар - намысын сақтаған.
Бұйырғанда өлімге
Кірпігін де қақпаған.
Батыр бабаң Бауыржан
Қолдады ма, қарағым,
Желтоқсанның шыдадың
Толғағына, қарағым.
Арман, арман, арман көп.
Мамық болсын қара жер,
Жатқан жерің жарық боп.
Бақұл бол, бақұл, әй, көкем,
Тәубе, тәубе, тәубе етем!

2-жүргізуші /Айым/:  

Кінәлі ме, ақын Қайрат, ер Қайрат?

Ауа жетпей атып шыққан алаңға,

Қылқындырған қиянатқа көнбеді ол,

Тапталғысы келмеді ол табанға.

Әсте естен шығармайды жыр мұны,

Айтады ылғи домбыраның күмбірі.

Аты аталса күрсіндірер жылатып,

Желтоқсандық күрсіндірер жылатып.

Желтоқсандық азамат пен құрбаны.

Жатыр бүгін мойынқұмның баурында

Қара өлеңнің ерте солған бір гүлі.

 1-жүргізуші /Айгүл/:

Тәуелсіздік оңайлықпен келмеді,
Бізге бұны ешкім аяп бермеді.
Тәуелсіздік – Қайрат, Ләззат, Ерболдың
Тас көшеде тас – талқан болып өлгені.
Орны ағалардың бізбен толсын,
Сәбилер ағалардың орнын қусын.
Бір минут үнсіздікпен еске алайық,
Әруағы ағалардың ырза болсын.
(бір минут үнсіздік.)

2-жүргізуші /Айым/:

Тәуелсіздік, Тәуелсіздік – жыр әнім,
Ел іргесі берік болсын – ұраным.
Тәуелсіздік - өзіңді еркін сезіну.
Салт – дәстүрім – қолдан түспес құралым.
Тәуелсіздік не деп оны түсіндік,
Тәуелсіздік – ар – ожданым кісілік.
Адамға адам жолдас, бауыр туыс бол,
Ел – жұртының алма құнын түсіріп – дей отырып ендігі кезегімізді «Тәуелсіздік жылнамасы» атты слайдты тамашалайық.

Тәуелсіздік жылнамасы /слайд/

1991 жыл. 16 желтоқсан. Бұл күн–біздің тәуелсіздігімізді дүниежүзі мойындаған күн. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы  Ата заңы қабылданды. Осы жылдың 29 тамызында Семей полигоны жабылды.

1992 жыл.2-наурыз айында Қазақстан Бірікке Ұлттар Ұйымына мүше болды. 4-Маусым айында Тәуелсіз Қазақстан ел рәміздері: Туын, Әнұранын, Елтаңбасын қабылдады. 2-қазан айында Қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубакіров ғарышқа ұшты. Қ.Р. Ішкі әскері құрылды.

1993жыл. 28-қаңтар айында Тәуелсіз Қазақстанның бірінші Конституциясы қабылданды. 15 қараша. Тәуелсіз Қазақстанның ұлттық теңгесі айналымға енді.

1994 жыл.Мемлекеттің тұңғыш ордендері мен медальдары дүниеге келді. 30 маусым ұшқыш Талғат Мұсабаев аспан көгіне көтерілді. Қазақстан ядролық қаруды таратпау жөніндегі шартқа қосылды. Жоғары кеңесі сайланды, Орталық Азия одағы құрылды.

1995 жыл.30 тамыз. Референдумда ұсынылған жаңа Ата Заң бір ауыздан қабылданды. «Абай» жылы болды.

1996 жыл.Алматыда Тәуелсіздік монументі ашылды. «Жамбыл» жылы болды.

1997 жыл.Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы және қуғын-сүргіндерді еске алу жылы. Білім заңы қабылданды. Тіл туралы заң қабылданды. 10 – желтоқсанда Ақмола қаласы Қ.Р-ның Астанасы болды.

1998 жыл. Халық бірлігі мен Ұлттық тарих жылы деп жарияланды. 6-маусым Ел астанасы Ақмола Президент жарлығымен Астана деп аталды.

1999 жыл.Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы жылы. Маусымында «Қазақстан» Ұлттық энциклопедиясы жарық көрді.

2000жыл . Мәдениетті қолдау жылы. Шежірелі Түркістанның 1500 жылдығы тойланды.

2001 жыл.Тәуелсіз Қазақстанға 10 жыл.

2002 жыл.Денсаулық жылы.

2003-2005 жылдар.Ауыл жылдары.

2006жыл.Тәуелсіздікке 15 жыл. Желтоқсанға 20 жыл. 7 қаңтарда жаңа әнұран қабылданды. 11-қаңтар ҚР-ның Президентін ұлықтау күні. 24 қаңтарында Президент әнұран, елтаңба және ту жөнінде «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» конституциялық заң күші бар Қаулы қабылдады. Қазақстандағы Ресей жылы.

2007 жыл.Қазақ тілін қолдау жылы.

2008жыл.Халық санағы болды. Астанаға 10 жыл.

2009 жыл.Қазақстанның Украинадағы жылы.

2010 жыл.Астана қаласында Еуропа Қауіпсіздігі мен Ынтымақтастық ұйымының саммиті.

2011 жыл.7 қысқы Азияда олимпиадасы Астана мен Алматы қалаларында болып өтті. 3 сәуір кезектен тыс Президенттік сайлау. Халық қалауы Елбасы Н.Ә.Назарбаев болды.

 «Отаншыл сезім» /оқушылар шығармашылығы/

Мен қазақпын, биікпін, байтақ елмін,
Қайта тудым, өмірге қайта келдім!
Мен мыңда бір тірілдім мәңгі өлмеске,
Айта бергім келеді, айта бергім!-дей келе келесі кезекті «Отаншыл сезім» оқушылар шығармашылығына береміз.
«Тәуелсіздік жылдары» /танымдылық-этнографиялық ойын/

1-бекет: «Қазақстан елордасы Астана

1. Қазақстан халқы өзінің Президентін қашан сайлады? /1.12.1991ж/

2. Астана туралы өлең шумақтар.

3. Қазақстан Республикасы өз Тәуелсіздігін қашан алды? /16.12.1991ж/

4. Астанамыз 10 жасқа қашан толды? /10.06.2008ж/

5. Астана Қазақстанның нешінші астанасы? /4/

6. Елорда ажарын асқақтатар орындар /Бәйтерек, Қазақ елі монументі, Думан т.б./

2-бекет:»Ұлттық рәміздер»

1. Елтаңбаның авторлары кімдер? /шота Уәлиханов, Жандарбек Мәлібеков/

2. Қазақстанның ұлттық ақшасы, ол қашан айналымға енді? /15.12.1993ж/

3. Еліміздің рәміздері қабылданған күн? /4.06.1992ж/

4. Ұлттық рәміздер туралы өлең оқы.

5. Қазақстан Туының авторы кім? /Шәкен Ниязбеков/

6. Қазақстанның Ата Заңы қабылданған күн. /30.08.1995ж/

3-бекет: «Қазақстан қалалары»

1. Жайықтың жағасында орналасқан қала /Орал/

2. Қазақстан Республикасында 14 облыс, 90 – ға жуық қала, 150 ден астам аудан бар. Облыс орталықтарын атап шық. /Оңт.Қаз-Шымкент, Солт.Қаз-Петропавл, Бат.Қаз-Орал, Шығыс Қаз-Өскемен/

3. Желтоқсан оқиғасы болған қала /Алматы/

4. Қазақстанның алғашқы астанасы /Орынбор/

5. Алтын адам табылған жер? /Есік қаласы/

6. Әріптердің орнын ауыстырып, жасырылған сөзді тап:

 МАТЫАЛ, ОЛРА, АНАТСА, ҚАУТА /Алматы, Орал, Астана, Ақтау/

4-бекет: «Қазақстан табиғаты»

  1. Қазақстанның ең үлкен өзені? /Ертіс/
  2. Сирек кездесетін, құрып кету қаупіндегі жануарлар мен өсімдіктерді қайдан табуға болады? /қызыл кітап/
  3. Қазақстанның ең биік нүктесі? /Хан тәңірі/

4. Қазақстанда неше қорық бар? /9+1/

5. Дүниежүзіндегі ең үлкен көл? /Каспий/

6. Қазақтар қандай дала өсімдігін Отанның рәмізі деп есептейді? /Жусан/

5-бекет: «Ауылым-алтын бесігім»

  1. Ақтай – сай ауылы шектесетін мекенді ата. /Төбеқұдық, Қоскөл, Алакөл т.б/
  2. Ақтай – сай ауылының ақынындарын ата. /Құспан ата/
  3. Ақтай сай ауылы қай районға жатады? /Қаратөбе/
  4. Ақтай сай ауылының қазба байлықтары. /тұзобадағы - тұз, шыңғыстағы-мұнай, бореткел-бор, құрсай-әк тас т.б./
  5. «Құныскерейдің үңгірі» деп аталатын орын қай маңда орналасқан? /құрсай жақ/
  6. Ақтай-сай ауылына қай облыстың ауылы шектеседі? /Жетікөл ауылы Ақтөбе облысы/

Желтоқсан жас арудың жанарында,
Желтоқсан қанды ғасыр табанында.
Желтоқсан жаңа ғұмыр бастаған да,
Бүгінгі жас буынның санасында.
Отаным Қазақстан – алтын бесік,
Мінекей ұлы жолға түсті келіп.
Ағайын, бар тілерім бір Алладан:
Тұғырым мықты болсын Тәуелсіздік.

«Егемен елім» хор

 2-жүргізуші /Айым/:

Көгілдір аспанымыз ашық болсын!
Күніміз жарқыраған жарқын болсын!
 1-жүргізуші /Айгүл/:

Төзілген мейірім мен шапағатқа,
Төрімде тәуелсіздік құтты болсын!
 2-жүргізуші /Айым/:

 Тәуелсіздік жырын жырлап ғарыштан,
Қазағыммен бүкіл әлем танысқан.
 1-жүргізуші /Айгүл/:

 Келешегі кең өрісті, кемелді,
Жайна мәңгі тәуелсіз ел – Қазақстан!
 2-жүргізуші /Айым/:

Мәңгілік азат елдің Сен белгісі,
Мемлекет мерейінің сенген күші.
«Жасасын, еркін Қазақ!»- деп шаттанар,
Шалқалап сол биіктен көрген кісі.
 1-жүргізуші /Айгүл/:

Шарықта, шарла көкті көк Байрағым,
Арманым, Азаттығым, көпке айғағым.
Мен сенің салтанатты сағатыңа,
Өлеңмен алтын шашақ шоқ байладым.
 2-жүргізуші /Айым/:

Ал самға әлем кезіп, Әнұраным,
Қалықта Елтаңбасы - шаңырағым.

Жолдарың ашық, жарқын болсын,

Тәуелсіз елдің ұрпақтары.

Еліміз әрқашанда тыныш болсын - дей келе бүгінгі ашық 16 желтоқсан Тәуелсіз Қазақстанға 23 жыл жылдығына орай өткізген тәрбие сағатымызды жабық деп жариялаймыз.


Қарап көріңіз

Пікірлер (2)

Аяжан

Ұнады!

Алия

өте жақсы екен!

Пікір қалдырыңыз

×