Өлең, жыр, ақындар

Василиса Барабаш

  • 17.05.2019
  • 0
  • 0
  • 1002
(Баллада)

Буалдыр түн, аспаны —
Жұлдыз бұлтқа аралас,
Қырға жорық бастады
Василиса Барабаш.
Құлазыған қырат бұл,
Дән шықпаған бос алап.
Гүрілдеді трактор,
Қыр сауырын жосалап.
Суық дала сүреңсіз,
Болса да бұл май айы.
Неткен қырлар бұл елсіз
Қара бұлдыр маңайы?
Бір шоқы жоқ өрінде,
Жадау жондар жалаңаш
Таңданады бәріне
Василиса Барабаш.
Кең жазыққа жайылып
Трактордың оттары,
Қыр түнегін айырып,
Темір аттар аттады.
Бусанғандай бұл оттан
Көтеріліп жер лебі.
Қанаты бар болаттан
Қырда сол қыз өрледі.
Қара қырды кестелеп,
Гүлденгендей арманы.
Жайқалады еске кеп,
Днепрдің орманы...
Днепр ғой ұясы,
Жағасының бәрі ағаш.
Сол ағаштың сырласы
Василиса Барабаш.
Әкесі бар сол маңда
Бәйтеректей тұлғалы.
Қарт кеңесін орманда
Василиса тыңдады.
— Дос болдым бір жігітпен
Партизандық күресте.
Жайнаушы еді үмітпен,
Үміттері тұр есте.
Соңында бір айқастың
Яки болса жаралы,
Мынау еді сол жастың
Жүректегі бар әні:
«Алыста бар кең далам,
Сүйем айдын жазығын.
Қырларынан тыңдағам,
Гүлдің шуын, жаз үнін.
Сол далада қалды бір
Гүл екпеген бетегем.
Тынса майдан, алып гүл
Сол жеріме жетер ем...»
Солай дейтін әндетіп,
Аңсап жазық даласын,—
Жатса да бір әл кетіп,
Жатса да орап жарасын.
Ол сүйетін.мені де,
Досқа жылы жүрегі.
Украина жерінде,
Туған сол бір жыры еді.
Өтті біздің орманда
Жаумен талай талас түн.
Қырғын ұрыс болғанда,
Сол жігіттен адастым.
Кетті жырын қалдырып
Есімде сол өр әні.
Сақтар еске, жаңғырып
Днепрдің орманы.
Болсам шіркін жасырақ,
Сол далаға жетер ем.
Сол жігіттей ән шырқап
— Гүлден, қоңыр бетегем!.
... Қарт әкеден сол әнді
Орманда қыз естіді.
Бұл түн кезіп шығанды
Сол жігіттің есті үні.
Алыс қырды бұл түнде
Қыз таңырқап жүр әлі.
Ал жүректің түбінде
«Далам...» деген тұр әні.
Василиса гүл етіп,
Жайнатуға шет дүзді,
Тракторды гулетіп,
Гүлдің күйін шерткізді.
Болмаса да белеңі —
Оған таныс, етене,
Қыз күлімдеп келеді,
Билегендей бетеге.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Қария мен дария

  • 0
  • 0

Алтын сақал омырауын алқалап,
Қария тұр қабағынан ой тарап.
Күркірейді орғып долы дария,
Аласапыран толқындарын арқалап,

Толық

Орман қызы

  • 0
  • 0

Оңаша үйде жатқан шақтарымда,
Алаңсыз тәтті ұйқыға батқанымда,
Ғажаби, сыры қызық түстер еніп,
Қиялдың ағысымен аққанымда,

Толық

Білім туралы сөз

  • 0
  • 0

...Сүйемін мен, білім, досым,
Ол — сөнбейтін идеалым.
Ол — шаттығым, көңіл қошым,
Ол — өршіген жас қиялым.

Толық

Қарап көріңіз