Ана қабірінің басында – Баубек Бұлқышев

Бұл бетте «Ана қабірінің басында» атты Баубек Бұлқышев жазған ана туралы өлең берілген. Өлең мәтіні, текст, өлең жолдары және толық нұсқасын осы жерден оқуға болады.

  • 06.06.2019
  • 0
  • 0
  • 4449
Қайран анам, қадірлі,
Қайғылы балаң басында.
Тұрмын жылап егіліп,
Жас қабірдің қасында.
Жаңа ғана үйілген
Жас топырақ түнеріп,
Жібермей тұр, әлсізбін
Қалғансың анам көміліп.
Ақ сүтіңді емізген
Қайран, туған қарт анам.
Қайғыға сонша шомылған,
Зарлап кеп тұр жан балаң.
Қараңғы көр ішінде
Неге жатсың қарт ана?
Неге бері шықпайсың?
Қара жер әрі тарта ма?
Қараңғы көр ішінде
Тұншықтың - ау, анажан.
Көз жасым көл боп ағады,
Көкірегімде көп арман.
Қараңғы көр ішінде
Қалай жатсың қорықпай?
Қалай жатсың, арда ана,
Жан сақтамай Қорқыттай.
Деп зарланған жас бала
Жас қабірдің басында,
Анасын қиып кете алмай,
Шомылды көз жасына.
Көзінен аққан қанды жас
Омырауын су қылып,
Өксіп жылап тұр әне,
Кекті жүрек булығып.
Туған ана жас ұлды
Қайғысына тұңғиық,
Батырады өз ұлын
Жазайын мұны жыр қылып...
Менің де анам бар еді
Әлпештеген аялап.
Есіме келіп түседі,
Елестеп көзге таянад.
Менің де анам бар еді
Аңқылдаған ақ көңіл,
Бала десе шыдамас
Жан еді бір жеп-жеңіл.
Менің де анам бар еді
Көңілі жарым, көзі жас,
Жас едім онда жағдайсыз
Жаныма шырақ жағылмас.
Менің де анам бар еді
Қаза тапқан қайғыдан,
Құшағына өлімнің
Кеткен заман тарынан.
Қаралы өлім, қайғы зар
Анаға төнсе, ол арман.
Ақылы дария, ақ көңіл
Ана өлсе, сол жаман.
Бәрінен де қарт ана
Жылап қалса, сол арман.
Жаныңа шоқтай батады,
Аңырап ана жылаған.
Анасын сүйген жас бөбек
Ес білгеннен есейіп,
Қалса қара тұманда
Соған енді келейік.
Жас қабірін құшақтап,
Етпеттеген баланың
Жайын айтып берейік,
Жырды соған төгейік.

1937 ж.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Ана қабірінің басында өлеңінің авторы кім?

Баубек Бұлқышев — осы өлеңнің авторы.

Ана қабірінің басында өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін және текст нұсқасын онлайн оқуға болады.

Ана қабірінің басында өлеңі не туралы?

Бұл шығарма ана туралы өлең ретінде танымал. Өлеңде автор өз ойын көркем түрде жеткізеді.

Ана қабірінің басында өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні, шумақтары және өлең жолдары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері