Гауһартас – Сегіз сері

Бұл бетте «Гауһартас» атты Сегіз сері жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 09.05.2019
  • 0
  • 0
  • 17599
Ажарың ашық екен атқан таңдай,
Нұрлы екен екі көзің жаққан шамдай.
Анаңнан сені тапқан айналайын,
Күлім көз, оймақ ауыз, жазық маңдай.

Беу-беу, гауһартас,
Құсни құрдас,
Раушан жүзің көргенде,
Сәулем-ау, сабырым қалмас.

Ажарың ақ түлкідей қашқан құмнан,
Шолпандай таң алдында жалғыз туған.
Жылы су, қолда құман, қарда орамал,
Жібекпен қызыл кәріс белін буған.

Беу-беу, гауһартас,
Құсни құрдас,
Раушан жүзің көргенде,
Сәулем-ау, сабырым қалмас.

Басасың аяғыңды ырғаң-ырғаң,
Сылдырап шашбауың мен алтын сырғаң.
Жай жүріп, шаттанасың әсерленіп,
Әсемсің жүйрік аттай мойнын бұрған.

Беу-беу, гауһартас,
Құсни құрдас,
Раушан жүзің көргенде,
Сәулем-ау, сабырым қалмас.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері