Өлең, жыр, ақындар

Достықтың ұлы жеңісі

  • 07.06.2019
  • 0
  • 0
  • 3343
(баллада)
Әулиелік үн семсе де,
Көкте, тіпті бұлт сөнсе де.
Ұрпақтардың жүрегінен,
Бұл даңк қалай тарқасын?!
«Бородино даласы»
М.Ю.Лермонтов

Қорғасын боран қап – қалың,
Құйындай дүлей бораған.
Қызыл от, жалын жан – жағың,
Сусылдап оқтар салады ән.
Көкпенен жерді еркіндеп,
Сілкілеп ауыр бомбылар.
Тып - типыл болып біртіндеп,
Жоқ болып жатты қалалар.
Өлікке толды төңірек,
Жүздерін перде бұлт басқан.
Жау жатқан зәрлі зеңбірек,
Күркірей жатты тынбастан.
Күңіренді жылап қара орман,
Омырауын жасыл,өрт басып.
Мертікті жылап, қанша арман?
Бір – бірін іздеп жоқтасын.
Соғыстың сояу тісіндей,
Танкілер ауыр құжынап.
Ауылды бейбіт тірілей,
Таптауға шықты мыжғылап.
Оранған отқа селолар,
Түтінін бұлтқа ұшырып.
Бетпе – бет келіп сор мен ар,
Алысып жатты ышқынып.
Фашизм қанды фонтаны,
Вулкандай, жерді сілкінтіп.
Өлімнен құрып қақпанды,
Өмірді тонап, жүр тінтіп.
Шыңғырып тұрды ел – ана,
Азаттық толы үндермен.
Көмекке келді ер дана,
Ерлерім Отан дем берген!
Сол сәтте жинап тұлғасын,
Алынбас алып қорғандай.
Бородино сәби даласын,
Бауырына қысты анамдай.
Дегендей енді босар ма?
Бәріне шыдап,сабыр ет.
Жауына ажал осы ара,
Әуелде келген сан рет.
Москваң! Отан жүрегі,
Бойыңа қуат беретін.
Көтеріл, Алға! Тұр енді,
Қауіпте сүйген өз елің!
Бас көтертпей окоптан,
От құсқан жаудың дзоптын.
Өз қанын бүркіп тоқтатқан,
Ол көрді балғын солдатын.
Оқ тесіп өткен кеудеден,
Әскери қызыл билеті.
Үлгілік айтып өзгеге,
Сыр шертер жап – жас суреті.
Алға!Алға !Батальон.
Шабуылға қадам бас енді,-
Бір кезде мұнда Наполеон,
Таптауға келген Мәскеуді.
Жалынға үш күн шарпыған,
Ол жылдар ару қаламды.
Бабалар қару тағынан,
Жауына бермей,оралды.
Анау бір жерде Кутузов,
Багратион князь ет қызып,
Бақылап тұрған бар істі.
Жекпе – жек салған ұрысты.
Әрине, бізден ұтылған,
Баса алмай қадам ілгері.
Қимелеп алға ұмтылған,
Француздың қалың әскері.
Ержүрек біздің бабалар,
Қан төгіп жаумен айқасқан.
Ерлігі мәңгі жыр болар,
Біздерге жетіп жалғасқан.
Қолға алып,баба туларын,
Жүз отыз жылдай сақталған.
Ал, қәне, сан ұлт – туғаным,
Бірігіп жауды соқ алдан.
Фашизм салған қанды із,
Айырмақ сәнді өмірден.
Сүйікті Отан анамыз,
Қарап тұр бізге сеніммен.
Ендеше жер жоқ шегінер,
Лермонтов жырлап айтқандай.
Артымыз Мәскеу жігіттер,
Отанды қорғау, бақ қандай?!
Ұрпақ та келер білсінші,
Парызың қалай айтпассың.
Тарихта болған екінші,
Бородиноның Ұлы шайқасын.
Тап қазір бітіп қан майдан,
Қалжырап әскер болдырған,
Даланы ұрыс қайта алған,
Жігіттер біздің қаһарман.
Болғаны сұмдық қан төгіс,
Еш соғыс ондай болмаған.
Аңсаған жаны тек жеңіс,
Ұлдарды ерлік қолдаған.
Жекпе – жек айқас ұрыста,
Омырау жыртқан қанға – қан.
Шыңдалып болат намысқа,
Батырлар туды мыңдаған.
Жас ұрпақ келер сен үшін,
Қиындықтармен өтті сын,
Жастығын құрбан қылғаны.
Бақыттың ырыс ақ – демі.
Ол жайлы саған қайталап,
Ақ жырмен бөлек айтармын.
Тұрғандай қазір айқайлап,
Бородинодағы батар күн.
Соғыстан ол да үріккендей,
Ұрлана батып барады.
Комиссар үміт күткендей,
Толғанып ұзақ қарады.
Басталмақ,ертен ертемен,
Сынақты, айқас ақырғы.
Мәскеумен бүкіл ел сүйген,
Шешілмек Отан тағдыры.
Сәулесін төгіп туған – ай,
Өліктердің жүзін сүзді өтіп.
Іздеген ұлын анадай,
Еңіреп жүрек жүдетіп.
Жоғарыдан қарап жұлдыздар,
Гуілдеп соққан жел ызғар,
Даладан қанды шошынған.
Айтады мұң мен қосып ән.
Көрмесін енді дегендей,
Жердегі қайғы сұмдықты.
Толқындай қалың түнерген,
Жыланып қара бұлт шықты.
Сақ – сақ күліп жүрді өлім,
Тұсында окоп қамалдың.
Жаралы солдат жүрегін,
Ұрлауға іздеп амалын.
Көзінің жасы моншақтап,
Дәрігер қыз – ай жылаған.
Он сегіз жаста, шашы аппақ,
Жастығын соғыс тонаған.
Гуілдеп желі даланың,
Тартқандай демін ішке өксіп.
Жұлдыздар сулап жанарын,
Орамал – бұлтпен тұр сүртіп.
Үзілген қызыл гүлге ұқсап,
Оқ тиіп ашық маңдайдан.
Ұзыннан түсіп жас солдат,
Қара жер құшып,қол жайған.
Денесі мұздай,сұп – суық,
Төсінде уыс топырақ.
Түп – түгел кеткен қан жуып,
Қалыпты ұйып қалтырап.
Қаптаған жаудың танкісін,
Өткізбеу үшін Мәскеуге.
Сарп етіп бойда бар күшін,
Өлімге қиған жас кеуде.
Күтеді – ау оны зар жылап,
Қайда деп, менің құлыным.
Кешіре көр ана, сен бірақ,
Бөгедім жолын жауымның.
Орындап антты киелі,
Кір шалдырмай атыңа.
Өзіңді ұлың сүйеді,
Қош ана! Енді жасыма!
Осылай,соңғы тынысын,
Қағазға жақған ер жүрек.
Қойынында оның, туысым,
Боялған қанға партбилет.
Бар сырын өзі айтады,
Тебірентіп сыршыл күйімен.
Толғана қарап ұрпағы,
Көрер – ау оны музейден.
Комиссар риза ерлікке,
Сөздері жалын шарпыған,
Сілтейді бағыт жеңіске,
Туған елдің атынан.
Тек шындық достар ісіміз,
Жеңілер дұшпан құртылып.
Қуанар ұл мен қызымыз,
Алдыңда жеңіс! Тұр үміт!
Айқаста көрсет ерлік шың,
Қасық қан бойдан қалғанша.
Бақ берген,Отан – Ана үшін,
Борыштымыз біз қанша?!
Достықпен нұрлы ұлы жол,
Сарқылмас сезсең бар күші.
Тәртіпке қатаң берік бол,
Шегінбеу қажет бір кісі.
Қанаты сында қатайған,
Мұнда бар, сан ұлт баласы,
Сүйікті біздің кең Отан,
Достықтың жатақханасы!
Ал, Мәскеу – күре тамыры,
Халқымыз сүйіп нәр алған.
Шешілмек ертең тағдыры,
Ақырғы айқас майданнан.
Бекем бу белді сондықтан,
Елімнің сүйген ұланы.
Артыңда – анаң Ұлы Отан,
Өзіңе сеніп тұп әні!
Тоқсан күн бойы қоршауда,
Көрдік біз соғыс дауылын.
Құрсаудан қысқан босауға,
Шабуылың керек, бауырым!
Шегінбеске жас солдат,
Комиссар сөзін қостады.
Отаным жәйлі ең асқақ,
Жас қазақ әнді бастады!
Жаныңнан да қымбатты,
Туған ел жүрек толғатты.
Кең далам,асқар тау бөлек,
Сезіммен нәзік тіл қатты.
Біргеміз Мәскеу сенімен,
Бәріміз келдік қорғауға.
Бірліктен ерлік сүт емген,
Бар халқым шықты майданға.
Достық қой, достық ол – Ұлы
Сан ұлтым, қолын алысқан.
Отанды мұндай айбынды.
Жеңе алады, қай дұшпан?!
Гитлер жатты лепіріп,
Құдайға балап өз атын.
Теңдеусіз күшке келтіріп,
Он бес миллион солдатын.
Европа бүкіл бас иген,
Сендерден қуат алар ма?
Әскерім жастай мен сүйген,
Москва! Жеңіс! Бас алға!
Кремльде, Фюрер осы күн,
Көрінер көзге орайлы,-
Деп, фельдмаршал Фон – Бекің,
Биноклін алып қарайды.
Ұлыди, түтеп қар борап,
Қасқырдай аш көз құтырған.
Сары аяз зергер сықырлап,
Далама ою толтырған.
Жиектен сұлу таң күліп,
Пердесін түннің ашқанда.
Маңайды түгел жаңғыртып,
Дүрілдеп соғыс басты алға!
Бомбылар көктен ысқырып,
Жарылып жатты гүрсілдеп.
Зеңбіректер шықты ышқынып,
Безгегі ұстап селкілдеп.
Екі жақ қазір аралас,
Жекпе – жек жатыр алысып.
Оқ ажал арсыз жұтқан бас,
Зулайды желмен жарысып.
Білмейсің әсте кім мықты?
Бір – бірін жеңіп жығардай.
Көрмеген мұндай сұмдықты,
Кең әлем тұрды көз алмай.
Фашизм салған құлдықтан,
Құтқару жердің бар елін.
Үлесіне тиіп,жүк артқан,
Нар халқым, неткен ер едің?!
Бір қадам кейін шегінбей,
Біткенше соңғы тынысы.
Алысып жатыр берілмей,
Ұмытылар ма ерлік бұл ісі?!
Толарсақтан қан кешіп,
Шабуылға шықты қат – қабат.
Жүректерге үндесіп,
Отанға деген махаббат!
Әні де ұқсас жалынға,
Намысын Жеңіс көксейтін.
Шырқалған «Интернационалыда»,
Мәңгілік жыр ғой өшпейтін.
Бермеспін жауға құтырған,
Жерді, Нанды, Өмірді!
Қалықтап көкке ұмтылған,
Ерліктің Ұлы Гимні!
Бомбыдай серпіп жүрегін,
Танкісін жаудың жастанған.
Солдаттармен,бар елім,
Күресті өзі бастаған.
Азаттық үнін естірткен,
«Аврора» да келген көмекке.
Құдыретті рухтан күш біткен,
Ел қорғар әрбір жүрекке.
Туысқан бауыр халқымның,
Бірлігі күш қой сүйкімді.
Алқымынан алып жауының,
Сұңқардай берік шүйілді.
Ұрысты бастап алда жүр,
Аға ғой, орыс Иваны.
Қиналған шақта сұрапыл,
Айтпастан ұққан туғаны.
Қаһарман жалғыз жас қазақ,
Гранаталар буған беліне.
Ұмтылды алға, ұран сап,
Танкілер келер жеріне.
Әп – сәтте жоқ қып алтауын.
Жалынға шарпып өртеді.
Әттең – ай, шықпай қалды – ау үн,
Окопқа қайтып жетпеді...
Елестеп сары даласы,
Жайлауы жасыл, тауы көк.
Көз жұмды қазақ баласы,
Жүрегім – халқым – өзің деп!
Өмірім сенсің Ұлы Отан,
Жан ұямда өзің,ып – ыстық.
Сендегі шуақ нұрлы таң,
Атсын – деп,солай от құштық.
Прометейдей Бауыржан,
Күркіреп салған ұранды.
Көргенмін жырдан оқ құйған,
Қасым, Сайын, Жұбанды!
Қансырап қалды – ау Далабай,
От үнін өзім жалғайын!
Алға – деп шапқан уралай
Даусын – ай,ақын сырбайдың.
Ерлік қой, ерлік айтар – ақ,
Жарайсың, бауырым, делінген.
Украин жігіт қайталап,
Бетпе – бет, шықты өліммен.
Қызбалау жігіт грузин,
Өзеніндей таудың арынды.
Бір өзі құртып сегізін,
Танкімен соңғы жарылды.
Мерген ғой ұлы қырғыздың,
Фашистер басын көтертпей.
Бояған қанға әр ізін,
Жұлынған басы үйректей.
Ақ мақта терген елінде,
Өзбек пен тәжік үлдары.
Зеңбіректердің түбінде,
Ажал – оқ жауға жолдады.
Жігіттері таулы Абардың,
Қанжарын қанға суарды.
Ұлдары Башқұрт, Татрдың,
Әкелді Кәрім, Мұсаны.
Түрікпен, Латын, Литван,
Берілмей жауға тістенді.
Достықтан адал бір туған,
Туыстық неткен күшті еді?
Шартта – шұрт соғыс тұр ойнап,
Болды ғой жаным баққа сын.
Белорусь ұлын қан – қайнап,
Алысқанын қалай айтпассың...
Азербайжан мен, Армян да,
Дұшпанды естен тандырған.
Көрсетіп ерлік Эстон да,
Ұрпаққа үлгі қалдырған.
Өртенген біздің қалалар,
Аштықтан қлген балалар,
Шарпыған жалын далалар,
Еңіреген, қайран, аналар.
Солардың өршіл кегі үшін,
Қасық қан бойдан төгілсін.
Бидайлы алқап егісін,
Қорғасын берер жемісін.
Бәрі де бәрі ерлердің,
Есінен кетпей тұрғаны.
Фашизмнің даңғай,ең керім,
Әскерін быт – шыт ұрды,әні!
Мың рет алып тойтарыс,
Зұлым жау кейін шегінді.
Көрмеген бұрын мұндай күш,
Қансырап, жылай жеңілді.
Бес жүз мың өлген солдаты,
Боранда қалды қар басып.
Фашизм – оба, жан – жақты,
Уламақ қайта топтасып.
Дінкесі құрып қалжырап,
Шаршаған біздің жігіттер,
Жүздері қан – шаң,топырақ,
Айыздап қойған қара тер.
Тыныстап, қалғып окопта,
Оқ сіңген түтін ауамен.
Көз салып кейде ақ бұлтқа,
Сырласар қалған кекті рең.
Соғыстың азап от әнін,
Айтпай – ақ сезіп білгендей.
Жан қиған ұлдың Отаным,
Күзетінде тұрды көз ілмей.
Алаламай оның әрбірін,
Ұлындай сүйіп қарауда.
Салғаны Достық қабірін,
Айналар мәңгі алауға.
Атылды көкке салюттер,
Батырлар үшін,көкке өрлеп.
Жұлдыздарға,жүректер,
Айналып жатты бір бірлеп...
Тыңды айқас, міне,тыныштық,
Желпінтіп көңіл аулайды.
Жаралы солдат ыңырсып,
Жұтым су суық сұрайды.
Кеудеде жеңіс сезініп,
Жүрек – ай,жүрек тулаған.
Қиялды билей бір үміт,
Құшақты гүлге ораған.
Бірақ, су бойға құйғандай,
Бөлініп кетті ой мықты.
Командир тұрды айқайлап,
Тұрыңдар!Тыңда! Бұйрықты!
Зерлеген пагон иықта,
Жанарда отты дауыл бар.
Келгені маршал Жуковта,
Жарайсың деп бауырлар!
Тасқындап жаңа күш жеткен,
Тулатып бойда жас қанды.
Аңсаумен елім көп күткен,
Шабуыл да біздің басталды.
Кең әлем жатты қол соғып,
Фашизмнің батқан тырнағы.
Бородинодан Ұлы жол шығып,
Жеңіс те қолын бұлғады.
Қуаныштан асқақ жан толқып,
Нәр алдық өшпес қуатты.
Шұғылалы күндей құлпырып,
Болашақ алдан тіл қатты!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жаңабай әулие баба үні

  • 0
  • 0

Кең Жылой деп, жыр төгіп аңқылдаған,
Кел, кел, бермен жақында ақын балам.
Тарихыңның беттерін ақтарайын,
Бабалардың демімен алтындалған.

Толық

Отырар

  • 0
  • 0

О, Отырар, Отырар!
Бабамнан қалған сынығым,
Алтыннан қымбат сыйлығым.
Әрбір тасың күмбірлеп,

Толық

Ахмет Байтұрсынов

  • 0
  • 0

Ана тілім өлмеуі үшін қансырап,
От жаныңды мазалаумен сан сұрақ.
Қамын ойлап түнек басқан халқымның,
Көзін ашып, бола білдің шамшырақ.

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар