Керемет қала — Кентау – Ғафу Қайырбеков

Бұл бетте «Керемет қала — Кентау» атты Ғафу Қайырбеков жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 22.05.2019
  • 0
  • 0
  • 4519
Абай, Пушкин, Толстой,
Жамбыл, Шоқан, Ыбырай –
Бәрі де бір алып қой,
Өнері мол, жыры бай! –
«Оны неге тіздің?» - деп,
Таңырқама, дос, маған.
Тірлігінде «сіз», «біз» - деп,
Тағдыр басын қоспаған.
Осы алыптар Кентауда
Кездесіпті дәл бүгін.
Әр кешінде, әр таңда
Атайды екен барлығын.
Көшелердің есімі –
Дәл осылай қойылған.
Өңшең алып, ешбірі
Шығар емес ойыңнан.
Бәрі мұнда сәбидей
Сүп-сүйкімді, жап-жаңа.
Бүгін туған ән-күйдей
Көше жаңа, бақ жаңа.
Қаратаудың төсінде
Тіккен орда көп болған.
Ғасырлардың көшінде
Жығылған да, жоқ болған.
Жығылмас бұл, тұрар мың
Жыл өтсе де, жас қалам!
Достық - атты құралмен
Сомдап соғып тастаған!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері