Мөңке би Тілеуұлының рухымен сырласу
Күнде келем ескерткішің басына,
Бір ғажайып күш барындай осында.
Сырласамын Рухыңменен үн түнсіз,
Ерік беріп ұшқыр ойлар тасқынға.
Алдын ала үш жүз жылды болжаған,
Әулиелігіңе басын имес қай адам.
Өзің айтқан темір құстар көгімде,
Біткен емес жер бетінде қан майдан!
Өзі былғап Тәңір берген мекенін,
Ұмытты адам бақылауда екенін,
Жын шайтанға адал жаны сатылып,
Жоғалтқандай иман байлық көркемін,
Адасуда бір-бірімен соғысып,
Ар-ұятпен ойламастан ертеңін.
Сұмпайылық әрекетке жем болып,
Тозақ оттың өзі киіп шекпенін.!
Не болады планета тағдыры,
Жасын оттай ракеталар ағыны.
Палестина жақтан тауып жарылыс,
Мұсылманның қаны жерге ағылды.
АҚШ-ыңнан әрбір елге сор келген,
Дін жамылып құшағынан сұм өрген.
Сирияның қалың жұртты сергелдең.
Бейбіт елге тозақ отын шашпақшы,
Көктен түсер улы сәуле семсермен.
Соғысқұмар қайрап небір қаруды,
Елестетер ажал қайғы кәріңді.
Бөлшектемек Ресейді жіліктеп,
Кавказ жақтан бастап қазып қабірді.
Киівті тұр бұл күндері толқытып,
Басып қарап славяндық тамырды.
Басқыншылар көнерме бұл қорлыққа,
Атомменен илемекші қамырды.
Көктен төгіп уға толы жаңбырды.
Адамзаттың ақылына бой ұрмай,
Ауырлатпақ түйіндетіп тағдырды.
Бет пердесін жауып алып тал түсте,
Басып алды бейбіт елді Қырымды.
Ақпараттың эфирдегі майданы,
Бұл жәйында сайрап жатыр әр күні.
Тауларында қанға батқан бар гүлі,
Көз ашпаған ажал төккен соғыстан,
Афган жақта аналардың зар үні.
Палестина ажал оқтан көз ашпай,
Жанын езген ракеталар жаңбыры.
Өлгендерін күнде жоқтап мұң кешкен,
Тіршілігі артқандай бар қайғыны.
Иек артып айдап салған шет елге,
Қырсық салып өзі туған мекенге.
Бахабий боп қару алып боз бала,
Басын тіккен жанкештікпен қатерге.
Қара киім, қара сақал жер құшқан,
Ол байғұсқа қандай қырсық жармасқан..
Қандай жауап бере алады сірада ол,
Бабасына бақыт үшін жол ашқан.
Неге асықты сұм ажалдың көріне,
Не істей алды айтшы туған еліне.
Тілі –ділі ана сүті емеспе,
Кім апарған шайтан құрған елеске.
Кім шығарған солқылдақ заң сорлатып,,
Неге халқым шыға алмаған күреске.?!
Түп тамырдан жапырағын үзбейтін,
Өз елінің бақ мүдесін көздейтін.
Саясаттың қашан соғар қамалын,
Келер ұрпақ жатқа еліктеп жүзбейтін..
Бабалардың шаңға батып үлгісі,
Қайнар бітіп тұнжыраған ел іші.
Індет жайлап жемқорлықтан тегістей,
Сезіледі азғындықтың белгісі!
Елге салып ауырлықпен азабын,
Жүрегіме құйған мұздай ызғарын.
Биліктегім ұлттық үнін жоғалтып,
Өз тіліне өзі құрып тұзағын,
Қанағат жоқ тойымсыздарға жол беріп,
Жақындатып алғандай өз ажалын.
Бәріміз де бір Алланың құлымыз,
Бір-ақ уыс топырақ ғой құнымыз.
Төрге шығып құдайынан безгендер,
Тұншығуда тірек болар дініміз!
Қақпа ашқан соң сан алуан сектантқа,
Исламнан қайдан шықсын үніміз.
Рухани аштық желі тоңдырып,
Гүлдерімді үзетіндей солдырып.
Жол іздеймін қияметтен шығатын,
Ұлы Абайдың суретін төрге іліп!
Ұрпағына қуат берер құшаққа ап,
Тәрбиеден дінім кетті алшақтап.
Сенім, намыс, имангүлім болмаса,
Болашағы ұлтымыздың не болмақ?
Тәй басқаннан әдеп ғұрпын білмесе,
Есейген соң ұқтыра алар кім зорлап?
Қалай алға ілгерілер қоғамым,
Ұлттық Рухсыз, байлық қуса жол таңдап?!
Төрдегіміз патшалықтан арманда,
Мәңгі бақи тұратындай жалғанда,
Жеке билеп қожа болып бар заңға.
Менмендіктен бұқарадан алыстап,
Әділдікті шырылдатқан қайраңда.
Адалдықтан сыр шертпейме басқан із,
Ата заңды өзі жөндеп алаңсыз,.
Ғасыр бойы қалатын боп тағында,
Тойымсыз боп бола білді жұртқа аңыз.
Қоршап алған дөкейлер жүр жанында,
Соларға ашық ел қазына қамбамыз!
Корупция, ұры-қары кландық,
Бар саясат жан жүйесін қолға алып,
Озық ойлы ұландарды құл болмас,
Жойып жатыр қызыл қанға құмартып.
Қайран халық білсе дағы болмысын,
Мұң кешеді бас көтермей күні үшін.
Көз алдында Өзендегі қырылған,
Жазықсыздар оқтан үзген тынысын!
Оны ойласам жан сарайын дат басып,
Күй кешемін қалың ойдан адасып.
Жолым толы сайтандар мен сатқындар,
Бақсы балгер бал ашпақшы жармасып.
Ауыл жақтан қалаларға сабылған,
Жетім, жесір жұмыс іздеп қаңғырған.
Көшелерде көркем жазу ән ұран,
Мінбедегім гүлдедік-деп, сарнайды,
Ұялмайды-ау беті қалың антұрған.!
Жын ұрғандай құлдыққа өзі жегіліп,
Күн кешпекпе жантық болып өмірлік.
Қылықтары көр тышқанға ұқсайды,
Қыруар қаржы Астанада кеміріп.
Тыныш жатпай шор дария түбінде,
Шиқылдайды бостандығым жөнінде.
Енжар көңіл шошынады қалың жұрт,,
Сол құрғырлар апарардай өлімге!
Керең жолда қара батпақ жүргізбей,
Қаралы тағдыр құрсайтындай жем іздей.
Көк тұманда ой кешемін мұң жұтып,
Кемелерін дауыл соққан теңіздей.
Жалбарынам күнде жалғыз Тәңірге,
Бақыт тілеп әлдилеген еліме.
Мөлдір тыныс пәктігі мен кеңдігін,
Қанат қылып құлазыған көңілге!
Билік шіркін сауда орындай пайдалы,
Жымыңдаған қу түлкіге айлалы,
Қарап тұрсаң қараң қалған әділдік,
Құрт-құмырысқа жыйналғандай қайдағы.
Көң шұқыған қоңыздар жүр ішінде,
Ішкендері елдің жыйған қаймағы!.
Періште боп дәм ұсынған адалдан,
Қайран қоғам аждаһаға арбалған,
Шырылдайды торға түскен торғайдай,
Үміт күтіп алда туар таңдардан.
Адал ұлы алға шықса сынардай,
Қызғаныш пен күншілдіктен шыға алмай.
Қайран қазақ, қор қылса да сол мінез,
Бір-бірінің жанын алып жығардай!
Әділдікпен қайрат жігер білімнің,
Тілесең де іштей сырын ұғуын.
Көр соқырлар көкірегімен көк тіреп,
Қаламайды сыртқа атылып шығуын.
Бір-біріне тас кенеше жабысқан,
Сан алауыз партия бар алысқан.
Арасында пенделер жүр күні үшін,
Өтіріктің кебін киіп тартысқан.
Көбейгені болмай жатып болғандар,
Толмай жатып туған айдай толғандар.
Шынымды айтсам әруағыңнан ұялам,
Шулағанда атаққұмар даңғойлар.
Тұла бойын, аяз сорған әл кетіп,
Аналар жүр қанарларын сүйретіп.
Оралғанша алыс жолдан ұл-қызын,
Аманатқа тапсырғандай сый етіп.
Қара бұлттай батыс жақтан түнеріп,
Жаһандану айдаһардай түнді іліп.
Рухы жоқ әлсіз елді жұтпақшы,
Теледидар хабарымен төңкеріп.!
Ақпараттар соғысымен уламақ,
Ұрпағыма жауыздықты үйретіп,
Тыр жалаңаш ыңырсыған әйелдер,
Қанын сорып еркектерді сүйретіп.
Көрсетеді сайқалдықтың түр-түрін,
Құмарлықтың сиқырлығын желдетіп.
Атыс- шатыс жын ойнағы шайтанның,
Болмаған соң беттен қағар қайтарым,
Шетке ысырып қазақ толғау термемді,
Домбырамнан тіліп тастап пернені.
Қобыз далам омырауын езгілеп,
Мұрша бермей терең ойға кемелді.
Қан талапай сорға салып кең елді,
Имансыздық,арсыздықпен күйретіп.
Құлатпақшы менің қазақ кемемді,
Қандай амал табам оған мен енді.
Қайсарлықпен көрсетеме ұрпағым,
Өрлікпенен өжеттілік дегенді.
Ұлттық намыс ойнақтап жас қанында,
Айта алама Отан атты өлеңді?!
Толып кеткен миссионер бөрілер,
Тісін қайрап сектант болып көрінер.
Бар мақсаты ел ішіне жік салу,
Жолы жоқтай енді қайтып шегінер.!
Әләуметтік әділетсіздіктен теңселіп,
Жұмыссыздық мұз жайлаған көшке еріп.
Жан айқайын сездіреді қалың жұрт,
Өзенімде ашу кектен тістеніп!.
Қайда кеткен біз аңсаған әділ заң,
АМОН-дармен БТР- танкі ағылған.
Өн бойынан ала құйын шаң борап,
Бейбіт күні қаруларын асынған..
Мұндай қылық істеп еді қай патшаң,
Кімді көрдің өз халқына оқ атқан,
Қатыгез боп адамдығын ұмытып.
Бабалардың әруағын таптатқан,
Барын берген маңдай термен еліне,
Қарияларын қартайғанда жылатқан.
Мұның бәрі тойынғандық асқақтап,
Қылмыстарын мойынға алмас бас сақтап.
Шығармасқа уысынан байлықты,
Бар әдісті істеп бағар қыспақтап.
Қаламайды үндестікті көппенен,
Жалған ұран жалауларын құшақтап.
Көсем деген ел сенімі кеңдікте,
Халық үшін жағдай жасап еңбекке,
Әділ заңды қанат қылып бұзылмай,
Жарастықпен шақырмайма елдікке.
Езе берсе қалай шыдар естілер,
Бұл өмірге құл болуға келдікпе?
Менің үнім халық үні ашынған,
Абақтыдан не табады жас ұлан.
Дүлей күшпен дүрліктірген ел ішін,
Биліктегім не ойлаған басынан.?
Қу мыстандай көпті жұтқан жан алып,
Қанды тырнақ Голошекин оралып.
Көшесінде Маңғыстаудың жүргендей,
Жалын өртке сақ-сақ күліп оранып.
Ізсіз түссіз сан адамдар жоғалған,
Кім біледі табылама жылғадан
Қара мысық миялауды күндіз-түн,
Қансорғыштар жауап алған подвалдан.
Аналардың зар илеген дауысы,
Қоғамдағы іріңдеген жарадан!.
Барғанымда сол қалаға сөзді ұқпай,
Билік заңын орындайтын бұлжытпай.
Қарақшыдай асты үстімді тексеріп,
Күзетшілер қоқаңдайды қонжықтай.
Осыма еді мен аңсаған арманым,
Қара түнек секілденді бар маңым.
Жалмауыздың уысына түскендей,
Бұлдырайды тұман басқан ақ таңым!
Неткен сұмдық залымдығы мықтының,
Тыныш жерге қастық отын жақты кім?
Құрмаш атам дауыстайды мұндалап,
Қозғараның қолына ұстап мылтығын.
Аспан жылап төккендейме көз жасын,
Қыршын кетті-ау ашу буып қандасым.
Қыстың күні ойнағаны нажағай,
Жәдігөйлердің бұзатындай ордасын!
Отман тауда от жақтыма бабалар,
Оянсын деп, қалың жұртым Адайлар.
Құс боп ұшқан ойларымнан сілкіндім,
Көз алдымда көк бөрілі жалаулар.
Көңіл қалай тылсым күшке жібімес,
Қыдыр көрген Назар бабам берді елес.
Қан төккенді билік үшін жан салып,
Арқа сүйер Бекет рухы жібермес!
Жасырмаққа қанды қырғын қылмысын,
Әулиелердің бұзып еркін тынышын.
Жаңаөзеннің атын жойып тынбақшы,
Саясаттың сілтеп сұмдық қылышын.
Мұндай істі қолға алама ойлы адам,
Өз тарихын тәрк еткенге таңданам.
Бірақ айтшы не күтуге болады,
Билігімнен мүгедектерді тонаған!
Жетпегендей бар жинаған байлығы,
Шаңырақтарын тартып алып зар қылды.
Ушықтырып өз қолымен ел ішін,
Шет ел қашқан күйеу сымақ бұрынғы,
Адалдықтың талқандап бақ қонысын,
Жамандарың бұзды бейбіт тынысын.
Қайда барсаң жабайылық қол созған,
Бұқарамен қайдан тапсын келісім!
Қай Тиранның көрдің мәңгі шеруін,
Шегі болар әбден шектен шығудың.
Астамдықпен қорықпаған құдайдан,
Ішіп өлер тоймағаннан өз уын !
Ізгіліктен кеткен олар жаңылып,
Бай мен кедей қақ бөлінген жарылып.
Шенеуліктің аранында ашылған,
Қара киіп табыттарды асынған.
Шайтандар жүр ойнақ салып қағынып.!
Жолын бөгеп ақиқат ер мықтының,
Жеткізбеске адалдықтың нақты үнін.
Жанталасып шалып жығып шындықты,
Баса алмайды өтіріктен аптығын.!
Ауыздардай іші толы сөз өкпе,
Көмейлерін толтырғандай тезекке.
Өрт өреді күнде жабық сарайдан,
Лапылдатып от құярдай өзекке.
Мұң жұтасың қылығына кектеніп,
Үміт артып алда келер көктемге!
Жалғандыққа еті әбден үйренген,
Сескенеді әлсіздіктен үрейден.
Қару қылып қатыгездік сұмдықты,
Қорғамақшы бар байлығын төрге үйген.
Сөз бостандық тас түнекте қамаулы,
Үстемдігің мықтап салған бұғауды.
Атылуда аққу тектес адамдар,
Ұран қылған әділеттікті қорғауды!.
Түсінбеймін үкім жазған төрдегін,
Алла алдында қандай болар жауабы?!
Құдайсыздар құтырса тасып қан,
Ақиқатты кім бар сірә жасытқан,
Берген серттен Отанына айнымай,
Ол жетер-ау биігіне асыққан.
Әттәң осы бітпес майдан жолында,
Кім құтқарар рухани аштықтан?
Туған елмен ортақ арман тілегім,
Сол ғой менің қуат берер тірегім.
Құшағынан іштей тұнып ашынған,.
Қалың жұртты көріп неге жүдедім?
Бақыт сыйлап ой жүздірген тереңге,
Өз ұлтыңнан қымбат барма әлемде.
Оның мұңын жеткізбесем жырыммен,
Не айтамын болашаққа ертеңге?
Сыйлайтұғын өнегемен ырыс бақ,
Салт дәстүрден ұрпақ кетті алыстап.
Әлсіреді ұлттық білім тәрбием,
Құат берер Тәңір нұрын уыстап.
Дүние қуу өнер болды бұл күнде,
Арамзалар арбағандай дауыстап!
Талғам кетті, таным кетті ұрпақтан,
Ән бұзылды бабам болып үн қатқан.
Жерде қалды қазақ жаны-домбыра,
Жүрегімнің жалын отын маздатқан,
Әрбір төрден өсиетпен нұр құйып.
Кең әлемнен сыр шерткендей жерұйық.
Күй атасы Нұртөленің өзі боп,
«Ақсақ құлан» күйін шертіп ағылтқан.
Несін айтам сезбес жанды бізгілеп,
Өнерімді топас тобыр езгілеп,
Босағасын доңыз болып қиратқан.
Улы зәрін айламенен төгетін,
Тозақ сайтан ашқандайма тәбетін.
Әр қаламда көртышқандар індері,
Әр бұрышта қыз ойнағы төбеттің!
Өзің айтқан дүрбалалау дініммен,
Әлі келем алашұбар тіліммен.
Ежірейген ұлдар білмей әдепті,
Едірейген қыз қаңғырған түнімен.
Тыр жалаңаш ән салады би билеп,
Арбап алар сұр жыландай иреңдеп.
Ақша шашқан аяғының астына,
Арыстаным бір-ақ түнге үйленбек.
Шала қазақ шүлдірлеген қаламда,
Жаңа қазақ ақша құйған қамалда.
Бәрі өзгерген еліктеумен заманда,
Мин. сымағың былдырласа тіл бұзып,
Әруақтар күңіренген даламда!
Қабыл алып бар үлгісін батыстың,
Масылдармен байлық қуған табыстым.
Өз бастауым құмда қалды көміліп,
Арасында жел ойнаған қамыстың..
Әділ заңым билігіме тәуелді,
Қайталайды ол шырқаған әуенді.
Көз алдымда күн көрістің ойыншығы,
Амалсыздан қайталаған өлеңді.
Аспанымды торлағандай қара бұлт,
Ақ жолымды қалай табам мен енді.?
Ар ұятын байлық қуып жоғалтқан,
Өз жандарын сайтандарға тонатқан,
Байлық үшін улауға әзір туғанын,
Қулық-сұмдық қуысынан оқ атқан.
Күштілер жүр бір-бірімен алысып,
Ғаламтордай бәрін шырмап сорлатқан.
Ақшаң болса төрге апарар сыйлы аға,
Сайлауымда айналғандай саудаға.
Қажеті не адал өмір сүрудің,
Жарап тұрсаң сүйрегенде пайдаға.
Олар үшін нағыз дәурен осындай,
Арулармен сауна думан сайранда!
Құлқын үшін түлкі болып ойнаған,
Жоғарыда жәдігөйлер тоймаған.
Арасында ешкім де жоқ иманмен,
Қара қазақ ар- намысын ойлаған.
Қымбатшылық жайлап алған қаламды,
Күннен-күнге жаншып құртып барады.
Айналаны жайлап алған зұлымдық,
Жаннан алған салған салық қармағы,
Кедейлердің жетпей жатыр тамағы,
Биліктегім өзі тойса болғандай,
Ойламайды қарапайым адамды.!
Жемқорлығын қымтап бояп жасырып,
Іш тарлықпен аққа қара жапсырып.
Басты шұлғып жылтыраған бетпенен,
Сөз алады төрден қырға асырып.
Кес- кестеумен надандықпен жолды алар,
Кекірейген небір сорлы елде бар.
Жақыным –деп, сол антұрған малы үшін,
Жағамыздан алған кейбір ағалар!
Қотыр теке қой бастаған даламда,
Таусоғарым алтын тақты алаңда.
Үмітбайым екі көзін шел басқан,
Байлық құйған көк қағазды тоғанда.
Халық үшін түссін олар қай дауға,
Сілімтіктер өз тірлігін жасауда.
Жер киесі, ел киесі қазақтың,
Бар байлығы түскен ашық талауға!.
Ұмытқандай олар жалғыз құдайын,
Құлқынды ойлап шектіргені зор уайым.
Өз қандасы жұмыссыз жүр қаңғырып,
Қытай билеп қара алтынын мұнайын!.
Мінбелерден тоты құстай сайраған,
Құрғақ уәде елдің ішін жайлаған.
Алты Алашты алаламай қадірлеп,
Табыларма жауап берер ойлы адам?
Жаман екен ынсап кетсе адамнан,
Пері ұрғандай жазықсызға қадалған.
Күсталайды адал жанын сыздатып,
Бауырымды ата-жұртқа оралған!
Сәні болған алтын қазақ кемемнің,
Баға жетпес қазынам ғой ол менің.
Өз тумасын жатсынған бұл не сұмдық,
Төрдегіні түсіне алмай келемін.
Ұлы көшін кімнен үркім тоқтатты,
Ата жұрттан іздемейме керегін?!
Шырмауықтай дүниеге шырмалған
Төрдегісін құр дәріптеп шулаған
Екі жүзді пенделерден қорқамын,
Көзді байлап, ақыл-ойды улаған.
Құлдық сана улап алған баяғы,
Елестетер қасқыр көрген қоянды.
Шындықты айтсам қаламба- деп, пәлеге,
Дірілдейді байғұстардың аяғы!
Қайтем жинап бойға қапас көңілді,
Өзіңе айтпай кімге айтамын шерімді.
Ұғасың ғой жүректегі мұңымды,
Шашты Әзиздей ұл келерме әулием,
Тар қиядан алып шығар елімді?!
Сұрағыма өзің жауап берші енді,
Кім қорғайды менің ұлттық мүдемді.
Билігім жүр өз ұпайын түгендеп,
Бойламастан Төле бидей тереңді.!
Туыс көріп бодан қылған төремді,
Көрріппе едің мұндай надан кереңді?!
Шошынады шындығыңнан сескеніп,
Өзін-өзі сәнқой қылған көшке еніп,
Жегі құрттай жемқорларды тия алмай,
Даңғазамен құр сағымды төске іліп.
Түрі бар ғой айламенен баюдың,
Бірақ арты түсінгенге қайғы мұң.
Елін сатып, жерін сатып бір байғұс,
Тығылмақшы құшағына аюдың.
Өзі барып түсетіндей қақпанға,
Таңданасың неге адасты ақ таңда.
Туған елсіз өскен ерді көрдіңбе,
Құр байлықтан ешкімге де жоқ пайда!
Дүниенің сиқырына алданып,
Жаратқанның жарлығынан шет қалып..
Ақындарын елден бөліп жау көрген,
Надандықты кім сындырар қақ жарып.?
Сатып алар ауылыңды қалаңды,
Намыссыздың туғаныма заманы.
Ақын сорлы шығара алмай кітабын,
Қайыршыдай күнде қолын жаяды.
Соның бірі мына менмін жан баба,
Бекет атам аян берген баяғы!
Мінбелерден сандырақтап көпіріп,
Ал билігім күнде айтады өтірік.
Жеткізбекші бәрін тегіс жұмаққа,
Дағдарыстың аптабымен кептіріп.
Таусылғандай жұрт аманда нан-шайлық,
Аналардың зейнет жасын ұлғайтып.
Қайыршымен жеэөкшені тұзақтап.
Салық салып бақылауын қатайтпақ.
Жамамақшы көмей жыртқан жыртығын,
Аз болғандай елден жиған бар байлық!
Ашынасың көріп тұрып қылығын,
Антұрғандар алды-ау елдің тынымын.
Жеткізгендей есіргеннен құрдымға,
Қасіреттің мойынға іліп құрығын.
Ұмытқандай халқын сүйіп сыйлауды,
Сұмдығында жатқан жоқпа мұң қайғы.
Ақиқатты танымасын дегендей,
Шындығыңның қол аяғы байлаулы!
Пыйғыл жаман билігіңде адасқан,
Елемейді ұлттық рухын шаң басқан.
Белшесінен батып болды күнаға,
Адам атып елге көзін салмастан.
Кісімсіген өр көкірек менмендер.
Тек билікке жағу жағын заң көрер.
Төменгіге шүйіреді мұрынын,
Тасынғаннан адам жоқтай тең келер.
Көрсеткендей мансапқорлық ерлігін,
Сатып жатыр қазынасын елімнің.
Тояр емес тойымсыздар қарыны,
Сұмырайдың кім басады желігін.
Ол ұмытқан ата жолын бұрынғы,
Сатқынға ұқсас опасыздық қылығы.
Көзді жұмып параны алып ұялмай,
Өз қолымен қашырады ұрыны.
Байлық іздеп күндіз түні жанығып,
Жұмыртқадай шіріп кеткен жарылып.
Бүлдіргені туған елдің ауасын,
Ашық күнде бет пердесін жамылып.
Соры болды төрдегілер халықтың,
Тұманданып бара жатыр жарық күн.
Өзі жәйлі мақтау сөзге тоймаған,
Қартайса да алтын тақтан таймаған,
Мәңгілікке хандық қамын ойлаған,
Тағдырымыз уысында алыптың!.
Ойнағандай қуыршақтар әлемі,
Қарап тұрсаң бәрі-бәрі әдемі.
Аюларда би билейді қорбаңдап,
Ішіп жеуден қызарғандай өңдері.
Жанын салып жібергендей саудаға,
Мәз болады бақытына аз ғана.
Адам деген айналады екен-ау,
Мақұлыққа ары кетіп азғанда.!
Өліарадан шығып едік есен сау,
Бұл күндері бас көтерді іштен жау.
Тойынғандар халқын тонап ұры боп,
Шетел қашып асып жатыр Балқан тау!.
Қайсыбірін хатқа жазып тергейін,
Шайтан сүйреп үрлегендей көмейін.
Жемқорлығын қасқырдан да асырып,
Биіктерден бір-ақ шықты БергейімІ
Әр нәрсенің болады ғой өлшемі,
Қарақшыға кім ұстатқан семсерді.
Сөзі басқа, ісі басқа сол қуға,
Қаншама жыл үміт күтіп ел сенді?
Саясатта гүл жармаса әділдік,
Бүліншілік жасамайма дауыл бұлт.
Өз қатесін талпынбаған жөндеуге,
Билігіме қайдан сенсін қалың жұрт.
Айырылған соң адалдықтан шындықтан,
Жалғандықты айтшы жақтап кім шыққан.
Ата жолын қастерлемей шаңдатып
Көбейді ғой бұзылғандар құныққан.,
Тапқандайма жылы ұясын- тастағын,
Тайраңдайды өгізге ерген баспағым.
Ұлы далам заңын басып аяққа,
Жат өлкеде қосып жатыр бастарын.
Озбыр күштер үнін ұқпас халықтың,
Айтпас едім шыдам бітіп тарықтым.
Ақындардың шабытына у құйған,
Кім бұзады топастығын табыттың?
Нұрекемді мақтаушы едім үмітпен,
Бұл күндері шыға алмастан күдіктен.
Отырғаным бар ағымнан жарылып.
Айырылардай бабам берген кеңдіктен.
Туған елді отар қылып сорлатқан,
Мен қорқамын орыспенен одақтан.
Кім пәлені сатып алса басына,
Жау табалап ағылмайма жан-жақтан?
Зұлымдықпен шырмап қойған ертеңді,
Барлық сұмдық салмақ салып жетеді.
Айта аламын қасіретін халқымның,
Бәрі, бәрі жүрегімнен өтеді.
Қайран баба сұрғылт тасқа байлана,
Үн қатпайсың отырғандай ойлана.
Айнымаған қасиеті өзіңнен,
Туарма екен ел бағына бір дана.?
Заман емес адам азды жан бабам,
Алдау-арбау сауда саттық айналам.
Жердің бүкіл қасіретті қайғысы,
Иығыма түскендей-ақ қиналам!.
Қанжарында адамзаттың қаны бар,
Арулардың аяқ асты ары бар.
Аналардың еңіреген зары бар,
Сәбилердің шырылдаған үні бар
Ажал биін еркін билеп зұлымдық,
Мәз болады атомдарын көкке іліп.
Сұлулықтың өңі кеткен бозарып,
Залым қолы жоқ қылардай кектеніп!
Ардан безген дінсіздерің молайып,
Теріс жолда жүздіреді от қайық.
Азғындықпен Құранды өртеп дау салмақ,
Билік үшін жер бетіне қол жайып.
Қанағатты шырылдатып торға ұстап,
Имандықтан кеткен олар алыстап.
Ойыншық қылып адамзаттың тағдырын,
Қару жыйнап бір-бірімен жарыспақ.
Өмірің де, өлімің де Алладан,
Танымаса ақиқатты бұл адам.
Кінәлі боп қылмыс жасап өткізсе,
Айтшы қалай құтылады күнәдан?
Тәңір жалғыз! Жер анамыз үй ортақ,
Қалай қамсыз бейбіт күннен тартынбақ.
Түсінбеймін перілердің соғысын,
Ақырзаман қалған жоқпа жақындап.?!
Жер анада қоса алмаған бастарын,
Перзентіміз күні қысқа қас қағым.
Адамзаттың ұғар биік өресін,
Кеудемізде ортақ тілек асқақ үн.
Кең ғаламмен бірге біздің жанымыз,
Қызықтаған жұлдыздарын аспанын.
Неге ұқпаймыз қасиетін қадірлеп,
Мынау әлем құдайдікі екен-деп.
Қонақпыз ғой пенде біткен әзірше,
Қу соғыстан көркейіпті кім гүлдеп
Берген сыйын жаратқанның таптасаң,,
Бұзылмайма сұлулығы бір-бірлеп.
Топан судан бастау алар белгісі,
Есті болса мұны сезбес қай кісі.
Тұрған жоқпа аналардың көзінде,
Бар әлемнің мұңға толы қайғысы.!
Соларында шөптер дағы күн бұрын,
Қалдырады қара жерде ұрығын.
Неге адамзат бір кісінің ұлындай,
Сақтай біліп ынтымағын бірлігін,
Шуақ қылып мейірімділік күн нұрын,
Құшаққа алып мұқиттарын, тұнығын.
Бар әлемнің ұға біліп сырлы үнін.
Ұрпағының ерте қамтып тірлігін.
Арнамайды ізгілікке ғылымын?!
Астан кестен болып жатса жер беті,
Қайдан табар қуат берер қоректі,
Жеңе аларма тозақ оты түнекті?
Нағыз ұстаз қайғы менен қара нан,
Осы екеуін ұғарма екен бар адам.
Қашан бітер жер бетінде зұлымдық.
Бейбіт күннің тыныштығын тонаған.?!
Қанаттары біздегі үміт мұраттың,
Қандай болар болашағы ұрпақтың.
Ғасырды аттап айта алмаймын ашылып,
Қайран баба даналығы бұлақтың!
Кешір мені көрегенім ол үшін,
Өзіңсің ғой қуат берер тынысым.
Жаздым өлең рухыңмен сырласып,
Осы менің бар ақындық болмысым.!
Күнде келем ескерткішің басына,
Бір ғажайып сыр барындай осында.
Сырласамын рухыңменен үн-түнсіз,
Ерік беріп ұшқыр ойлар тасқынға.!
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі