Өлең, жыр, ақындар

Комсомол билеті туралы баллада

  • 03.05.2019
  • 0
  • 0
  • 1403
Күркіреген найзағайдың отындай
От тастады түнде келіп жау көктен.
Жас Мария маралдың жас лағындай,
Ыршып түсті үрейлене төсектен.
Жана қалды лаулап үйі сол оттан,
Өрді жалын қаптаған кеп жыландай.
Үрейлі шу шықты дауыс зар қаққан,
Үйдің іші көз түрткісіз тұмандай.
Қашып жатыр лапылдаған сол үйден,
Үйдегілер от қамшымен қуылып.
Безген бәрі дүние түгіл киімнен,
Денелерін шарпып жалын қуырып.
Кім шыдайды мына дүлей жалынға,
Жалақтаған үйді түгел жұтам деп?
Жалғыз ғана шықпай қалған Мария,
Қайтіп өртке жас денесі өртелмек?
Қайтіп қана қалды жас қыз шыға алмай,
Қандай дүние қызықтырып арбаған?
Сол үйде бір асыл заты шын бардай,
Мария жүр отты кешіп лаулаған.
Айғайлады сырттан байғұс анасы,
Қайдасың сен, уа, Мария, Мария!
Құлап жатыр үйдің жанған ағашы,
Өртелді ме Марияшым, дариға!..
Не іздеді лапылдаған сол өрттен?
Көрінді ме оттар әлде алтындай?
Әлде жанған оттан күшті жүрекпен,
Жүр ме әлде көк жалынға шарпылмай?!
Оттар шарпып безектеген қолымен,
Алаулаған от төсегін ақтарды.
Арасынан іздеп жоғын үреймен,
Қолмен қағып жалақтаған оттарды.
Сынған мұздай күтірлейді бағандар,
Дүрілдейді жанған жалын дауылдай.
Уа, Мария, етіп тұр ғой анаң зар,
Тез шық, жоғың қалса, мейлі, табылмай.
Шығар емес, өртелсе де ол үйден,
Таппай сол бір сүйіктісін іздеген.
Ол бір артық ардақтысы дүниеде,
Дүние емес артық және өзгеден.
Ол — белгісі жалынды жас шағының,
Ол — шындығы жүрегінің оты бар.
Ол — куәсі отаншылдық арының —
Көзіне ыстық — онда Ленин аты бар.
Жас өміріне туған бақыт жұлдыздай,
Оны езіне қасиетті көретін.
Ол өзінің жүрегімен уыздай,
Сүюші еді комсомолдық билетін.
Ұйықтар шақта астына сап жастықтың,
Сол билетін жібекке орап қоятын.
Жүрегіне көрінетін ыстық тым,
Оны көрсе ержеткендей болатын.
Сол билетін қорғаймын деп бұл оттан,
Жау тастаған келіп шеттен кенеттен.
Үрейлене жас Мария апаттан
Оны іздеп жүр түтіндеген төсектен.
Көйлегін де тесіп кеткен ұшқындар,
Жалын шарпып өткен нәзік денесін.
Комсомолдық жүрегінде күші бар,
Өрт қамауда кетірген жоқ ол есін.
Ирелеңдеп айдаһардай көк ала,
Қызға төнген от-жалындар жан-жақтан.
Шыр айналып жанған үйді.жүр ана,
Мария ащы айғаймен зар қаққан.
Жарып өтті лапылдаған оттарды,
Әлде тартқан анасының зары ма?
Үстен серпіп қызыл көзді шоқтарды,
Қарғып түсті терезеден Мария.
Жұлдыздай бір қыз жанары жарқ еткен
Шыққан лебі жүрегінің жалындай.
Шықты өрттен комсомолдық билетпен,
Сақтап қалды оттан сәби арындай.
Құшағында анасының күлімдеп,
Сүйді тағы сақтап қалған билетін.
Қыз жүрегі қатты соқты лүпілдеп,
Сырын айтты анасына сенетін:
«Өрт жіберген дұшпанына елімнің —
Қарсы шығар отты жүрек кегімен.
Мен ақтаймын ұлы даңқын Лениннің
Комсомолға құрметпенен берілген».



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Ай туралы толғау

  • 0
  • 0

Тақ болған күллі дүние әлеміне,
Еркесі жұлдыздың да, әуенің де,
Тәңірі арулықтың, Ай сұлуым,
Тағы да көрік бердің елеңіме.

Толық

Туысып кетті жырымыз

  • 0
  • 0

Туысып кетті жырымыз. Қалижан Бекхожин
(Орыс ақыны Владимир Цыбинге)
Кең даламды кезем көп
Гүл мен толқын ағылған.

Толық

Есімде

  • 0
  • 0

Есімде, сол бір шақтар еткен бірге,
Сонау жас ақындықтың көктемінде.
Көз тіктің сүйіп албырт достарыңмен,
Өлеңнің өрісіне, өткеліне.

Толық

Қарап көріңіз