Замана туралы толғау
Хабибі - хақ сәруәрдайын,
Әбубәкір, Омардайын,
Осман, Али - һайдардайын,
Әділ патша табылмас-ты!
Бас ауырып, тәуіптерді,
Алып келіп бақтырарсың.
Өз қалыңды ауыр көріп
Өкпеменен қақтырарсың.
"Жын-пәлекет кетсін де" – деп
Тұмар алып, тақтырарсың.
Тура құрық келген болса,
Дертіңе дауа табылмас-ты!
Қатын өлсе, ғамкүн болып,
Қаңғалақтап қалсаң керек.
Онан-мұнан қағыстырып,
Базбіреуді алсаң керек.
Айшы-ишрат қылмақ үшін,
Төсек қалың салсаң керек.
Бір кеткен соң, қамкөңілсің,
Ата-ана табылмас-ты!
Жаман болды алғанымдай,
Бір Тәңіріге көп налырсың.
"Жарым сондай болса екен", - деп,
Көрінгенге көз саларсың.
Жазған болса, маңдайыңа
Әзалда оны не қыларсың.
Бәріңізге жүзі қызыл,
Қасы - қара табылмас-ты!
Біреу - жарлы, біреу - малдар,
Сенің бәріңді алдар.
Өлшеп берген нәпақаң бар,
Ертелі-кеш іздегенмен,
Артық дүние табылмас-ты!
Балаларың мектеп көрсе,
Ғалым болып әдеп көрсе.
Әркім келіп, сауал сүрсе,
Оған баға табылмас-ты!
Енді заман ақыр болар,
Көп мұсылман кәпір болар.
Дүние - қор, обыр болар,
Пақыр қалып сұрамаққа,
Асла қамқор табылмас-ты!
Қарсы тұрар дадыңызға,
Алып тұрар жадыңызға.
Тұралықтың туын ұстап,
Басшы болар алдыңызға.
Ойлы аға табылмас-ты!
Бұл дүнияға көңіл қойма,
Қонақ келсе, арық сойма!
Ақылың болса, оны ойла!
Алты қары бөзден басқа
Артық опа табылмас-ты!
Жарлы екен деп, аямайды,
Бай екен деп сыйламайды.
Ғапыл адам ойламайды,
Ойлағанмен түрлі амал.
Өлімге айла табылмас-ты!
Бір шыбындай жаннан кешіп,
Ғашық пида болмасаң.
Қатын менен малдан кешіп,
Тәркі дүния болмасаң.
Кеші-күндіз зар жылаумен,
Тағат, тағды қылмасаң.
Рахатпенен жатқандарға
Дидар Құда табылмас-ты!
* * *
"Аяту" деп, Аллам соны,
Башар реңге түсіріп.
Ірің қылып, қан қылып,
Сурет етіп, Жан қылып,
Анасының ішінде
Тоғыз ай, он күн кешіріп.
Жылатып, жерге түсіріп,
Құдіретімен Қадыр Хақ,
Жанды қылса, керек-ті!
Аяқ беріп, қол беріп,
Он екі мүше мол беріп,
Сайрап тұрған тіл беріп,
Ақ жүзіңе нұр беріп.
Он екі жасқа келтіріп,
Құдайды анық, бір біліп.
Жасы үлкенге пір қылып,
Аузынан шыққан сөздерін,
Қымбат баға, дүр қылып,
Мұндай жанды бір топқа
Аға қылса керек-ті!
Қараса, Кәләм Аллаға,
Көңіл берсе моллаға,
Рахат берер баршаға,
Мұның өзі маһшарда
Жаннан ағла болса керек-ті!
Біреулер етер ұрлықты,
Ұрлықтың түбі - қорлық-ты.
Көрінгенге ол залым,
Қыла берер зорлықты.
Құлағына алмағай,
Құдай берген бұйрықты.
Мұның орны жаһаннам,
Орны болса керек-ті!
Кейін тәубе қылғанша
Жастығымда қылғанша.
Қартайғанда Құдайға
Жалбарынып жылаумен,
Өлшеп берген өмірді
Бос өткізсе керек-ті!
Біреулерді Құдайым,
Алтын таққа міндіріп,
Байлық құсын басына
Еркіменен қондырып,
Қайғы отын сөндіріп,
Һүкіміне жұртты көндіріп.
Риза қылса керек-ті!
Әзірейіл келгенде,
Кетірер сенің әліңді,
Шығармастан қаныңды,
Суырып тезден жоныңды,
Жүдә қылса керек-ті!
Қасықтап жиған мал қалар,
Бала, әйелің - бұл қалар.
Қалғандардың көңілі үшін,
Аға-інің басыңа
Думан қылса керек-ті!
Сені таза жіппенен
Жеңсіз көйлек кигізіп,
Үш жеріңнен бұғайлар
Қатты жерді ойғайлар,
Кіргізіп онда қойғайлар,
Топырақпенен бастырып,
Дұға қылса керек-ті!
Көзін тұздай ойнатып,
Ауызын оттай жайнатып.
Мүңкір-Нәңкір періште
Сені көрден оятып,
Жауап сұраса керек-ті!
Дәуірі өткен би, хандар,
Қасындағы жарандар!
Тақ үстінде отырғандар!
Барлық жұртты сорғандар!
Жарлыдан алып, байларға
Сыйлау қылса керек-ті!
Дәуірі өткеннің қожасы,
Қыдырып келер есікке.н
"Бұл үйде кім бар екен?" - деп,
Көздерін салар тесікке.
Бала-шағасын басынып,
Өтіп, барып, отырып.
Дұға қылса керек-ті!
Бұл заманның қожасы,
Кете берер сілтесе.
Анығында, қарасаң,
Рас емес Алласы,
Қолына түссе, егер де,
Жарты алтының сомасы,
Көрмей-білмей біреуге
Куә болса керек-ті!
Заманы өткеннің байлары
Артық көрер басына,
Дәулетті адам кез келсе,
Шақыра қояр асына.
Тіленіп келсе, бейшара,
Көзінен төккен жасына.
Көмек беру қайда оған,
Мазақ қылса керек-ті!
Бұл заманның қатыны,
Жұла тастап ұятты,
Құшақтай кетер шаһзатты
Қанағат қылмай қартыны,
Шала сүртіп артыны,
Ac ұстаса керек-ті!
Кейінгі заман жастары
Әдебі жоқ бастары,
Әзәзілдің жолдастары,
Ата-ананың көзінше
Қолтықтасып ойнаулары
Ойлағаны, күткені –
Зіна болса керек-ті!
Ұл атадан ұялмаған,
Ана қызын тия алмаған,
Кетсе, шақырмай келмәгай
Биһая болса керек-ті!
Кейінгі кездің адамы,
Несие сөйлеп қалмағай.
Бір-бірінің үйінен
Аяқ-табақ алмағай.
Үй басына бір келі,
Диірмен болса керек-ті!
Шүршіт келіп, Ташкентті алғай,
Сайрам менен Жанкентті алғай,
Қашқар менен Жаркентті алғай,
Қоқанд пенен Қожантту алғай,
Мұсылмандар зар жыласын,
Сауға қылса керек-ті!
Шүршіт және қарыз қылғай,
Самарқандқа жүріс қылғай,
Жайылымға тұрыш қылғай,
Мұсылмандар ырыс қылғай.
Шаһзада шаһіден шығып,
Шүршіттердің бәрін қырып,
Опат қылса керек-ті!
Тажал шығып, дінді бұзған,
Қылышынан қан тамызған.
Мұсылманның бәрі тозған.
Ошал малғұн: "Тәңірімін!" - деп,
Дағуа қылса керек-ті!
Мәді шығып, жолығышпқай,
Мұсылмандар басын қосқай,
Тажал бірлән ұрыс қылғай,
Тағат қылмай, Мәді қашқай!
Пайғамбардың хабрик құшқай,
Аруағынан Иса деген,
Сада шықса керек-ті!
Аспаннан Иса түшкәйләр,
Мәді бірлән көрішкәйләр,
Тажал бірлән - ұрышқайлар,
Тажалды дәрһәл өлтіріп,
Иса - әкім, Мәді - мұфты болса керек-ті.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі