Өлең, жыр, ақындар

Оз бәйгеден...

  • 18.05.2019
  • 0
  • 0
  • 1363
Ағылып ВУЗ-ға жастар неше лек-лек,
Үміт үндер шалқиды көше гулеп:
— Мен инженер,
— Мен дәрігер,
— Мен агроном
Боламын, оймен өрлеп өсемін деп,
Күбірлесіп көшеде адымдайды,
Емтихан бар,
Қауіпті, алды — бәйгі.
Біреулері
Жаутаңдап әлденеге,
Біреулері асыға жалаңдайды...
Отыр жастар, жүзінде ойлы толқын,
Ақтарып қат-қат сырын қилы томның:
Талданып Менделеев элементі,
Тексерген заңдарын да Ньютонның.
Ұшқындап кітаптардан үміттері,
Сарылған, маңдайының шығып тері.
Қуаныш!
Құшақтарын құзға жайған
Даланың уыз қызы, жігіттері кеп кезеді кең көшені,
Саяда кездескенмен кеңеседі:
— Кім екен директоры?
— Емтиханшы?
Тәкең біздің таныссыз емес еді...
— Біздің де бар Баяннан Бәкеңіміз!
— Біздің де бар Шаяннан Шәкеңіміз!
— Мен бөлемін Бәкеңе,
Қуандықпын.
— Мен жиенмін, Жәкеңе,
Шығандықпын.
— Соларға бір сыбырла, әке, — дейді,
Әкелері
Туысқан төтелейді.
Қайдағы Серкеш, Бекен, Бураларды
ВУЗ-дардың есігіне жетелейді.
Табылып туыс, таныс ілгешегі,
Бұрынғы бүгінгімен тілдеседі.
Қозғалып Мәкен, — Бәкең,
Тәкең — Төкең,
Ептеуге емтиханды бірлеседі...
Болса да бірен-саран,
Сыр білдіріп, бұл шылық арамызда жүр жүгіріп
Жабысып сілімтірік, шалағаймен,
Ғылымға, қызметке де, жылжып кіріп.
Жоқ, інім, білім жолы шатқал өрен,
Аспайсың оңай ізбен аққанменен.
Жас ұрпақ, жаңа заман толқынысың,
Шарықта,
Ғылым сырын ақтар терең.
Жарып өт,
Қиындықтың шұғыл жарын,
Сындарда, сынақтарда шынық бәрің.
Білімнің ұстарасын қайрап, безен,
Сылуға ескіліктің шылықтарын!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Сықырлайды көшкен сең

  • 0
  • 0

Сықырлайды көшкен сең,
Соғып долы бораны.
Бұл дүлеймен белдескен —
Біздің Совет адамы.

Толық

Әнуар

  • 0
  • 0

Жігіт еді - әзілі бар, әні бар,
Жігіт еді - біздің ерке Әнуар.
Жігіт еді, боздағы еді халықтың,
Еркін, ерке жайраңдаған жаны бар.

Толық

Украин жігіті

  • 0
  • 0

Ол асығып келді майданнан туған жерге,
Көрейін деп өз үйін, өз қақпасын.
Бес жыл болды елінен кеткеніне,
Оның қайтып жүрегі құмартпасын.

Толық

Қарап көріңіз