Өлең, жыр, ақындар

Қиын не бар?

Қазақша өлең мәтіні, өлең жолдары және толық нұсқасы.

Мың құбылған қуаныштан, дерттерден,
Қиын не бар, адам жанын зерттеуден?
Мен келемін өз жанымды зерттеумен,
Бірде аяз, бірде жалын, өрт кеудем.
Арзан не бар ойнау менен күлуден,
Қымбат не бар, адам сырын білуден?
Мен әуремін, өз сырымды білумен,
Кеше бұзып, өкінемін бүгін мен,
Жылдарымды еске аламын бүлінген.
Адамдардың жаны менен жүрегін,
Ойлайтын ем, бір кісідей білемін...
Ажырата алмай шуақ, түнегін,
Танығанға мәз болыппын іреңін.
Ертең басқа, бүгін жақсы көргенім,
Өз көзіме өзім,
Ғажап!
Сенбедім.
Кесерткідей ауыстырған ендерін,
Түсінбеймін қылығына пенденің.
Жылдар бойы бірге жүріп, бір күлген,
Жақыныңның жат боларын кім білген.
Адамдарды зерттей алмай жүрмін мен,
Оны зерттеу мүмкін емес, білдім мен...


Пікірлер (5)

Мадина

Өте ƏДЕМІ өлеңдер

Гүлбақыт Бисембаева

Осы бір өлеңнің соңғы шумағындағы ...Жылдар бойы бірге жүріп бір күлген, жақыныңның жат боларын кім білген деген ұйқасы қазіргі өмірдің бет бейнесі. Жақыннан асқан жау жоқ, бауырдан артық дұшпан жоқ болып барады. Мойындау ауыр, ащы, жаныңды ауыртып барады бірақ шырылдаған шындық осы. Аспанға атыл, көкке шаншыл аласұр сыртқа тістеніп білдіртпесең де іштей мойындайсың...әттең ай, пиғыл тарылып, зымияндық кеңейді, көңіл азайып, мысқыл көбейді...адамнан адамгершіліктің ауылы ел асып көшіп кеткен заман болды ғой...

Алмас

Қиын не бар?..

Рахат

Мұқағали ақындай ақын бір ғасырда бір туады ғой, әр өлеңінің сөздері өрнекпен өрілгендей тұнып тұрған философия!Гүлбақыт ханым, көкейде жүрген ойды алып-қосары жоқ дөп басып таптыңыз.????

А

Кесерткедей ма? Әлде кесірткедей ма? Қате жазылмаған ба дұрыс па?

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Қиын не бар? өлеңінің авторы кім?

Мұқағали Мақатаев — осы өлеңнің авторы.

Қиын не бар? өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін онлайн оқуға болады.

Қиын не бар? өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Мұқағали Мақатаев өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Қиын не бар? өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні мен шумақтары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері