Арман
Арманды іздеуден шаршадым,
Қырандар көкке іліп әкеткен.
Естайдай бір сүйер жар — сағым.
Қалғаны сезімді кекеткен.
Ойлардан жындандым,
Қиялым шынайы одан да.
Тазалық түбінде зынданның
Табиғат түнерген содан ба?!
Ісім жоқ бітірген
Кештерде сүрініп құлаймын.
Үмітті үлкендер үпірген
Бекеттің басында жылаймын.
Бақытым жыр-арнам,
Соңына мыңдарды еріткен.
Мен сенсіз бәрібір тұра алман
О, арман, жылатқан, жеріткен.
* * *
Салқындықтан сәулесіз боп кетпейін,
Сабырсыздық сәтсіздікке батырсын.
Кешір ана, күрсіндірсем көп кейін
Көгілдір түн көзіңді ілмей отырсың.
Тағдыр-талқы таразылар талапты,
Төңкере ме, жөн көре ме сананы.
Сенің әнің алыстарды қаратты,
Таң алдында тербегендей даланы.
Ақ кербездей арман алда алдамай,
Сиқырлықтай сәттерімді арбаса.
Ана, сенің бейнең биік қайда да,
Бақыт, байлық, атақ, көрік далбаса.
Сүріндірсе сарсаң күндер тізбегі,
Сені іздеймін, сөзің, даусың дауадай.
Адасқанда арзан ойдың жүзгені
Ақылың да жетіспейді ауадай.
Алма ағашы бүр жарғанда жүгіндім,
Қанаттымен келетіндей құштарым.
Қиналғанда қолтығыңа тығылдым,
Үмітімді пейіліңмен ұштадым.
* * *
Таң атқанда тезірек түн болса деп,
Сосын кермек қымыздай кешті күтем.
Жазған қала, санама кіл толса кек,
Өкпелеме, қайғымды өстіп түтем.
Шаршап ішпей, сыра да ермек емес,
Тағдыр менің тұзымды тауыспады.
Түн өбеді, ернінде жөргек елес,
Маған басқа пейіші ауыспады.
Түн сүйеді беймәлім сезімдері,
Тамызықты ала ма адамдардан?!
Төзімдердің бүркенген бозінгені
Бұлқынады, жалғыздық одан қалған.
Айбарланбай, алдымнан тағзым күтем,
Мамық түні мамырдың мауық баспай.
Жыр жалтарып, екі жол жаздым, бітем
Ақыл азып, сөз сиқыр зауықты ашпай.
Түн кетеді, тағы таң келтіремін,
Көрмеген боп қателік, ағаттарды.
Мен осылай оп-оңай өлтіремін,
Мың алтынға түспейтін сағаттарды.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі