Өлең, жыр, ақындар

Жаздың жалпақ жазығында яки ақбоз аттың жалында

  • 23.05.2019
  • 0
  • 0
  • 1575
Ақбоз атым, келші бермен,
Келші, жүйрік мерейім,
Жез тұяғың жер сімірген,
Бүтін бе екен, көрейін!
Ерің қайда алтындаған
Аш беліңе салайын.
Күміс жүген жарқылдаған
Күлдір-күлдір тағайын!
Жал, құйрығын, сүзілдіріп,
Кекіліңді тарайын.
Көз қуанып, жүзім күліп,
Жаным жайнап қарайын.
Ал, содан соң, алыс шалғай
Аспан астын шолайын.
Үзеңгіні толғай-толғай
Арқаңа ырғып қонайын.
Маңдайыңды жазға беріп,
Тіл қатайын, «Шүу!» — дейін.
Маң далаға маздап еріп,
Ақ самалдай гулейін.
Сонда мені сағынған жыр
Бос кеудемді толтырсын.
Бұлтсыз аспан төгіп жаңбыр,
Жан жайлауым құлпырсын.
Мынау жазда, бұл көктемде
Бақыт мені шақырсын.
Алғашқы шаң бұрқ еткенде
Алғашқы өлең атылсын!
* * *
Гүл Райхан — көктем қызы,
Әлі де аман тұрсың ба сен?
Көре салып кетпен үзіп,
Қызарма сен, қысылма сен!
Көп кешіккен жазғытұрым
— Жазығың деп кінәламан,
Күрең кескін, жасыл бұрым-
Жас қызығым, сен қал аман!
Достарыңмен тойладың ба,
Сыңғыр-сыңғыр қағып, қайран!
Көк бұлтқа бойладың ба,
Көңіл жасап, салып сайран?
Ақ толқындай аққан аттың
Тұяғында болар қауып.
Кірлейді ғой ақ қанатың
Дауылды шаң кетсе жауып.
Өзіңе өзің қас тілеме,
Қаш жолымнан, қаш аулаққа.
Әлі де ақын жассың деме,
Азғырма, көз жасауратпа!
Қош, Райхан, ақ боз аттың
Қағып кетпей үзеңгісі,
Әулиесі махаббаттың
Соңғы көктем күзетшісі.
* * *
Көкше талдың ұшында
Ән ілініп қалғандай
Отыр шырқап осында,
Бір бала құс бал таңдай.
—Шілде жақын, май еткен,
Нәзік көмей бүлкілдеп,
Әлі күнге әндеткен
Бұл не қылған бұлбұл деп,
Аттың басын бұрдым мен.
—Тоғай тынып тыңдаған,
«Мынау тәтті сөз» дескен.
Оңай олжа бұл маған
Оқыс сәтте кездескен.
Аттың белін суытып,
Құлап түсіп шалғынға,
Өз тілімнен су жұтып,
Таңдай қағып қалдым да;
Жығыла кеп тыңдадым
Шомып сиқыр елеске,
Келтірген соң бір бабын
Ән бақытты емес пе?
Рахат тоғай, сырнай құс
Тарқатқандай бүгін шер.
Өнер деген бір байғұс
Өлтірер де тірілтер.
* * *
—Келе жатсың, жаным, қайдан
Қарақат көз қарындасым?
—Шығып едім сұлу Майдан,
Көктем аулын сағынғасын.
—Болды қызық онда қандай?
—Тарқады да қанша құмар,
Болды бәрі, болмағандай,
Жаңа тойды жан сағынар.
Ақ боз атың аппақ көбік
Алыс па еді, аға, жолың?
—Жастық шақты қайтпақ көріп,
Бар жұмысым, барар жөнім.
«Аға» деген сөзді, қалқам.
Сенен артық айтпас ешкім.
Сері көңіл, сезім дарқан
Сағынышпен сапар кештім.
—Сәл бұрыстау біздің ауыл,
Мен шақырсам барар ма едің?
—Шақырғанда қайран бауыр
Қақым бар ма қалар менің?
Алдыма отыр, қалқатайым,
Ақ көйлегің желбір қағып.
Көк аспанды көрген сайын
Ақша бұлтты еске салып.
Ол ауылға таныс та едім,
Сен үшін де бір соғайын.
Жақын да едің, алыс та едің,
Жастық деген жақсы ағайын.
* * *
Амансың ба, құралай,
Ақын жаны сапарлас.
Шаба бермей туралай,
Кел, менімен қатарлас!
Қайран дала еркесі,
Қабырғаңды құрғат сәл!
Жоқ ешкімнің сенде өші,
Жанарыңды тура сал.
Кел екеуміз жарысып
Ақ сағымды керейік.
Сағыныштың бәрі ыстық
Дала бетін өбейік.
Оның кеңдік қадірін
Сен білесің, мен білем.
Таршылықтың бәрі — мұң,
Мұңға қалай көндігем?
Қыстан жаным қысылып
Шыққан бетім, жас киік,
Қалсын кеудем құлшынып,
Қасқая тарт, қасқиып!
Тазалықтың өлкесі
Тағы мені жу, сағым!
Сақарамның кең төсі
Самалыңа сусадым.
Жау көздерге жолықпа
Атып оғын тауысар,
Жануарым, қорықпа,
Ақын атпас, жарысар.
* * *
Қоғалы көл Қорғалжын,
Айнасына бұлт түскен.
Жағасына қонған күн,
Жамырап жұлдыз су ішкен.
Жәрмеңкесі құстардың
Күн шілдеде қызған шақ.
Мекені емес іштардың
Қызығыңды қызғаншақ.
Бәрі әлінше сауықшыл,
Мұндағы адал жұрт қандай.
Татулықтан тауып сыр
Тірлік балын жұтқандай.
Құс патшасы — қос аққу
Қасымда тұр таранып.
«Сеніп болмас — адам қу», —
Дегендей-ақ қаранып.
Сақсынады-ау, сабаздар,
Ұят мені қысқандай.
Бейне аппақ қағаздар
Көл бетімен ұшқандай.
— Ақ сұраудың белгісі
Секілденген мойыны.
Келді нені білгісі,
Шыны ма әлде ойыны?
«Өзін мұның кім білсін,
Аты жақсы екен!»— деп,
Кетті әрі қарай жүзісіп,
Көл кескінін көркемдеп.
Құйт тыңдама, құйт тыңда,
Аққуларым, аман бол,
Ақынмын — деп айттым да,
Кештім тағы ұзақ жол!
* * *
Ақ тоғайда бір терек бар,
Бар емес-ау, болған ол.
Қалған одан көп бөбек бар,
Өткен жазда солған ол.
Бәлкім, жүз бе, жүз елу ме,
Жер бетінде тұрғаны.
Жоқ шамасы түзелуге
Қатал тағдыр құрбаны.
Алуан-алуан талшығында
Басылмаған құс әні,
Әзер жеткен қаусыруға
Он адамның құшағы.
Бүкіл орман қабылдаған
Таңда берген батасын,
Сәлемінен жаңылмаған
Сыйлап кәрі атасын.
Темір өзек тегі мықты,
Терең тамыр сол қыран,
Талма-тал түс шегініпті
Өмір сапар жолынан.
Дәл былтырғы қуаң жазда
Жай түсіпті басына,
Қалған әрең құлай жаздап,
Кірмей жердің астына.
Қап-қара боп қаңқасы тұр,
Кеткен күйіп өзегі.
Сынған өмір арбасын бұл
Сүйегімен сезеді.
Қуыс дене ішін бойлап
Жел азынап еседі.
— Жатқан да жоқ ешкім ойлап
Ер дәуірін кешегі.
Жамыраған жас теректер
Аң-таң қалып қарасқан.
Есіркемес ертерек деп
Ескі досы кәрі аспан.
Ескі анасы — әз арманы
Жер де айтпады обал деп,
«Биіктердің ажалдары
Биіктерден болар», — деп
Жел ғана тек сыбырлайды,
«Кірмейді енді ол санға.
Бәрібір сол ғұмыр зайғы
Не керемет болсаң да!»
Өмір тыныш сабасында,
Жан-жақ толы жас үміт,
Аслан мен жер арасында
Ол тұр әлі асылып.
Бір күн дауыл кетпек қуып,
Енді оған да көнген ол.
Дауыл менен от боп туып,
От, дауылдан өлген ол.
* * *
Ақ тоғайда қара шал
Жүз он бесте сау отыр.
Бір бүйірде одан сәл
Тосып ажал — жау отыр.
Оған қарап аларып,
Көзінде ойнап көк нөсер,
«Әкең ауыз...» деп алып,
Тіршілікпен сөйлесер.
Қайыс қапты сүйектей
Саусақтарын ұстадым.
Көп тоқтауға үйретпей
Сездім тез-тез қысқанын.
— Тамшы тамбай тұр биыл,
Бұлт жөңкіліп әрі-бері,
Бізге әкелген тұтқиыл
Жақсылығың бар ма еді?
—Бар, — дедім мен қайсарға
Жауап беріп қайсарша —
Төк ендеше тайсалма,
Ауызыңа құдай салса!
—Бір сағаттың ішінде
Бір бұлт шығар ойнақтап —
Дәл осы ауыл үстінде
Жөнеледі сел қаптап.
Бірақ оны тоспаймын –
Дедім бағып шал көзін,
Сосын қорқа бастадым
Өз сезімнен енді өзім.
—Балалар, мені киіндір,
Бір қарайын аспанды.
Ер жігітке қиын бір
Егес сәті басталды.
Қаратөбе, Ергешке
Төсек салдыр кілеммен,
—Егер сөзің келмесе,
Езуіңді тілем мен!
«Әкең ауыз...» — мәтелін
Маған қарап жолдады.
Осы шығар қапы өлім,
Енді ақын сорлады, —
Деп маңдайдан тер шып-шып,
Дереу атқа қондым мен.
Екі көзге жас лықсып,
Көктің жүзін шолдым мен.
Мен сұрландым содан соң,
Көк сұрланды содан соң.
Қаратөбе басына
Бұлт торланды содан соң.
Зымырап кеп әлгі бұлт
Дауыл қуып дедектеп,
Ойнап оттар қым-қуыт,
Құя салды шелектеп.
Тынды нөсер енді сәл,
Жел сөйлесіп егінмен.
—Құдаймысың? — деді шал,
—Мүмкін болар! — дедім мен.
* * *
«Келемін тау ішінде өлеңдетіп,
Аймақты күңірентіп, елеңдетіп.
Астымда ақ боз атым — сұлу сағым.
Қайшылап қос құлағын ербеңдетіп.
Ақ боз ат - менің тұлпарым,
Шалқыған көңіл — сұңқарым...
Ай, сүмбіл шаш,
Қара көзім, тәтті сөзің;
Келгейсің сағынғанда жалғыз өзің».
Сәкен.
«Ортаудың ортасы ашық алаң — деймін,
Жаз болса жалаң аяқ барам — деймін,
Дүниеде дүкен - базар құн жетпейді
Ақ көйлек, балалық шақ, саған деймін.
Келемін сағыныштан боз ат мініп,
Құрбыға қиядағы көз лақтырып,
Самалда көтеріліп, сау желемін
Алыстан қайтатындай қыз айттырып.
Ақ боз ат кісінейді тауды оятып,
Тұяғы салқын жұмсақ сазға батып.
Жануар сағына ма жас үйірін,
Келген соң жал семірер жазға қайтып?
Ортауда бұлт балалап күнмен көшкен,
Ақ жаулық, келіншектей серуендескен.
Жарасып, көздің оты көп кездесіп,
Күн қайда күлкі шашып «сәулем» дескен!» —
Осы әнге мен қарадым мойын бұрып,
Жаяулап, атымды отқа жайып жүріп.
Жарқ етті күн көзінде бір ақ тұлпар,
Жарқ етті күн көзінде қайың құрық.
Айтусыз ажарындай сол алқаптың
Көкжиек — қалың жылқы көзбен таптым.
Жылқышы құрығына сағым ілген...
«Антұрған, әнші екен!» — деп қарап қаппын.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Көңіл күйі

  • 0
  • 0

Түркістанның көшелері ылғи бақ,
Кеудесінен бұлақ аққан құлдилап.
Жүре берсем, жүре берсем, дариға,
Қыз құшақтап, гүл иіскеп, сыр жинап.

Толық

Батыр да «атқа» отырды

  • 0
  • 0

Сағымды түсте күн қызып,
Көзіңе түссе комбайн.
Көрінеді екен, бір қызық,
Шөгеріп қойған нардайын.

Толық

Жақсы екен сенің Отаның

  • 0
  • 0

Жақсы екен сенің Отаның,
Келісті өлке, кең көңіл.
Ұмытпайды екен Сейтжанын,
Ұмытса да ұлы кейде бір.

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар