Қисмет /4-нұсқа/ – Әсет Найманбайұлы

Бұл бетте «Қисмет /4-нұсқа/» атты Әсет Найманбайұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 11.05.2019
  • 0
  • 0
  • 2029
Көк шығып, жердің жүзі жайнағанда,
Басына бұлбұл қонып сайрағанда.
Қойдан қатық, сиырдан айран ұйытып,
Тыста құрт, үйде ірімшік қайнағанда.

Екі-екіде, ел көшсе, әнге салып,
Жиналып жастар жылқы айдағанда.
Ел қонса, құрық алып шырқ иіріп,
Биені үйге бөліп жайғағанда.

Құлынды шырылдатып, шұрқыратып,
Көк майса шалғын жерге байлағанда.
Қыздырар, қымыз ішсең, албыратып,
Бал татып бағлан еті шайнағанда.

Бас қосып қымыз мұрын тойын тойлап,
Тай мініп жас балалар ойнағанда.
Халықтың бұл да үлкен бір мұраты,
Көкорай жылғалы өзен жайлағанда.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері