Аз да болса балалық еркелетті – Қадыр Мырза Әли

Бұл бетте «Аз да болса балалық еркелетті» атты Қадыр Мырза Әли жазған бала туралы өлең берілген.

  • 30.04.2019
  • 0
  • 0
  • 3327
Аз да болса балалық еркелетті,
Еркелетті,
Бірақ та ерте кетті.
Шегірткені көргенде
Көз алдыма
Талай-талай әкелдім вертолетті.
Көк ала су көктемгі шайып қарды,
Арнасынан асырды жайықтарды.
Ит балықты көргенде
Елестеттім
Мұхиттағы сүңгуір қайықтарды.
Жер бетінен жоғалтып көнелерді,
Таң қалдырдық әже мен енелерді.
Түйе көрсем сағымнан
Көз алдыма
Әкелуші ем әскери кемелерді.
БГТО-лар сылдырлап төсімізде,
Құмар едік түсуге тосын ізге...
Салбыраған төбеден өрмекшілер
Парашютты салатын есімізге.
Өтті күні садақтың,
Саржаның да.
Өнер-ғылым әсері бар жанымда:
Жәндік көрсем,
Құс көрсем,—
Не көрсем де —
Техника тұратын ар жағында!
Сонау көне ғасырдың серісінше
Қайтар едім заманның тері сіңсе?!
Вертолет те емес-ау,
Парашют те!..
Елестейді бәрі енді керісінше!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері