Өлең, жыр, ақындар

Оспан батырдың соңғы сөзі

  • 07.06.2019
  • 0
  • 1
  • 6014
Бір өзіме бәрі аян сырым анық,
Сұм ажалды қайтемін есіме алып.
Бәрінен де туған ел қымбат маған,
Көз алдымда езілген қайран халық,
Қараңғыны қақ жарып өтсем-деп, ем,
Үмітіме қол жетпей болдым ғаріп.
Бақ іздеген көз алмай азат таңнан,
Кім ұғынар жанымды азапталған
Құр даурығып бірлікке бас қоспаған,
Сорлыларға не деймін мазақ болған.
Бірі орыс, бірі қытай табанына,
Тапталып жоғалуға аз-ақ қалған.
Елдіксіз қай елдің де тозар бағы,
Ұлттық Рух дем беретін сол ғой жаны.
Халқының арын қорғап қолдамаса,
Қалайша жерді басып жүре алады?!
Түсінсең өлгендер де тірілей-ақ,
Былғаған бабаң сүйген босағаңды.
Оны айтсам таусылғандай бар амалым,
Тордағы арыстандай аһ ұрамын.
Тәңірім жазбасыншы құл қылуға,
Алаштың еркін өскен ұл қыздарын.
Күрескен түбі жетер жеңісіне,
Намыстың көктен іліп жұлдыздарын!
Алтын күн нұр сәулесін ала қашып,
Соңғы рет жасыл қырдан барады асып.
Айнала бар маңайға күміс сеуіп,
Тәңірдің қаламындай бояу жағып.
Дүние-ай, бірер сәтке мұрша берсе,
Жетер-ем туған жерге қанат қағып!
Зор сезім сезбейтұғын түспен өңдес,
Туған жер өткен күннен берер елес.
Құлаққа анам даусы шалынады,
Жаулығы желбіреген желкен теңдес,
Құлыным бері кел – деп үн тастайды,
Жағалап дарияны өткел бермес,
Тылсымның жұмбақ сырлы тізбегінде,
Ой шешу мүмкін емес кез келгенге,
Басыма қаралы түн төнгендігін,
Япырма – ай, ана жүрек сезгеніме?!
Бас имес кім заңына жаратқанның,
Көрмеймін енді қайтып таң атқанын.
Маужырап жас сәбидей ешбір үнсіз,
Астымда аяғымның тау жатқанын.
Көрмеймін тәкапар өр шыңдарды да,
Көтерген зеңгір көкке саусақтарын.
Көрмеймін ару тектес өзендерді,
Жеткізген сырға толы ғажап әнін!.
Соңғы сөз кеудемдегі бар тілегім,
Қор болмай жат қолында туған елім.
Жетсе екен арман қылған мақсатына,
Ту қылып ар ожданмен, дінмен, тілін.
Ұрпағы жолын жалғап бабалардың,
Көрсетсе арман барма ерліктерін!
Ұшуға қырандардай еркін самғап,
Бойында баба қаны жүрсе тулап.
Жоғалтпас дем біткенше тектілігін,
Көрінер биіктерден елін қорғап.
Ұлы едік Көк Бөрінің ерлік сүйген,
Өр Рухым тыным таппас әлем шарлап!
Сүймеген опасыз жан масылдарды,
Ол демер елім -деген асылдарды.
Қадірін бір-бірінің білгендерді,
Ақиқат жырын төккен ақындарды.
Бауырым, Оспан ғой-деп, еске аларсың,
Көргенде көкте ойнаған жасындарды!
Қош енді, шаң түсірмей ажарыңа,
Барамын тіке қарап ажалыма.
Айрылма Ұлы Түрік бірлігінен,
Салем де даламдай кең қазағыма!
Даусымды жеткізерсің жырға қосып,
Мен көрмей арман қылған жаздарыма!



Пікірлер (1)

Омар

Аңыз тұлға!

Пікір қалдырыңыз

О, Шәуілдір

  • 0
  • 0

О, Шәуілдір, Шәуілдір,
Көк аспаның көгілдір.
Шөл қыстаған кеудеме,
Жыр бұлағын төгілдір.

Толық

Қоғабайы қазақтың

  • 0
  • 0

Бабаларға ұқсас жарқын жүздері,
Ағалар бар аңыз болған іздері.
Ізгілікті істерімен елді ойлап,
Жетелеген өрге тартып біздерді.

Толық

Мәңгілік рух – Махамбет

  • 0
  • 0

Айдың ізін ай басар,
Аттың ізін тай басар.
Халық айна шындықпен
Ғасырларға жалғасар.

Толық

Қарап көріңіз

Пікірлер