Апыр-ай – Қадыр Мырза Әли

Бұл бетте «Апыр-ай» атты Қадыр Мырза Әли жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 30.04.2019
  • 0
  • 0
  • 3022
Апыр-ай!
Ішің қалай жылынбайды!
Себепсіз көңіл гүлі жұлынбайды.
Көргенде
Бізбен қоса,
Көзбен қоса
Көңілшек көз әйнектер жымыңдайды.
Мен талай барып көрдім,
Жазып көрдім.
Жүректің бар асылын қазып бердім.
Қуанып алдан шыққан жолаушыға
Фарлары жымыңдайды газиктердің.
Жетектеп немересін кәрі әжесі
Қыдыру —
Әр ауылдың ережесі.
Әр үйдің иесі түгіл,
Қонақ көрсе
Етеді жымың-жымың терезесі!
Сақалын малып сайдың бұлағына.
Ақ ешкі мекіренер лағына...
Құс қонса,
Шеңбер сызып —
Көл жымиып,
Жетеді екі езуі құлағына!
Жабағы бұлттар да жоқ алашабыр.
Жатқандай қонақ күтіп тамаша қыр.
Себепсіз
Өз-өзіңнен жымиясың;
Өмір де жымияды балаша бір!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері