Ақсақ Әлім
Ақсай басып келген бетте майданнан,
Қарақұмға қарап Әлім ойланған:—
— Әттең, жалғыз болып қалды аяғым,
Шалқытар ем суды саған сайлардан!
Сен ойлама, мені Әлім деп бұрынғы,
Ақсақ менің аяғым да дүбірлі.
Дон бойында қуғанымдай дұшпанды,
Ол сау болса, — оятар ем құмыңды...
Айтып соны кетіп еді сол құмнан,
Онда тек жел ызыңдаған соңынан.
Онда елсіз жапан ғана бұл өңір,
Су аңсаған бұлдыраған сағымнан.
Сол жапанда ойға батқан оңаша,
Енді міне, таңғажайып, тамаша!
Қала қонды құлазыған құмына, —
Соған Әлім қуанады қараса.
Құмға біткен зәулім жаңа қаланы,
Қат-қат үйдің төбесінен қарады —
Алып завод, сәнді сарай заңғардай,
Көзді тартып, қызықтырып барады.
Көшелерде темірден от жарқылдап,
Соғылысқан сом балғалар шаңқылдап,
Қара-құрық қалың еңбек жан-жағы,
Қопарылып аспанға ұшқан шаң тулап.
Қарап соны балташыға бұрылды:
— Сен, ойлама, мені Әлім деп бұрынғы.
Дон бойында дүбірлесе аяғым,
Қолым енді қопарып жүр құмыңды.
Білер енді, бұл Әлімді Қарақұм,
Шеберімін шөлге біткен қаланың.
Бұл қолыммен талай қышты құйып мен,
Талай үйдің қабырғасын қаладым.
Әрбір үйдің білем ірге тастарын,
Әрбір үйге өз белгімді тастадым.
Бақыт маған — қолмен салған қаламның,
Көшелерін мына аяқпен басқаным.
Ойла, достым, қызықпауға бола ма?
Өзен ағып келгенде ертең қалама —
Тұрмаймын ба Дондағыдай даңқпен,
Жеңіс тауып жаңа жарқын жағада?..
Айтып соны тағы да тас қалады,
Әлім қайта қаласына қарады:
Алып завод, сәнді сарай үйлері
Көзді тартып, қызықтырып барады.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі