Қара жер шайқалғанда – Қадыр Мырза Әли

Бұл бетте «Қара жер шайқалғанда» атты Қадыр Мырза Әли жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 01.05.2019
  • 0
  • 0
  • 2201
Қара жер шайқалғанда,
Тербелгенде
Не жетсін адам ары тергелгенге!
Күрсінсе Таяу Шығыс,
Сезінемін
Жатқандай ауру туыс бір бөлмемде.
Азамат бостан-босқа толғана ма?
Жерден тыс жеке өмірде мән бола ма?!
Жарылар жүрегімде,
Бізге түспей,
Бомбалар түскенменен Анголаға!
Уақыт қой сезетіндей,
Ұғатындай
Керексе
Көздің жасын бұла тынбай!
Қайғырам
Ауғандағы өлген жанның
Табыты біздің үйден шығатындай!
Келеді ашу-ызаң көп істерге.
Құйылып жатыр сары у көгістерге.
Папа емес —
Мен қайғырам —
Бір католик
Аштықтан көзін жұмса Ольстерде!
Болғанын біле алмадым бұрын қандай
Келмесін Кавказға ондай,
Қырымға ондай!
Сезіндім
Сыңсығанда Кампучия
Қазақтың тең жартысы қырылғандай!
Өзімді осылай ғып туған ана.
Әйтпесе,
Адам босқа толғана ма?!
Бір тасып,
Бір қайтады Ла-Манш
Ғарышта жатқан сонау Айға бола!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері