Келемін мен ауылға – Қалижан Бекхожин

Бұл бетте «Келемін мен ауылға» атты Қалижан Бекхожин жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 20.05.2019
  • 0
  • 0
  • 1955
Келемін мен ауылға
Қайтқан құстай сонырқап,
Келемін жас бауырға
Әуелетіп, ән шырқап.
Жатыр шалқып Ертісім,
Көк толқынын алқалап,
Сапырып су күмісін,
Жүздім талай шалқалап.
Астымдағы кемем де,
Күй тартқандай тербеліп,—
Толқын билеп кемерде
Тереңнен тұр ән келіп.
Бауырым білім алсын деп,
Алып келем әр томды.
Шаттық жырын салсын деп,
Ертіп келем Байронды.
Ертіс бойы орман, сай,
Келемін мен жағалап,
Көңіл құсы тұра алмай
Кетті қырын аралап.
Бас изесіп келемін,
Жаста сырлас жерменен.
Шалқыды оған өлеңім,
Кешкі самал желменен.
Ән салды Ертіс шуылдап,
Толқын шауып жағалай.
Туған жерден ән тыңдап,
Қуандым жас баладай!..


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері