Ақсақ құлан
Алаша хан, Шошы хан,
Қырда құлан жосыған.
Құлан теуіп өлтірді,
Ажалын оның келтірді.
(Халық әуезі)
ТОЛҒАНУ
Жеткенде өлең жігіт жиырма беске,
Көз тіктім шыққан сонау жыр белеске.
Пернесін сонда бастым албырт күйдің
Әуені әлі күнге жүрген есте.
Кеудемді үні соның қытықтаған,
Әуезі талай жылдар тұтықпаған,
Ығында дулы - дарқан жырларымның
Сарыны көп сарылған күтіп қадам.
Жанымды жаңа жырға иген едім,
Қалай сен, баба мұңы кимеледің?
Еріксіз елжіредім естігенде,
Елімнің ертедегі күй бебеуін.
Аңызын аталардың жете тізген,
Бұл жырды естіп едім әкемізден.
Сол күймен күңіренген көне қобыз,
Өткеннің қайғысына жеке дүзген.
Сол күйге замандардан зар қосылған,
Тіл қатты обалар да қан жосыған.
Ертеден ескен желмен күбірледі,
Көр болып қалған іздер хан Жошыдан.
Сол күймен сазы басқан сары даланы,
Онда жас, қаламым да жорғалады.
Білмедім күйдей үнім еспеді ме,
Теңселтпей тұнған жырды арнадағы?
Бағыдан бала жырым сыр алмаған,
Болды ма ырғақтары бұраң маған?
Күй ырқы келтірмепті, кезде сонау,
Домбырам құлағы дәл бұралмаған.
Оралып өктем күйдің өр нәшімен,
Ағыттым жарауымды кермесінен.
Ағыттым құйқылжыған құланымды,
Желідей жырдың жаңа пернесінен...
ЖОРТУЫЛ
I
Жайхұнның самал соқпай кең арнасы,
Тулақтай тықыр болған көгал басы.
Жағасын қалың тобыр жаугер басып,
Алқапта айбат шекті хан ордасы.
Маңғұлдың маңғыт қыр ғой қоналқасы,
Қалыпты қалалардың қараң тасы.
Адырда, алау жұтқан Сығанақтың
Әлі де суыған жоқ қоламтасы.
Шығысты шеңгелімен уыстаған,
Шыңғыстан ұлыс бар ма ығыспаған?
Өзіндей ажал түсті, обыр ұлы,
Жошы хан мұнда келіп тыныстаған.
Жошыға асыр болған осы мекен,
Үркіп жұрт, қарасынан шошиды екен,
Аламан аңдай шулап жөнелгенде,
Ізінен өзендей қан жосиды екен.
Жел айдап, қонарын тек сайлар білген,
Атой сап ат үстінде айлап жүрген.
Қаптаған қара құрттай жойқын жасақ,
Жұртында өлгендердің ойнап-күлген.
Айқасқан қос алдында найза, бақан,
Көп нөкер гуілдескен алқақотан.
Шақырып ордасына нояндарын,
Отырды ойға батып ортада хан.
Сұс беріп қасқыр бөрік хан басына,
Аю тон айқарылған арқасында.
Ырсиып тұлып басы жолбарыстың
Қызыл көз қыран отыр дәл қасында.
Айдаһар отырғандай қусырғалы,
Арландар хан қараса қысылады.
Тұрғандай қан шылқытып түктерінен,
Қырмызы, парсы кілем. тұсындағы.
Қарысқан хан қолында аса ғана,
Ашуын бұрқ етсе бір баса ала ма?
Хан ойын бұзбасын деп тұр қақшиып,
Сырттандай қос жасауыл босағада.
Көз тікті сүлдесіне киіздегі,
Хан қандай тәңірінен сый іздеді?
Жарқылдап жылан көзді зүбәржаттар,
Арқардың сілкінгендей мүйіздері.
Дауылдай қырдан - қырға көшпелі хан,
Теңдерін асыл толған шешпеді хан.
Алдында дүркін жорық, ойлап соны,
Түйілді түйінді бір шешкелі хан.
«Түрегел, кенжем менің, жетті кезің,
Тұтансын енді жауға от мінезің.
Түлегі қас қыранның тоят іздер,
Тоятты қан қырғыннан таптым өзім.
Ұқсаймын өзім әкем Шыңғыс ханға,
Түспейтін табаныма ұлыс бар ма?
Батысқа жөнелемін жер сілкінтіп,
Жаһанды жеке билеп уыстауға.
Ер жеттің, ұлым қазір, ханзадасың,
Билейсің талай елдің хан - қарасын.
Еншіңе қыпшақ қырын қойдым бөліп,
Барлап кел, барып соның маң даласын.
Берілген бастапқы бұл — шартым саған,
Алып кел сапарыңнан тарту маған —
Жүр дейді саяқ бір жан сары жонда,
Астында жүйрігі бар аңқылдаған.
Естідім, өзі өрен күйші дейді,
Ол неге жорығыма сүйсінбейді?
Жансыз ба жасырынған, неткен жалқы?
Айдап кел, ашуыма күйсін мейлі!
Сол болсын алып келген сыйың маған,
Шолып кел, қандай екен қиыр далаң?
Жұрт болса, жылыспаған жорығыңнан,
Жай болып төбесіне түйіл, балам!»
Тағында тепсінгендей тәңір мықты,
Аузынан арыстанның әмір шықты.
Ханзада басын шұлғып, нояндары: —
Алдияр, әзірміз,—деп қару тұтты.
Арсылдап ашыққандай аң түлегі,
Қаршылдап қасқа тістер қан тіледі.
Елестеп қырғын жорық, жөңкілген жұрт,
Жошының ашылғандай жан түлегі...
«Дариға, қандай еді Сығанағым?
Сәулетті жадыратқан Сыр алабын.
Өртелді мәуелері, күмбездері,
Тұлдыр жоқ, обасында сұр даланың.
О тәңір, жай соқпай ма албастыңды?
Ер жоқ па, ереуілді, алмас қырлы?
Қайран ел тұншыға ма дозағыңда,
Құдірет жоқ па, құртар қан бақырды?!»
Осылай бұлдыр белден бір үн ескен,
Кім екен жонда желмен күбірлескен?
Келеді күңіреніп күйші Тыма,
Қоштасып мекенімен қырғын кешкен.
Жалқы жан, жаудан қашқан қия - қырға,
Өрт қала ойран-топыр қиялында.
Гүлстан түсті мәңгі жапырылып,
Маңғұлдың тағысының тұяғына.
Сар дала астан-кестен қиыры кең,
Қалың аң қаптағандай құйынымен
Шашындай оның ұйпа-тұйпа,
Тағдыры талай жұрттың иірілген.
Алдынан алаулаған андыздап жел,
Тұл жазық түгі күйген аңызақ жер.
Жапанда жабырқаған жалғыз күйші,
Жапанда жаутаңдаған жалғыз-ақ көл.
Өзіне болған кенті пейішке тең,
Келеді ол қайтып, міне кейіспенен.
Жұртына Сығанақтың келіп кейде,
Ол ұзақ күл - көмірін иіскеген.
Әттеген, қолында жоқ домбырасы,
Күй шертсе жазылатын кең құлашы,
Шырқатар еді қазір құрағына,
Өрт тисе, сыңсығандай көлдің басы...
Есіне алды жарын қоста қалған,
Наз еді жаны сергек жас маралдан,
Айрылған ел-жұртынан қыпшақ қызы,
Оның да жас жүрегін басқан арман.
Кім білсін, қандай жауыз қас қылады?
Жалғыз қос пана келдің жас құрағы.
Сенімі тез жетуге Елігіне,
Жүйткіген жануары астындағы.
Бүйірден дүрліктіріп айдаланы,
Аттылар ағындады қайда тағы?
Аранын ашып жонға атылды ма?
Маңғұлдың маймыл басты айдаһары?
Тебінді, ыршып кетті жел ойнағы,
Астында ала шұбар аң ойнады.
Мінгені қанатты ма, сағым болып,
Көрінбей кетті жылдам қарайғаны.
Артынан жамырасып қиқу - шулар,
Лап берді андағайлап қуғыншылар.
Маңғұлдың сәйгүлігі сайда қалды,
Мынау бір сайтан шығар, құйын шығар?
Ханзада ақбозына астындағы,
Қамшыны ашуменен басты тағы.
Желаяқ тұлпар еді, ұшты бұл да,
Қашқын жан бірақ ізін бастырмады.
Ашынды жолбарыстың жас түлегі,
«Бұл қандай құйындаған қашқын еді?
Бұл өзі әкем айтқан күйші болса.
Ызасы тіпті мұның асты тегі?!»
Алқынып ханның ұлы аялдады,
Аңырып аттан түсті нояндары.
Қалшиып қалқадағы Ханзадаға,
Қалтырап жүгірісті жаяу бәрі.
III
Қалса да бұл арадан алыста бел,
Тымаға түнек дала таныс түгел.
Қоныстап қосы тұрды жағасында,
Бар еді жапанда бір қамысты көл.
Айнала қопа - құрақ, қоға - жыныс,
Көліне көгалалы қонады құс.
Шұбырған құлан-бұлан, аю, қабылан,
Соларға ұя болған қалың қамыс.
Жау тиіп жерінен қан жосығанда,
Күйші кеп паналаған осы маңға.
Осы тек жалғыз шыған жапандағы,
Көз таса көрінбеген Жошы ханға.
Сағынып жетті Тыма Елігіне,
Тағдыры екеуінің телі бірге,
Енгізіп құралайын құшағына,
Жол сырын шертіп кетті серігіне.
Жау көрдім, қуған мені құба қырдан,
Құтқарған айналайын пырағымнан.
Ажалдың құрығынан алып қашты,
Елікжан, сүйші барып құлағынан!»
Жануар, тағы неге елеңдеді?
Әупілдек үн қатты ма тереңдегі?
Шырылдап - көкке шықты қызғыш неге,
Тыныш па сары адырдың белеңдері!
— Сұңқарым, қорқынышты ойламашы,
Сағынған киігіңді аймалашы.
Тұлпарың еліккен ғой, елеңдесе,
Құлан ғой жортып жүрген айналасы.
Бұлбұлым, тартшы күйді, ән шырқашы,
Көңілге үрей құсын қондырмашы.
Қызғанған шығар қызғыш балапанын,
Қаптаған қаршыға ғой көлдің басы,—
Деп жары иығына асылғанда,
Албырт күш алау беріп асыл жанға,
Тыманың кеудесінде күй қозғалып,
Жөнелді ырғақтарын басып алға...
IV
Қопаға аш арыстан енді ме екен?
Қырғи ма қаз-үйрекке төнген төтен?
Сілкінді қамыс неге басын шайқап,
Күрсінді шошып неден көлді мекен?
Тынды да күй самалы ауды кенет,
Топырлап келіп қалды жау ентелеп.
Шошытты махаббаттың қос киігін,
Қапыда жай түскендей төнген әлек.
Басса да үрейменен кезін тұман,
Таныды жауды Тыма өзін қуған.
Келіпті қалған жасақ мұнда көріп
Құланның өр секілді ізін қырдан.
Қасқырдай ырсиды да басын сілкіп,
Ханзада әмір етті ашу бүркіп:
«Қашқынды ноқталаңдар, құлым болсын,
Әйелін күң етіңдер шашын қырқып.
Бағынған бүкіл дала билігіме,
Осының ызасына күйдім мүлде.
Алдыма әкеліңдер бұлаңдатып,
Мінейін жел жетпейтін жүйрігіне!»
Жалаңдап жасауылдар жүгірісті,
Бәрінің албастыдай түрі сұсты.
Тымаға бұғау тастап біреулері,
Күй шерткен саусақтарын бүріп қысты.
Жүйрігі жек көрініп тақымдағы,
Ханзада таң болды да тақылдады:
«Мынадай жамбы тұяқ жануарды,
Тапты екен қайдан қырдың ақымағы?
Тұлғасы жолбарыстай ала шұбар,
Шапқанда киіктей-ақ қарасы бар.
Кекілі қытай қыздың тұлымында,
Көзінің жұлдыз жанған шарасы бар.
Алтынды жалатқан ба түктеріне?
Жолағын күміспенен күптеді ме?
Қулықтың құлындай шағын мүше,
Құйындай құйғытуға біткені ме?
Жануар, жауға мінер атым енді,
Кез келді, тәңір өзі сәтін берді!
«Жалына өзім тартып мінейін»,— деп,
Ханзада ат қасына жақын келді.
Осқырды, тарпып жерді секірді де,
Шүу асау әлі| тағы секілді ме?
Арандай аузын ашты тістегелі,
Ханзада кейін қашты жекірді де.
Жұлқынып тебінеді, кісінейді,
Бұл өзі жолбарыс па, түсі үрейлі?
Шыңғыстың шұбар төсті қыранына
Қалайша бағынбайды, түсінбейді?
Ханзада жау көргендей тұлан тұтты:
«Мінетін айла жоқ па бұған тіпті?
Қалайша жау жүректер сырылдыңдар,
Тастамай мынау тайға бұғалықты?»
Ежелден екі болмас хан талабы,
Асауға аламандар анталады.
Елеңдеп тұрған Елік, Ханзадаға,
Алдияр, датын айтып қайталады.
Ханзада қарап еді қандай мүсін!
Перизат, Шыңғыс ұлын арбайсың ба?
Кішкене киік дене, бота көзді,
Қалайша күн шалмаған айдай түсін?
Тегінде тәкаппар ма, тік қабағы,
Қалайша ханзадаға сұқтанады?
Өзіндей асыл заттың сынығы ма?
Күйшінің тұтқыны ма, жоқ па зары?
— Мен өзім құл қызымын қыпшақтағы,
Жылыстым туған жерден қыспақтағы.
Шынарды паналаған жетім құспын,
Мүскіннің кептерімін құшақтағы.
Сұлтаным, айдын көлдей мерейі кең,
Сен — сақа, жас киіктің — кенейі мен.
Дат, еттім,— босат қолын бұл күйшінің,
Тұлпарын саған ерттеп берейін мен.
Тұқымы әлде бұлан, әлде құлан?
Бұл өзі бір жануар шөлде туған.
Күйшіге кездесіпті жонда құлын,
Үстінде құйын ойнап, жел құтырған.
Түбектей кең танауы желпілдепті,
Жын байлап, тұяқтары серпілмеді.
Жас құлын жатыр екен көзін жұмып,
Қияқтай тұлымы тек желпілдепті.
«Жын ба бұл, жатқан мені арбағалы?»
Деп күйші үрейленіп таң қалады.
Сескеніп, қырық шілтен күйін шертіп,
Сыйынып күй - атаға толғанады.
«Жым-жырт боп күй сазына жел билепті,
Құлынды керемет күй әлдилепті.
Сол сазға еміреніп жетім қодық,
Алдына домбыраның шұлғи кепті.
Сипалап сонда күйші тұлымынан,
Бауырына тығылыпты құлын құлан.
Суық жел тимесін деп өкпесіне,
Жабуды жапқан аю тұлыбынан.
Күннің де алауынан жасырғалы,
Қопаның күрке болды жас құрағы.
Арқардың сүтін қосып, арпа беріп,
Ардақтап сорлы күйші асырады.
Күйіне құлан үйір, кінәлі ме?
Тартылса, домбырасы куә, міне.
Күйшінің босат қолын, шертсін күйін,
Асауды жуасытар күй, әлі де».
Әмірмен күйші қақты домбыраны,
Желқобыз ойнақтады, саңғырады.
Дыбыспен естігенде тұра қалды,
Жаңағы жер тебінген сал құланы.
Өрен күй жануарды еліктірді,
Сипалап алтын жалын Елік тұрды.
Ханзада тез мінгіз деп ентеледі,
Желаяқ тұлпар шіркін желіктірді.
Сырылды аламандар анталаған,
Елік тұр құлан көзін қалқалаған.
Дүлейге қарғып мінді ханның ұлы,
Шатынап қасқыр көзі қанталаған.
Қапыда құлан кенет үркіп кетті,
Жабысып бұлт жалына бүркіт кетті.
Аршындап атан тастан қарғығанда,
Артына қалың шаңды бүркіп кетті.
Тізгінді қыр тағысы жұлқып кетті,
Бүйірін бұдыр белдің бүлкілдетті.
Ханзада жазатайым бола ма деп,
Артынан қырық жігіт дүркін кетті.
Қиырға зымырандай құйын кетті,
Сол құйын көк тұманды үйіп кетті.
Айрылып қанатынан қайран Тыма,
Егіліп Елігіне күйін төкті...
ӘЛЕК
Отырды хан ызамен арпалысып,
Ашуы аяз болып, арқа қысып.
Желекті найзасымен жерді соғып,
Шеруін шатақ ойдың тарта түсіп.
Хан отыр қабақ түйіп қара бұлттай,
Аспан тұр хандай неге қарауытпай?
Түндігін ақ орданың түтек басты,
Далаға қаһар кетті тарап жұттай.
Қиналған қалың жұртқа қиян - қырда,
Қан бүркіп отырды хан қиялында.
Сақ кезеп садақтарын сырттандары,
Байлаулы жолбарыс тұр үй алдында.
Хан Жошы арыстандай аласұрған,
Хабар жоқ жорықтағы баласынан.
Қасында нояндары әмір күтіп,
Сескеніп отыр ханның қарасынан.
«Ханзада қаңдай торға арандады?
Қалайша қырық батыр оралмады,
Хан ұлын адастырған қандай сиқыр?»—
Бүлік ой хан басында борандады.
Ай болды жасауылдар атқа мінді,
Қамысы талай көлдің ақтарылды.
Өлігі ханзаданың жатыр ма деп,
Сілікті тіміскілер бақта гүлді.
Абыздың алжып айтқан аңызымен,
Құйғытты хабар тарап аң ізінен.
Ұйғырдың сәуегейі жөнін болжап,
Жол кешті, әулиенің аузыменен.
Жындарын жиды желден бақсы біткен,
Май құйды, отқа шаман тақсіретпен.
Сыйынды сүлдесіне кәрі маңғұл,
Бір хабар естімеді тақсыр күткен.
Қанталап мысық көзі,і хан сызданды,
Қалайша ұлынан ол аңсыз қалды?
Қыпшақтың қолтығына тыңшы тығып,
Бегіне Хорезмнің жансыз барды.
Бәрі де дәл айтпады, жаңсақ білді,
Жөн таппай жортуылдар самсап тұрды.
Жүрген бір бөгде болса, бұғаула деп,
Аңдытты аламанға алшақ қырды.
Тау шіркін тітіренді: «Тықпадым»—деп,
Сілкінді жер: «Ұлыңды жұтпадым»— деп.
Еркесі ен даланың жел жүгірді,
Аударып атынан мен шықпадым деп.
Қақырап кеудесінде қаңтар бүлік,
Отырды ордасында хан тарылып.
Сұсынан сырттандардың сағы сынып,
Сарғайды сыртта халық қаңтарылып.
«Тәңір - ау, ұшты қайда мұзбалағым?
Желден де басқа.н ізін қызғанамын.
Садаға — жосығына жөңкілген жұрт,
Садаға — күмбездері жүз қаланың.
Сүлдем - ау, жортты қайда тас түлегім?
Қапыда қалай, сынды жас тірегім?
Садаға — тобырлы көп төленгітім,
Жолыңа — кесілген кеп бас тігемін.
Құрды екен сұңқарыма кім дұзағын?
Жын болса, оны көктен қуғызамын.
Жан болса, тірі жүрген өзі түгіл,
Бабасын көрден жұлып тұрғызамын!
Қарсы бір қарады ма жау бетіме?
Жаралған жаһан менің нәубетіме.
Қай дұшпан қас қылды екен еркі жетіп,
Шыңғыстың шұбартөсті әулетіне.
Кетпесін кегім мәңгі ел есінен,
Арысын ашуымның елесінен.
Емшектен айырылсын нәрестелер,
Төл біткен ажырасын енесінен.
Ұлымның тартсын бірге ел де азасын,
Кектендім, кетіремін жер мазасын.
Ажалын аяулымның кім естіртсе,
Тілін кес, жендеттерім бер жазасын!»
Осылай ашу бүркіп ашынды хан,
Тік тұрды нояндары басын бұққан.
Жөнелді бәрі сыртқа мысықтай боп,
Алдынан арыстанның қашып шыққан.
II
Алапат басқан мынау елден алыс,
Жапанда жатты бөлек қалың қамыс.
Аясы аң мен құстың келді қопа,
Тымаға, Елігімен болған таныс.
Ордасы қабан менен жолбарыстың,
Бұл жаққа баратын жол алыс тым.
Қуғыншы жортуылдап, жортпай мұнда,
Келген жоқ маңайына жолап ешкім.
Қасында отыр Елік тұман ойлы,
Доғарып домбырасын Тыма қойды.
Нажағай шарт етті ме күркесіне,
Қалайша қайран күйші тына қойды?
Құлан жоқ бұлықсыған кермесінде,
Тыманың күйік енген кеудесіне.
Шығанға телміріп бір қарап еді,
Құланы құйындатып келді есіне.
Ай өтті сұмдыққа бұл шырмалғалы,
Сол хабар суық желдей сумаңдады.
Құлансыз, хан ұлыңсыз бейуақытта,
Оралған қырық жігіт шығандағы.
Жай оғын төндіргендей дүлей аспан,
Өңдерін бәрінің де үрей басқан.
Жаңбырдай жамырасып жасауылдар,
Жұмбағын ханзаданың былай ашқан:
— Жұлдызы құдіреттің ағып түсті,
— Тәңірдің айы жерге жанып түсті.
— Жай түсті жолбарыстың саяғына.
— Жошының жүрегінен жалын ұшты...
— Шыңғыстың бәйтерегін дауыл жықты,
Көрген жоқ маңғұл мұндай ауырлықты.
Өлтірді құлан теуіп ханзаданы,
Жошыға сен жауап бер, дауыл мықты.
— Түспейміз ханың ажал құрығына,
Бармаймыз оның қанды тұғырына.
Қопаға ханзаданы кеттік көміп,
Зытамыз енді өзіміз қыр құмына...
Солай деп қырық жігіт болды ғайып,
Сұмдық қой сыры мынау таңғажайып.
Құланын жоқтап шыққан күйші сонда,
Азасын аңызақ жел жонға жайып.
Шығанға қиялменен аңсар қарап,
Есінен кетпейді сол сарсаң алап.
Жапанда жануардың ізі ғана,
Кетіпті аяғынан қан сорғалап.
Қанды ізін сүйіп күйші тебіренген,
Мұңдасқан ебелекпен, еру желмен.
Жүгірген құланым деп күйші талай,
Құйындап шаң тұрса да қоңыр белден.
Көрінбей кетті қайда шоқырағы,
Құраулап қырдан күнде шақырады.
Түн болса Елігіне мұңын шағып,
Күрсініп таңды көзбен атырады.
Қойды ол домбырасын жоғары іліп,
Күй қалды көкіректе доғарылып.
Шыдамай тебіренді жары сонда,
Пернесін жүрегінің қаға біліп:
— Түн болып түнердің ғой Тымашым - ау,
Баттың ғой тұман ойға түбі шыңырау.
Сөнді ме жүректегі шоғың сірә,
Салдың ғой күйге тұсау, тілге шырмау?
«Айналдым,. құлыншақтай құланыңнан,
Оралса сүйер едім құлағынан.
Айналдым тұяғынан теңгеліктей,
Айналдым, жанған екі шырағынан.
Ол өлсе, басына мен табынар ем,
Терісін жарғақ етіп жамылар ем.
Жалғар ем, жал-құйрығын бұрымыма,
Тістерін шашпау етіп тағынар ем.
Разы бол, тұлпарыңа жел қанатты,
Жеріңнен жалмауыз сол жанды қақты.
Түлегін айдаһардың теуіп кетті,
Ханзада енді шаппай қанға батты.
Мінгізген құланыңа өзім едім,
Сұңқарым, торға түсіп езілмедің,
Сен үшін садаға деп сол бір тайды,
Өлерін ханзаданың сезіп едім.
Кетпеді ағып текке жұлдызымыз,
Еліңнен есе тапсын бұл мұңымыз.
Ардағым, сорлы жұртқа жөнелейік,
Күй болсын қанатымыз, дүлділіміз».
Айналып асылының зердесінен,
Шығарды күйші сонда шерді есінен.
Қайтадан домбырасын ескек етіп,
Жөнелді жүйткігендей көл - көсірмен.
III
Жендет жүр Сыр бойында сілкіп қанжар,
Айдалған екі бетке мүскін жандар.
Шырылдап бөбек сайда, ана қырда,
Айнала азан-қазан, сыңсыған зар.
Бәріне хан қаһары бебеу берген,
Ар жақта қозы маңырап көгенделген.
Шұрқырап жас құлындар матаудағы,
Шуылдап ұшқан құстар түгел көлден.
Айрылып ғашықтары сүйген тілден,
Сұлулар бұрымынан сүйретілген.
Шел қағып жазирада.. шөккен ата,
Сақалын жендет жұлып, күйретілген.
Қайнатты талайлардың зығыр - кегін,
Жошының жын жұтты ма жүгірмегін?
Түте ме жүндей сабап, жебірлері,
Арқаның тулақ болған ығыр жерін?
Шапқыншы жүгірсе де құйын құсап,
Ешбір, жақ үн қатпады, тілін тұсап.
Тек қана ыңырсыды еңісте жұрт,
Басына қара бұлттан туырлық сап.
Ақ орда ажал еткен атын қырға,
Хан отыр қаһарына қатып мұнда.
Қарасын ханзаданың желден іздеп,
Ел жатыр белуардан батып мұңға.
Жошы хан шамырқанды шатырында,
Сәті жоқ шабуылға шақыруға.
Терісін сұр қабанның жамылды да,
Көмілді көрдей шерге ақырында.
Қасына ешбір жанды жолатпады,
Ызыңын масаның да жаратпады.
Орданың алдын баққан нояндардың
Қылышы нажағайдай жалақтады.
КҮЙ
I
Керіліп күн артынан күн аттады,
Ай туып таудан асты жырақтағы.
Жорғалап жел де келді самал желпіп,—
Бәрі де ханды бірақ жұбатпады.
Су келді, Сыр басынан сыр айтқалы,
Жымыңдап жұлдыз көктен жұмбақтады.
Нажағай жаутаңдады бұлт ішінен,
Бәрі де ханды бірақ жұбатпады.
Сайрайды бұлбұлдары гүл бақтағы,
Жырлап жұрт, жалбарынды жылап тағы,
Айнала азынады рақым тілеп,—
Бәрі де ханды бірақ жұбатпады.
Түксиіп қара тастай Жошы жатты,
Қасына келмеді жан шошып қатты.
Қасқырдай төрт нояны қасында тек,
Ашулы арыстанның қасын бақты.
Жан-жаққа жел өсекті тасып жатты,
Алысқа атқа мініп ашу шапты. Шын, тасын
Шыңғыс ханның бұлт басты деп,
Шеттегі шоқылардың басы қатты.
Алдына айдап атан айғырларды,
Қыпшақтың қаба сақал байы барды.
«Сабыр ет!», «Хан нем!» деп сасқалақтап,
Айтуға ауыр сөзді дайындалды.
Хан ие селк етті де қақты қасын,
Жендеті бай қыпшақтың шапты басын.
Арғынның биі келді байпаңдаған,
Жорғадай - желгір сөзге шайқалмаған.
«Ақсұңқар адасқанда» деп топшылап,
Жөн айтпақ басқаларға байқалмаған.
Қасқыр хан ырсиды да қақты қасын,
Жендеті арғын бидің шапты басын.
Тиеліп түйелерге жиһаздары,
Келіпті Самарханнан сипап кәрі. —
Алдияр, алдыңызға бар қазынам,
Айтатын гәбім бар,— деп бипаздады.
Алдияр арс етті де қақты қасын,
Жасауыл сәудегердің шапты басын.
Арттырып арғымаққа тегін теңді,
Бұхардың бұлықсыған бегі келді.
Билетіп сұлуларды хан алдында,
Сауықпен сейілтпекші шерін енді.
Парсының төресінен елші келді,
Ұлына Иран бақтан енші берді.
Жошы хан жұбансын деп қытай ханы,
Жіберді өнерпазды, не шеберді.
Ойнақтап хан алдында жыландары,
Үндінің сиқыршысы сылаңдады.
Немене сауық-сайран? Азалы хан,
Ұлынан сонда да бір сыр алмады.
Бәріне қаһар төгіп қасын қақты,
Домалап талайының басы жатты.
Жіби ме жаңбыр жауып, жел ескенмен,
Шыңғыстың Гималайдай тасы қатты.
Маймылдай төлеңгіттер маймаңдады,
Олжа мал бұрынғыдай айдалмады.
Жауынгер қылыштарын тасқа шауып,
Түнерді ұзағандай майдан әрі.
Биелер көк шалғынға байланбады,
Суалды суат сулар қайнардағы.
Аждаһа айналаны арбағандай,
Дүние жұрттай болды ойрандағы.
Ешбір жан ханға келіп тіл қатпады.
Айтуға адам түгіл жын батпады.
Айдаһар ордасында түр ысқырып,
Қара жер құрбандарын құндақтады.
II
Суық күз, сұрғылт дала, селебе жұт,
Шұбырған ауған бұлттай сергелдең жұрт.
Азасы хан ұлының қырды шайқап,
Бір жола батқан күндей сөнген үміт.
Күш қайда теңселтетін түнек тауды?
Жошының құлдығында ұл атаулы.
Көл тұрды көз жасынан босқын елдің,
Көгенде боздақтары тұр матаулы.
Шарт сынып шаңырақтар отқа жанған,
Тілініп туырлықтар жұртта қалған.
Шырылдап қызы қырда, ұлы құмда,
Еңіреп елдің дауысы көкті жарған.
Құм ыршып, шөлде боздап шеккен нардан,
Саз тұрды көк табандар шеккен зардан.
Сорлы жұрт талықсыды сұламада,
Тағдырдан рақым тілеп, төккен арман.
Ол отыр қу моладай ордасында,
Кім барса, қазулы тұр көр қасында,
Ұлыған аңдай шулап ұлысының,
Дағдарды бағланы да, жорғасы да...
Ұйысып сұр қабанның жарғағына,
Хан жатты хабар түспей қармағына.
Жан батпай ордасына албастыдай,
Жасауыл жалақтады жан-жағында.
Сол бір сәт аспан әлде жарылды ма?
Әлде бұл нажағайдың жарығы ма?
Селк етті, сұстиған хан жарғағынан,
Жеткендей жел тұманды жарып мұнда.
Дабылпаз шабуылға шақырды ма?
Әлде бұл атой берген батыры ма?
Хан жанын тітіренткен қандай сарын,
Қай лепес гулеп келе жатыр мұнда?
Әлде бұл әуендеткен түлегі ме?
Аяныш ашу жоқ па сүреңінде?
Жабырқап жаудан әлде оралды ма?
Мынау саз ащы тиді жүрегіне.
Хан тұрды жатқан жерден үрейленіп,
Сонау үн жақындады үдей беріп.
Тынатын самал батпай іргесінде,
Ысқырып тұрған жоқ па дүлей келіп?
«Сайрауға құс та менен именеді,
Тіл қатқан табаныма иленеді».
Хан солай қатып еді ашу қысып,
Ексімдеп күй келеді, күй келеді.
Албырт күй ақ ордаға кимеледі,
Хан өзі күйді неге тый демеді?
Тәңірдің жарлығы ма жерге түскен,
Қалайша ханға батып күй келеді?
Қалшылдап көтерілді алдаспаңдар,
Қан тілеп сумаңдады алмас қанжар.
Ордаға айдап келді күйшіні сол,
Қар жауып, қабақтарын қан басқандар.
Тергеуге жендет жылдам тіл таппады,
Мылқау ма мына күйші үн қатпады?
Сылаңдап саусақтары домбырада,
Жыландай бармақтары бұлғақтады.
Қаһарын көріп ханның түріндегі,
Екі шек дат дегендей дірілдеді.
Елшідей күйші қолы елбелеңдеп,
Пернелер көмекейдей күбірледі.
Домбыра әкетті ме бұрып ханды?
Қалайша күйші мынау ырықты алды?
Аңырып жасауылдар тілін жалап,
Қанжарлар қыбыр етпей тұрып қалды.
III
Кездесіп қырдың қайғы тұманына,
Ар айдап келген еді Тыма мұнда.
Енгенде ел шетіне Елігімен,
Естілген елдің зары құлағына.
Көз жасы шықтай қатқан сақалына,
Азынап атан дауысы атаның да,
Сәбидің шырылы да өксіп жатқан,
Белестен боздағаны ботаның да,—
Дегендей батты бізге хан жазасы,
Таптырмай қайда кетті ханзадасы?
Ер жоқ па естіретін өлсе соны,
Езді ғой елімізді қанды азасы.
Осы мұң құлағына келіп жеткен,
Тыманың тұлабойын тебіренткен.
Тұндырып толқындарын кеудесіне,
Елінің есіркеген кегін кеткен.
От - беріп намысына жан жары да,
Амалсыз қалды өзеннің аңғарында.
Дабыл ғып домбырасын келді Тыма,
Бас тігіп қатал ханның қанжарына.
* * *
Қанат қып қақты күйші домбыраны,
Қай жаққа қаршыға күй қондырады?
Мінгендей құланына Тыма шалқып,
Соңынан қадалғандай хан құлағы.
Қияға түзегендей еркін бетті,
Қырандай күй қанатын желпілдетті.
Шегіне сыйынғандай домбыраның,
Көздерін жұмып күйші елтіп кетті.
Сыбанған балуандай ер білекті,
Алдында майдан бардай өріп кетті.
Күйімен хан ашуын ертіп күйші,
Түндігін сүр орданың серпіп өтті.
Жүйрігін босатқандай кермедегі,
Саусақтар ырғып жылдам өрмеледі.
Қу шанақ сыр ағытқан күймедей боп,
Күмбірлеп таңдай қақты пернелері.
Құдірет қу тақтайға тіл берді ме?
Күйшімен еріп бірге жын келді ме?
Тәңірі сиқырменен домбыраны,
Жошыға елшілікке жіберді ме?
Домбыра бұлбұл қонған бұтақтай ма?
Азалы ордаға бұл күй тоқтай ма?
Тағында аңырап хан аузын ашты,
Мынау жын жөнелді деп шырқап қайда?
Саңлақ ат мінгендей - ақ сылаң қаққан
Сабаз күй аттанғандай Сығанақтан.
Сыңсыды шектер неге, толқындар ма
Шуылдап ел зарымен Сырдан аққан?
Сол сарын, су бетіндей шымырлаған,
Аралға қамалғандай шұбырған аң.
Күйікпен күйші соқты, күй ыршыды
Қанаты күйген құстай шырылдаған.
Қапастан күңіреніп үн шыққандай,
Тұтқын қыз тұңғиыққа тұншыққандай.
Үн кетті, өрттен міне жалын алып,
Қызуы тамырдағы ыршып қандай.
Астынан қара бұлттың күн шыққандай,
Сері күй серпілгендей шымшып таңдай.
Шығанға шықты сарын безек қағып,
Артында ала тұман қырсық бардай.
Ел ме бұл елестеген сағымдағы,
Шеру ме шертіп мынау сағынғаны?
Әлде бұл құйқылжыған құланы ма
Күй қайда жауар бұлттай ағындады?
Сап құрып шапты неге саусақтары,
Қуғыншы таянды ма алшақтағы?
Топырлап құздың тасы құлады ма,
Соқты ма дауыл гүлді жамсатқалы?
Қиядан жасауылдар лап бергендей,
Мүскіннің тағдырына тап келгендей.
Жаутаңдап күйші содан ығысқандай,
Хан ие қасын қақса дат дегендей.
Жасқанып жанарынан жөнелгендей,
Сызылды күй сазынан елең бермей.
Саусақтар пернелерден жылыстады,
Артында қуғын бардай, ерен желдей.
Жасақ па саусақтары қиқулаған?
Құлан ба домбырасы қутыңдаған?
Ұлыңдай қырда қалған ізін қарап,
Адасып қалды хан да күй тыңдаған.
«Жын ба екен, жонда мынау құйындаған?
Жел ме екен, жосығы бір тыйылмаған?
Қанат па қалықтаған домбырасы,
Ұстатпай қайда тартты, күйі маған?
Нөсер күй әскерім бе жауға шапқан?
Асауды құрығынан кім босатқан?
Түйілген түлкіге бұл қыран емес,
Ұлым ба қапы қалған сол қашақтан?
Не дейді тақтай мынау дірілдеген?
Жасағым қайда қалды дүбірлеген?
Қаңтарып ханзаданы жапан қырға,
Қияға құлдыратты күйін неден?»
Хан солай көз алартып түйілгенде,
Киіктей күй де қашты қиыр белге.
Күйшінің шапшаң қолы қалбалақтап,
Ұқсады дауыл қаққан диірменге.
Сол күйден тарылғандай тыныстары,
Жарқ етті жендеттердің қылыштары.
Хан басын шайқап қалды жым-жырт болып,
Қақшиып қайта қатты тыныш бәрі.
IV
Шанағын Тыма тағы қамшылады,
Күй емес, шекті бойлап аң шұбады.
Қуғыншы қалмағандай қыр соңынан,
Сорғалап маңдай тері тамшылады.
Шектерден қашып бір кез қауіп кетті,
Құлан күй енді қайда ауып кетті?
Қиялға мініп хан да шауып кетті.
Елігіп айқай-сүрен әуендерге.
Мейлі күй, екпіндесе еру бермей,
Шертілген мынау өзі шеру нендей?
Жорығы ханзаданың шығар сірә,
Көңілді жазып кетті серуендей.
Күй ме сол, жылжып көшсе керуендей?
Аңқы күй, адырларға өріп желдей!
Жаны шат шабуылға, дүрбелеңге,
Хан сондай ерен сазға ерігендей...
Көтеріп құйын оны әкеткендей,
Сәйгүлік ақты қайда жетек бермей?
Кеткенде долданып күй, састы күйші,
Алдында құлан тулап, жер тепкендей.
Тұлпары жауды сезіп пысқырғандай,
Саятшы қыран жауып құс қырғандай.
Екі шек шегіншектеп безілдеді,
Қамыстар сырнай тартып ысқырғандай.
Әлекке сорлы күйші түсті қандай?
Қияға ұшты неге күшті жандай?
Шек көлін шағаладай сабаласа,
Қанатын қара жерге..құштырғандай.
Бармағын сәл бір сәтке бұрып қалды,
Күй сыңсып көл бетінде тұрып қалды.
Шоқаңдап құлан келді қиялына,
Ажалы ханзаданың ырықты алды.
Көзіне бұлдырады арда құлан,
Күрсінді айрылғандай ардағынан.
Тулап жүр асау шіркін қырда жүйткіп,
Құтылмай ханзаданың қармағынан.
Әңгүдік хан баласы екіленген,
Еліріп, көк долыға екім берген.
Құйындай құлан тулап қу жапанда,
Құдиып қашқан қасқыр секілденген.
Даланда, ханның ұлы адақтаған,
Асаудың қатерін де аңдатпаған.
Кездесіп тағы құлан тобырына,
Айнала болды бейне аң қаптаған.
Тістелеп әңгі айғыр бүйірінен,
Құландар кісінескен үйірімен.
Алақтап ханның ұлы жалын құшып,
Асықтай ат үстінде иірілген.
Әңгімесі тағылардың аузын ашты,
Саяққа адам мінген азу басты.
Садағын қалды соған сілтеп нөкер,
Тимеді нысанаға, жазым басты.
Сұр жебе қадалғанда тілерсекке,
Ат - құлан шыға қалды орғып шетке.
Құлындай дауысы шығып шұрқыраған
Құтырған аңдай мөңкіп қарғып көкке.
Үйірін құландардың бықбырт басты,
Беріден бөрліккендей үркіп қашты.
Ақсаңдап ат - құланы арт жағында,
Белеске аяқ қанын бүркіп қашты...
Содан соң не деп еді нөкерлері?
Күйшінің үреймен сол бөгелгені.
Кетіпті ханзаданы құлан жаншып,
Өлігі елестеді белеңдегі.
Күйшінің көзі шығып шарасынан,
Сескеніп жүрегі де аласұрған.
Күрсініп күймен баяу ырғалғанда,
Саусақтық қан сезілді арасынан.
Кетірді сол бір сарын есін неге?
Тылсымның енді сыры шешіле ме?
Шешен күй шырқап кетсе ажал жырын,
Жазықсыз жұмбақ тілі кесіле ме?
Қаһарлы қасын қағып хан қарады,
Селк етті күйші, қолы жорғалады.
Күй шіркін құл емес қой көгендеулі,
Тасыған өзендей ғой арнадағы.
Жаңбырдай ексімдеген, еселеген,
Тұсаудан ағытылды нөсер әуен.
Құландай тулап шықты домбырадан,
Долы күй, адуынды әсерменен.
Құдды күй асау мінді,
Артына қалдырғандай жасауылды.
Бүйректей бүлкілдеді бармақтары,
Екпіні көк дауылдай басар кімді?
Жошы емес, енді күйші хан секілді,
Шек емес, шан тулатып аң секірді.
Қу тиек қалтырады рақым тілеп,
Телегей тасқындағы жан секілді.
Екі шек жын қаққандай безілдеді,
Сәуегей шертер екен қазір нені?
Жошы хан шошығандай дүбірінен,
Үрей мен ашу қашты көзіндегі.
Сескеніп сүйенді хан асасына,
Хан тағын асау құлан басасың ба?
Тепкендей ақсақ құлан ақ орданы,
Ханзада тығылғандай тасасына.
Ызамен шерлі күйші еркіндеген,
Бебеуге басты, міне шертілмеген.
Сынғандай басбармағы шек ыңырсып,
Пернеден зар қағылды еңкілдеген.
Жаңбырдай сұрғылт бұлттан сорғалаған,
Сарнау күй төгілгендей сары даладан.
Аттан сап аңыраған аза келді,
Ордаға хан түнерген, сор қамаған.
Қабырдан үн шыққандай қараңғыда,
Қыраны қайғы торға қамалды ма?
Жорғалап маңдайынан торғай тамшы,
Күйші де алабұртты хан алдында.
Аза - мұң күңіреніп пернесінде,
Ашылды ажал сұмның пердесі де.
Жаралы қызғыш құстай күй шырылдап,
Қадалды ханның шерлі кеудесіне.
— Аһ!— деп хан, баласының сорын білді,
Жел соқты, ағаш аса омырылды.
Тағынан хан құлады, өре тұрды,
Өкіріп ордадағы обыр күллі.
Ханзада күйрегендей күй үзілді,
Ордаға құрғыр шектер үйді зілді.
Оқ тиген жолбарыстай хан жұлқынып,
Алтын тақ айбат шеккен үй бұзылды.
— Күй емес, алдияр хан зар тыңдады,
Сұм күйші шертті өлген жан туралы!
Тымаға төнді солай жендеттері,
Үстінде ақ алмастар жарқылдады.
Артында қалдырды да күй куәсін,
Үнсіз ол селебеге иді басын.
Наркескен таянғанда тамағына,
Хан байқап, қағып қалды қырғи қасын.
Аюдай атып тұрды ыңыранып,
Әп-сәтте хан қаһары ырық алып.
Шарт етіп алдаспанға тиді қолы,
Ашумен тікен түкті түрі жанып.
Сырылды айбатынан жендеттері,
Ұсынды басын күйші, селк етпеді.
Қағылар басы қазір ұмытты оны,
Есінен еңіреген ел кетпеді.
Көзіне Елік жаны елестеді,
Соңғы рет қоштаспады, кеңеспеді.
Дариға, мынау күйін жеткізгендей,
Ордадан қырға неге жел еспеді?
Жан бар ма елер енді мұңды сөзін?
Тағдырға иді басын, жұмды көзін.
Қолынан домбырасын жұлды біреу,
Қалдырып өлі жандай үнсіз өзін.
Біреудің қашалды ма әлде тісі?
Кетті ме араласып ой мен түсі?
Шекесі ойылды ма әлде кімнің,
Қасында құшырланған қандай кісі?
Кекті хан кімнің басын кесіп жатыр?
Өзі сау, жинағандай есін пақыр.
Қараса көзін ашып, хан семсермен,
Шанағын домбыраның тесіп жатыр.
Аңырып нояндары қайран соған,
Жошы еді талай елді ойрандаған.
Қалайша бұл күйшінің басын қақпай,
Семсері бұған неге қайралмаған?
Тиектің тұсын ойып кесіп алды,
Хан неге домбырадан өшін алды?
Өлімді кім естіртсе соның тілін,
Кесемін деген сертін есіне алды.
«Сор күйші сөйлеген жоқ тілмен әсте,
Ол емес, аза төккен күй емес пе?
Жел ауыз домбыраның көмейіне,
Жендетім, қорғасын құй, тілін кес те!
Күйшіні босатыңдар, кетсін аулақ,
Тағы да шерді төгер тентек саусақ,
Жөнелсін күйін шертіп, қырға кетсін,
Ұлымның қасіреті шектен саулап.
Қырамын, құландардың жоямын бәрін,
Амалсыз жорығымнан аялдадым.
Әскермен аттанамын жапан дүзге,
Садақты кезеніңдер, нояндарым!»
Хан солай әмір етті қан түкіріп,
Әп-сәтте аулақ қырға ауды бүлік.
Ақырды: «Ұлдың кегін аламын»—деп,
Арқада енді жұрттай аңды қырып.
V
Жайхұнның көп сарғайған — жиегінде,
Жетті ме жебеу болған күй еліне?
Құшақтап домбырасын Тыма келді,
Сыйынып күй - атаға, киеліге.
Қамырық еңсерді ме елін мүлде?
Егіліп жүр ме жылап Елігі де?
Өзеннің жылау тұнған жағасына,
Сағынып сабаз күйші келді, міне.
Хан емес, кегін оған қорқау кешті,
Сол бір сәт;төнген қатер тарқап, өшті.
Өлімі емес енді ханзаданың,
Еркін күй даласында дарқан есті.
Күй кезді жас төгілген жыраларды,
Зар шыққан сұламаға Тыма барды.
Аяу күй әлди қағып аймалады,
Сәбилер шырылдаған тына қалды.
Жер шөлін қандырғандай жауын басып,
Кеткендей жел тұманды жарып ашып.
Аналар босап құшты бөбектерін,
Енесін тапты төлдер жамырасып.
Әулие, абыз күйдің құдіретімен,
Шешілді қызыл тілдер күрметілген.
Жайхұнның жағасында, кешке жақын,
Жиналды жөңкілген жұрт қыр бетінен.
Жүректер жылынғандай кеткен мұздап,
Көрісті күйшіменен күткен ұзақ.
Тәңірдің үні, тербеп үзілді ме,
Бұлбұлдың қанатынан тұтқан дұзақ.
Қыран күй, қанаттанып ұшарында,
Кім екен, енген еркін құшағына?
Асылды иығына ерке Елік,
Егілген, елдей батып құса - мұңға.
Жары да, домбырадан киелі ме?
Ұқсайды жүрегінің тиегіне.
Мінгізген құлан күйге сол емес пе,
Тыма мәз, қайта-қайта сүйеді де...
Ойлады енді халық есі кірген,
Хан қалай босатты деп кешіріммен?
Сиқырын домбыраның естігенде,
Сүйді жұрт хан қашаған тесігінен.
Жайхұнның самалында жан сағынған
Жауындай ая тапқан аңсарынан.
Тарт деп сол күйіңді ханды жеңген,
Күйшінің сүйді халық саусағынан.
Қалжырап қалың бұлтқа ай батқанда,
Түнекпен хан ордасын сай жапқанда,
Әскердей шеру тартып жөнелді күй,
Қаһарын шерлі жұрттың айдап ханға.
Қосылып күйдің сазын қурай қақты,
Құба тал сол сарынды сырнайлатты.
Нәлетін айтып ханға аза салған,
Құландай елдің кегі тулай шапты...
Жошының қысымынан қақсап туған,
Күй шықты ереуілді аңсап қырдан.
Садақтай саусақ тиіп шерлі шекке,
Жапанға жортып кетті «Асқақ Құлан».
ЭПИЛОГ
Тәңір ғып дүлей күштің құдіретін,
Өтті ме Жошы солай құрып өкім?
Білер ең аталардың әуселесін,
Ақтарсаң ашылмаған қырдың бетін.
Басынан талай қара бұлт ауған,
Қария Хантауы мен Ұлытаудан.
Көресің обалар мен ұраларды,
Белгі боп қалған бізге бүлік жаудан.
Түсіріп еске сонау аза күнді,
Обалар бөгер сенің назарыңды,
Баяғы орлар бұлдыр аңыз айтып,
Шежіре жырау тағы жазар жырды.
Үндесіп ұмытылған ел кешегі,
Ұрадан күбір қағып жел еседі.
Көрсетіп обаны бір көне жырау,
Кездескен жолаушымен кеңеседі...
Сонау күй жұрт жүрегін елжіреткен,
Кетіпті ашындырып елді кекпен.
Жошының қарғыс айтып қаһарына,
Бүлігін ел бұлқыныпты еркі кеткен.
Алуға ұлдың өшін аңды қырып,
Қиянға аттаныпты хан құтырып.
Құдиған құландарды қырамыз деп,
Қалың қол садақ тартып, салды құрық.
Хан құлан оралсын деп аран құрған,
Тоқтай ма құйындаса боран қырдан?
Ұстатпай жон тағысы шаңынан да,
Сан жасақ қайтқан босқа қараң құмнан.
Ашумен хан әскерін жазғырыпты,
Жұртына жасағандай аз бүлікті.
Қуылған құлан сонда құласын деп,
Жапанға ұзын орды қаздырыпты.
Қайран ел талықсыды орды қазып,
Өр емес, өздеріне көрді қазып,
Аңқасын алау қақтап, арыды жұрт,
Құмына талай жанды көмді жазық.
Көрінбей құландардың шоқырағы,
Жошы хан жортып қырда ақырады.
Құлан бар деп естіпті қиян қақта,
Аң толған қалың қопа атырабы.
Хан соған жалғыз өзі жөнеліпті,
Артынан ізін қуып жел еріпті.
Жолынан Жошы қайтып келмеген соң,
Жан-жаққа жасауылды жіберіпті.
Адасып ханның солай қарасынан,
Нояндар қырды шарлап аласұрған.
Ұлыңдай жоғалған хан жатыр өлі,
Тауыпты қалың қамыс арасынан.
Кім екен, жаншып кеткен айдаһарды?
Қалайша ойран болды хан қаһарлы?
Жасырды жер де, жел де өлімді сол,
Хан емес, обада бір қаңқа қалды.
Ұлысқа, арқадағы қылмыс таңған,
Жұрт соны жасырыпты Шыңғыс ханнан.
«Жошыны өлтіріпті батыр қыпшақ»,—
Деп лебіз жеткен бізге жыл құстардан.
Ер шығар, кім болса да сол ашынған,
Ел шығар, ашындырған сор ашудан.
Күйшідей кекті қуған сабазды сол,
Көтер жыр, көне құмның арасынан!
Бейнесін сол батырдың қала шыңға,
Таңырқап тарих соған қарасын да.
Шыңғысты тітіренткен кекшіл ата,
Қалайша жыр болмайды даласында?
Жошыдан даламызда қалған мұра,
Хантаудың төңірегі толған ұра.
Жасырған хан қаңқасын оба ғана,
Белгі жоқ одан қалған; бәрі адыра...
Күй қалды, күйші тірі осы маңда,
Құйындай қырда құлан жосығанда.
Теңселтіп хан обасын жортады күй,
Сабаздай садақ тартқан Жошы ханға...
Солай бір кәрі жырау шертті маған,
Аңызды жер сақтаған, жұрт тыңдаған.
Мүсірке мұңды сонау шежіреңді,
Бұл күнде қуанышқа, құтты далам!
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі