Із түспеген әлі де миым қардай – Қадыр Мырза Әли

Бұл бетте «Із түспеген әлі де миым қардай» атты Қадыр Мырза Әли жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 01.05.2019
  • 0
  • 0
  • 2340
Із түспеген әлі де миым қардай.
Көңіл ғана ұйтқиды құйындардай.
Өсейін-ақ деймін-ау,
Өсе алмаймын
Буып тұрған денемді киім бардай.
Махаббаттың тәтті ме сыйы балдан?
Қалай жүрсем шығады үйім алдан.
Жүйтки алмай келемін,
Тұлпардайын
Төрт тұяққа қорғасын құйып алған.
Байқағанға өмірдің ауыр сыны,
Иіледі парыздың самырсыны...
Самғай алмай келемін,
Қанатымның
Мысқа айналып кеткендей қауырсыны.
Қызыл ала гүліндей құрлығымның
Болсам деп ем бояуы түрлі күннің.
Балға қонған шыбындай —
О, жасаған —
Тырп еткізер түрі жоқ тірлігімнің!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері