Черчилль мырзаға
(Совет азаматы Қалижанның қарсылығы)
Черчилль мырза,
Дәм соққыр,
Кәрі дәукес!
Жасамақпын сізбенен
Сырттан егес.
Тағы неге
Желдетіп тозаң сөзді,
Несіне
Болып жүрсіз қызыл өңеш?
Саясатшы емеспін жер жүзілік
Жүрген сіздей жел сөзбен күн өткізіп,
Бірақ та
Бала емеспін
Кәрі шалдың
Ертегісін тыңдайтын
Көріп қызық.
Азаматпын,
Ақынмын өрттен шыққан,
Менің заңды кезеңім
Бұл тыныққан.
Сондықтан
Ызыңындай сары масаның
Сөздерді
Жақтырмаймын даурыққан.
Сымбатыңыз, сөзіңіз
Таныс маған,
Әділет пе,
Атақ па
Сізді айдаған,
Әйтеуір көруші едік кәрі шалды
Лондоннан
Москваға томпаңдаған.
Дүние болып жатты сол кезде ойран,
Сол кезде
Жентельмендік шықпай ойдан,
Сіз емес пе
Әлемді абыржытқан,
Европадан екінші ашпай майдан,
Ерлікті от ішінде біз еткенбіз...
Ал сіздің...
Тек сөзіңіз... серттеріңіз
Көп болды...
Бірақ та тез ескірді
Көтерген министрлік портфеліңіз.
Кәрі адамға қиын - ау елеусіздік,
Кеттіңіз архивтерге қайта сүңгіп.
Дұға оқып кірлеп қалған қағаздардан,
Шықтыңыз
Тозған сөзді қайта жыр ғып.
Кәрі адамсыз,
Ұят қой кеп кірлеген,
Өсектерді
Үйрену әлдекімнен.
Не таптыңыз...
Қан тамған,
Қараң қалған
Гитлер мен Муссолини
Архивінен.
Ойлаңыз,
Олар қайда шу көтерген,
Өздерін оты өртеген өзі үрлеген,
Діңгегін азаттықтың қайта қағып,
Көтердік дүниені біз өртелген.
Дүние иірілген емес ұршық,
Көрінген шалдуар шал қалса түртіп.
Азаттық аясында жаңа ғана
Дүние тұр діңгектей қадалған тік.
Ұмтылды ма
Лондонға шартылдап жай,
Сасқаныңыз...
Қашуға жер таба алмай,
Келгеніңіз
Бүкжеңдей
Сәжде етуге
Москваға
Азаттық мехрабындай.
Сол күндер жан түршіккен ұмытылды ма?
Дүние жатқан шақта тұншығуға,
Қақ жарып қан түнекті Европадан
Әлемге түсірді екен кім шұғыла?
Білесіз, Өзіңіз де идіңіз бас,
Дегенсіз...
СССР рас, СССР рас!
Енді не...
Жатқан тыныш ұлы елге
Түкіресіз сөздерді қан аралас?
Мазасын сөзбен алып бейбіт күннің,
Шақырасыз соғыстың қара бұлтын.
Әлде сізге
Даурығу бір атақ па,
СССР - ды өсектеу
Қаралап тым?
Дүние шошымалы жас бала емес,
Қараңыз дүниеге кімде ықылас?
Көрдім шалды Польшада
Сізбен құрдас.
Бірақ оның соғыста
Ұлдары өлген,
Сіздей емес, іркілген кезінде жас.
Жатқанда бомбы түсіп үйі жанып,
Біз едік сол апатта қалған алып.
Жаңа ғана
Сорлы шал көзін сүртіп,
Жатыр еді лашығын қайта салып,
Көріп жаңа
Азаттық күн елесін,
Жаңа ғана
Тұр еді жинап есін,
Сұмдық сіздің сөзіңіз оған жетті,
Сындырған бұршақтай бір терезесін.
Ашумен түйіп сізге жұдырығын,
Дейді қарт:
«Құрдасымнан алыс тұрмын,
Әйтпесе, сүйрер едім сақалыңнан
Нюренберг сотына...
Қазір, бүгін...»
Дүние — өмір сүйгіш бір жас жігіт,
Ғашығы — әрең тапқан
Бейбітшілік,
Соған қас сіз секілді ескілерді
Тастар өзі тарихтан бір-ақ сілкіп.
Зор даңқымыз майданда
Бар алынған,
Ол туған миллиондардың талабынан.
Ол өлмейді..,
Мейлі ұли берсін
Аш бөрі
Британия аралынан.
Сөзім сол:
Тоқталыңыз сұм есектен,
Кездессеңіз,
Дипломаттық мен әдеппен
Сөйлемеспін,
Өйткені қаным қызу,
Байқаңыз, кеше ғана
Шықтым өрттен...
Тоқта, шалым!
Өсекшіл, портфельшіл.
Адамымыз ғасырдың біздер өршіл.
Біздер алға басамыз, болмас бөгет
Біздерге қай-қайдағы Черчилль — мершіл.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі