Жол үстінен
I
Жүйрік поезд келеді ағып,
Түптен тартып тау тамырын.
Суреттеуге сөз шыққанша,
Кетеді ағып сан шақырым...
Көк жалынды будақтатып,
Шықты поезд өрден - өрге.
Сұлу сурет жатты қалып,
Жел жүгірген жасыл белде.
Тербетіп сан - сан дөңгелек,
Тартты қызып поезд күйін.
Көлеңкесі жерге еркелеп,
Жел мен ойнап соқты биін.
Ұшқандай бон бейне көкке,
Көтеріліп келемін мен.
Көңілім тасып төңірекке,
Қарадым мен терезеден.
Көз жеткісіз айдын дала,
Төсеніпті қызыл кілем.
Кейде шешек, кейде жаңа
Алтын жеміс тізбектелген.
Неткен дала қиыры кең,
Сағымы ойнап жатыр шалқып.
Қай держава келеді тең,
Айбыны зор, көлемі артық.
Көрдім шаттық желдер ескен,
Еркелеген еңбекші адам.
Көрдім қызыл гүлдер өскен,
Масайраған еркін далам.
Күн күлімдеп өрлерінен,
Шыққан шаттық құйындатып.
Шалқытады жүрегімді
Қиялымды қияға атып...
Түсті есіме түнек басқан,
Сонау сұрғылт неміс жері.
Онда жұрттың өңі қашқан,
Озбырлықтың басып селі.
Онда ақылшы, сорлы Фауст,
Сөйлемейді, онда - жоқ тіл.
Онда Гитлер — бір жалмауыз;
Адамға қас — Мефистофель.
Естілді елдің күңіренгені,
Күрсінгендей теңіз бейне.
Ағытылған жырмен шері
Онда қазір үнсіз Гейне.
Тоқта! Гейне, Гете мұнда,
Жыр шертеді бізбен бірге.
Пушкин, Абай — ортамызда,
Сырласамыз кең өмірде.
Сырласамыз Гейнелермен,
Онда Гете, Гейне де бар.
«Фауст» сырын оқысам мен,
Тыңдар жігіт болып құмар.
Неткен дала, ұлан байтақ,
Көлбеп жатыр жасыл белдер.
Уа, құрдасым, жас инженер,
Бар даланың асылын тер!
II
Жүйрік поезд ұшты құстай,
Жатты жолдан белдер көшіп.
Асулардан өтті талай,
Қалды талай көк төбешік.
Түрксібтің түйіншегі,
Жатқан мынау Айна - Бұлақ.
Иігендей тау емшегі,
Күміс суы аққан шулап.
Басын иген жас қарағай,
Жасыл сулар көлбеңдеген.
Көңілім тасып жас баладай,
Әнге салып келемін мен...
Көрдім кербез құрыш құстың,
Аққудай боп тауда ұшқанын.
Көрдім соққан шаттық ұшқын,
Тасы балқып, тау құшқанын.
Толқынданып жасыл нуы,
Қою орман тартқан сырнай.
Аққан тастан кәусар суы,
Ол да шаттық әнін шырқай.
Қуанышқа қойны толып,
Құшақ жайған Алатауым.
Жапырақтарын жел тербетіп,
Шайқалады бақша-бауым.
Оранғандай көк торғынға,
Тау еркесі — сұлу қала,
Жатыр жайнап бауырында,
Сүтін емген бейне бала.
Жарқырайды жұлдыздай боп,
Көк ішінен көркем сарай,
Көрінеді тау төсінде,
Зырқыраған көп трамвай.
Естимін мен ән шырқаған,
Қазақ, орыс, ұйғыр, дұнған.
Көшесінде көлі көлкіп,
Еркін шаттық, құрған думан.
Толған алма орман іші,
Тау фонтаны аспанға атқан.
Сайрайды әне бұлбұл құсы,
Гүлмен ойнап, нұрға батқан.
Қазір енем құшағына,
Екпін қатты, емес баяу.
Әзір сырттан сырласайық,
Жетуге де қалдық таяу.
Сенсің тауым, тұлғаң алып,
Далаң, қалаң — көркі көркем.
Сүтіңді ішкен мейірі қанып,
Болған сенің сүйікті еркең.
Алдың қайдан қуанышты,
Шықты ма әлде тасты жарып
Әлде көктен нажағайлар,
Ағызды ма от шығарып?
Әлде аспан күлімдеген,
Жіберді ме сәуле саған.
Сөйлейді де жырлайды әлем,
Даңқы күшті ағындаған...
Елестейді қиялыма:
Сүреңі жоқ сонау Берлин.
Ел жүрегін қайғы кернеп,
Фашизммен түнерген Рим.
Уа! Алатау, сен алыпсың,
Отанымның бейнесіндей.
...Асқақтаса толғанып шың,
Тұрамын ба мен сүйсінбей!
Сен беріксің бұзылмастай,
Сенде күннен күшті күн бар,
Нұры шалқар океандай,
Қуаты оттай, өзі асқар.
Қуаныштың жібек желі,
Есті ойнақтап Алатаудан.
Күлімдеген көрінді елі,
Көк торғынды Алматыдан.
Ұлы адамның сәулесінде,
Толықсыған тау түлегі,
Алматыны көрем күндей,
Қазақстан — ол жүрегі.
Анасынан кетсе шетке,
Сағынады сәби бала.
Жас баламын мен де бейне,
Ана болған маған қала!
Жанның тәтті махаббатын,
Болмас жұрттың күндеуіне.
Сағындым ғой, ақиқатым
Кеттім сол бір түнде неге?
Жарқырайды генийлықпен,
Жұлдыздай боп қалаларым.
Таба алмассың керікті тең,
Мағрыптың1 кезсең бәрін!
Әлдеқайда шыққан даңқы,
Сұлулықпен Венеция.
Кәрілік жеткен, кеткен қалпы,
Жын ойнаққа болған ұя.
Көрем, қалам, алтын жүзді,
Сипатың бар, күнменен тең.
Алабыңа құйып шаттық,
Сырласасың Мәскеуіңмен.
Жүрегімнің лебін тартып,
Қуанышпен аламын дем.
...Жыр шырқаймын терең шалқып,
Арыстандай кеудесі кең.
...Сырларым көп сақтап тығып,
Сандыққа сап алып келген.
Қуаныштан кесте тігіп,
Жас келіншек маған берген.
Бітсін енді жол ермегі,
Сырды ашуға тез жетейін.
Сүйсін колхоз келіншегі,
Дастан жазып көрсетейін!
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі