Өлең, жыр, ақындар

Алатауға

  • 18.05.2019
  • 0
  • 0
  • 2613
Тусам да теріскейде, қыр бетінде,
Тау — бесік қиялымды тербетуге
Күн сайын асқарыңа, Алатауым,
Қараймын ойларымды өрлетуге.
Жалғанның жартысындай алып тұлғаң,
Құз басың қарағанды қызықтырған.
Күн сүйген, күміс төбең ақ күмбездей,
Аспанды мұнарасы сүзіп тұрған.
ІІІығысқа шұбата сап зор жотаны,
Қамалдай қарлы құзың өр жатады.
Құж-құж тас, құламалы шатқалдарын
Тасқындай күркіретіп су атады.
Бауырына бура түсті бұлттар шөгіп,
Кенет бір ақ көбігін кетер төгіп.
Ақша гүл, алма ағашы — тау алқасын,
Қуанам жас баладай, тұрсам көріп.
Қуантқан емес мені тастар ғана,
Атағың шықты сенің аспанды ала.
Өр биік республикам кеудесіндей,
Алатау, ая болдың астанама.
Ағылып күнбатыстан, күншығыстан
Жас қазақ түлегіңдей саған ұшқан.
Аңғарың арнасындай ой мен сөздің,
Төсіңде жыр тоғысқан, ән табысқан!
Келіп ем қанат қағып асқарыңа,
Күй салдың менің-дағы жас жаныма.
Қымсынған менің бала дауысымды
Көтердің дауылыңмен аспаныңа.
Күркіреп өзендерің құздан атқан
Өр даусын құлағыма құйып аққан.
Көкпенен гуілдескен бәйтерегін,
Ойыма өршілдікті ұялатқан.
Оранып гүлдеріне Алматының,
Атпенен ақын деген қайта тудым.
Көріп мен адамыңның күн келбетін,
Бақыттың жыры болды айтатыным.
Алсам да дала нұрын, өзен демін,
Тау тербеп көтерілді кеудем менің.
Шыңынан шалқып ойым, осы таудың
Өршіген өзегінен өлеңдерім.
Санаймын Алатауды сырласыма,
Уа, тауым, кетер мені шың басыңа.
Құзыңды басып тұрып қарайын бір
Даламның айдыны зор тұлғасына.
Қарайын жазығына, ең шетіне,
Жарқын жүз жандарының келбетіне.
Айбын бер дауысыма, Алатауым,
Соларға өлеңімді өрлетуге!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Тыңдады Америка қазақ даусын

  • 0
  • 0

Тыңдады Америка қазақ даусын
Сүйінші!
Әншіл жұртым, мәз боларсың.
Тербеліп, күйшіл далам қозғаларсың.

Толық

Менің Алматым

  • 0
  • 0

Алматыда алшақ басып келемін,
Өзімменен бірге шықты өлеңім.
Өлең - сынды ормандардан гуледі,
Алма біткен мәуе ағаштың гүлдері.

Толық

Томаға киген тау бүркіт

  • 0
  • 0

Томаға киген тау бүркіт
Қадайды көзін құздарға.
Сонда бір шыңды жаңғыртып
Саңқылдап ұшқан мұз-қарда.

Толық

Қарап көріңіз