Өлең, жыр, ақындар

Абақ арманы

  • 12.06.2019
  • 0
  • 0
  • 1557
(поэма)

Кіріспе
Көк мұнар кешкі тұрым тау етегі,
Жібек жел қырдың гүлін тербетеді,
Жайқалтып жапырағын жасыл тоғай,
Сыбырлап, күбірлейді, ән шертеді.
Жар теуіп, тасты үйірген мұздай бұлақ,
Меруерт су сарқырайды құздан құлап,
Сылдырап көк майсаға көбік бөлеп,
Секіріп тастан - тасқа жатыр тулап.
Жапырып жасыл шалғын сұлу гүлін,
Аңқыған жұпар иісі жарып мұрын,
Аттандық тауды бетке ап саяхатқа,
Үйренген көп достармен жүріп бұрын.
Абақ шал аң іздерде мылтығын ап,
Кететін жалғыз өзі тауды құлап,
Өрісі жалғыз аяқ жартас жолы,
Үсті күз, астында өзен жатқан тулап.
Бүгінде бізді бастап тауға барып,
Отырдық Күйгенсуда аз дем алып.
Келген соң Күйгенсуға күңіреніп,
Абақ қарт көп отырды ойға қалып.
Абақтың көзін жауып түкті қасы,
Мүлгіді ойға кетіп шалдың басы.
Бір ашып түкті қасын тағы жұмды,
Елестеп көз алдына Мариясы.
Шал шерін шертейін деп неше оқталды,
Шал ерні бір қыбырлап, бір тоқталды,
Елестеп көз алдына берген серті,
Жол бермей тілге жүрек тыйым салды.
Шал сыры қинағанмен шалдық жанын,
Соқпағы Абақ шалдың бізге мәлім.
Күттірмей тыңдаушыны мен бастайын
Таратып білгенімше шал арманын.
Шал сыры — Елдің сыры, таудың сыры,
Шал сыры - меңіреу жартас таудың жыры.
Асты өзен, үсті құзар қақпа тасқа,
Қамаған шалды қуып жаудың сыры.
Арқаның ерке өзені, айдын көлі,
Арқаның асқар тауы, шалқар белі,
Шалқыған, құлазыған, ені шексіз,
Арқаның сонау бетпақ шалғай шөлі.
Басынан кешірмеді қандай күндер,
Томсарып түнермеді қандай түндер.
Зәр жайып денесіне тыңдаушының
Сол белде зарықпады қандай үндер.
Тау шерлі, дала зарлы, бел күрсінген,
Қан жұтып, қара киіп ел күрсінген.
Әлсізді күшті талап әжуалап,
Жем үшін жыртқыш сұмдар елді бүрген.
Ерігіп мазақтаса елдің ерін,
Қорлап ол сындырмады кімнің белін.
Айдап сап араны үшін арам тамақ
Ішпеді кімнің қанын, кімнің терін.
Сарысуды Өрлей көшіп Тарақты елі,
Жайлауы — Бұғылының сары белі.
Құлдилап күзге қарсы Сырға ойысып.
Сыр қыстап, Арқа жайлап жүрген еді.
Аққозы озбыры еді Тарақтының,
Істеген барымта, ұрлық таппай тыным,
Жұлысып Қаракесек, Қуандықпен
Арқадан Сырға қарай салған сүргін.
Аққозы жігіт жинап, ат жаратқан,
Сан бедеу арқан бойлап керме тартқан.
Сан жігіт келте байлап орамалын,
Ширығып бай әмірін күтіп жатқан.
Бастаған осы қолдың басшысы Абақ,
Сан жауға Аққозы үшін тартқан садақ.
Туысы бір атадан болмаса да,
Қылыш боп сермегенде жауын шабады.
Үйткені Абақ кірме тегі Тама,
Бай тілін қайыруға бар ма шама?
Әке құл, шеше күң боп осы есікте,
Шіріген шілде көрмей ата-баба.
Болғанмен тегі Тама, түбі кірме,
Жан емес, жау жасқантқан бірме - бірге:
Әрі алып, әрі - мерген, найзаға ұста,
Көрсеткен үстем қайрат талай жерде.
Қармаулы, қара құсты, қалбағайлы,
Ұзын жақ, қалқан құлақ, кең маңдайлы,
Отты көз, қасқыр қабақ, қошқар тұмсық,
Сом дене, болат тұлға ерге сыйлы.
Кең иық, шалқақ топшы, балғын білек,
Бура сан, қасқыр жота, өр көкірек,
Қайтпайтын жаннан беті өрт мінезді,
Сан жаудың алдын тосқан найза тіреп.
Сүйріктей суға шыққан көзді тартып,
Туып еді құрбысынан Абақ артық.
Не керек ердің еркі жат қолында,
Болғанмен иесінен ерлігі артық.
Бедеулер белдеу тартып, көкке қарғып,
Жігіттер әмір күтіп ерде қалғып.
Аңсырап Арқа белін жортуды өксеп,
Жатқанда Аққозыдан болды жарлық:
— Жігіттер, аттаныңдар Сарысу бойлап,
Тайатқан, Найзакескен жонын тойлап.
Кегім бар Қаракесек, Бесатада
Салыңдар осы жолы Нұрланға ойнақ.
Қосымен қопара алып Түйте көкті,
Сабасын кереге іліп, қорын төкті.
Дегізіп, аты қалар бір қайрат қып,
Алдыма әкеліңдер Құлжанбекті. —
Аққозы осылайша берді жарлық,
Ел шауып, жонды жол қып, белді қан ғып.
Әкел деп әмір берді Түйте малын,
Бағыма, қайратыма елді таң ғып.
Он жігіт Сарысу бойлап сағым қуып,
Бұлдырап, бұғылыға келді жуық.
Жеткізбей жазық жоны, Тайатқанның,
Бел асса бел астынан белес туып.
Ұйықтаған меңіреу белді мәңгі бөгіп,
Тұяғы он тұлпардың жол ғып сөгіп.
Ілінді жалғыз бекін Тектұрмасқа
Шаншылған найзадай боп сағым төгіп.
Бекініп Тектұрмасқа салды салық,
Үш күндей ат күйледі тыным алып.
Жетеуі Жамшы түскен Түйтені іздеп,
Үшеуі ел торыды сонда қалып.
Жетеудің басшысы Абақ жерге жетік,
Ел бар деп сескенбейді елең етіп,
Басшиден Жамшы құлай жатқан жайрап,
Түйтеге желіккен жау келді жетіп.
Көз барда алды шолып жер шарасын,
Жылқының кешкі өрісін, сай-саласын.
Ел жата дүрілдетіп тимек болып,
Майданға неде болса байлап басын.
Ай жарық самаладай, бұлтсыз аспан,
Ырғайкер Абақ алда шеки басқан.
Бір белден желге беттеп жылқы шықты,
Айғырлар үйір жинап арқырасқан.
Жылқының сезіп дыбысын жүйріктері,
Жетеуін желіктіріп алып қашқан.
Ел жата, жылқы өріске жеткен кезде,
Жылқыға Абақторы араласқан.
Ай жарық, жылқышы көп, бұлар шағын,
Жылқышының түре тиген ауыл жағын.
Арасын көк пен жердің "аттан" керіл,
Жамшының тұяқ баты қыр қабағын.
Желіккен қалың жылқы айғайға еріп,
Жайлауыш тай-тулақта шапты елеріп.
Сайланған жылқышы да тобын жазбай,
Салды ұрыс жан аямай түйдек келіп.
Жарқылдап, айбажалар от ұшқындап,
Желекті ақ найзалар жүр сымпылдап.
Қабақтан қан сырылдап, маңдайдан тер,
Ұрысқа екі жақ та кірді шындап.
"Аттанның" қоюланып артқы жағы,
Құйылды тобыменен ел адамы.
Жазылып Абақ тобы есі шығып,
Жалғыздап қаша ұрыс сап бытырады.
Абақты бой жаздырмай ортаға алып,
Абақ та жан аямай қимыл салып.
Дарытпай етке таяқ, аш бөрідей
Шығады, Ырғайкермен топты жарып.
Бетпе-бет бір келгенде бір қалың топ,
Айбалта алмас жүзін кекке жанып.
Жарқ етіп, құлақ түбі Ырғайкердің
Құлады омақаса жерге барып.
Бас алды кіжінген ел аясын ба,
Жөнелді қол, аяғын байлап алып,
Берді деп құдай қолға қас дұшпанды,
Қолына долы Нұрлан берді апарып.
"Кеудесін тірі жанға бастырмаған,
Жауына қарыс адым аштырмаған.
Нұрлан — ер, Нұрлан — көкжал, Нұрлан — қияс,
Жауы жоқ жағаласа састырмаған.
Осылай аңыз қылып Қаракесек,
Нұрланды жан жеңбейтін батыр деседі.
Әупілдек, өр көкірек, мақтан құмар,
Жауының жағаласса жолын кеседі.
Жетеудің қолға түскен бірі кетпей,
Таласқан Түйте олжаға ұры жетпей.
Жолдасын бөліп алып, тон - тонауын
Кісенде жатты бәрі қыбыр етпей.
Аққозы — Нұрлан жауы көп алысқан,
Ығыр ғып ел тонатып сан салысқан.
Көп тұлпар, талай көкжал басын жұтып,
Арасы Қыр мен Сырдың қайғы құсқан.
Біріне саламын деп бірі таңба,
Батырған момын елді талай қанға.
Отына кім күймеді бұл обырдың,
Барқылдап айқайласа екі қарға.
Жеңбеген жат таяғы батыр Абақ,
Өр мінез, қайсар, өжет, батыл Абақ.
Тұтқын боп итаяқтан сарсу ішіп,
Кісенде қол-аяғы жатыр Абақ.
Байлауда Абақ бүгін, Нұрланда үн жоқ,
Ізденген Абақ ерді елде ешкім жоқ.
Жоқтаусыз жау қолында жатты есіл ер,
Қол, аяқ кісендеулі босар күн жоқ.
Күн өтті, күн артынан айлардан ай,
Байлауда Абақ жатыр қимылдамай...
Қой жиған Қояндыдан қалың қоспен,
Нұрланның келді аулына ташкенттік бай.
Бұл байдың шала қазақ шыққан тегі,
Келгенде сараңдыққа жоқ-ты шегі.
Арсын Арқа — Ташкен соқпақ етіп,
Саудамен ел қанаған бұл бір жегі.
Қос - қолаң тамақ үшін басын иіп,
"Бай" дейтін Садық демей аузы күйіп.
Сол Садық Сарыарқадан таңдап, қалап,
Достасты Нұрланменен жаны сүйіп.
Қамы үшін саудаменен жиған малдың
Қауыптың кездесетін алып алдын.
Тартумен тамағына түйін тастап,
Нұрландай досы болды озбыр жанның.
Биыл да таралғылы тартуымен,
Ақбас нар, тайлы мата артуымен.
Нұрланның ордасына келіп түсті,
Бұрынғы келіп жүрген салтыменен.
Қонағын Нұрлан тосқан алды күтіп,
Бай қосы жер қайысқан малға бітіп.
Жамшыдан ине шаншар жер қалдырмай,
Қой басты құмырсқадай, шиді түтіп.
Жаты да бірнеше күн қосы көшті,
Қос арты неше күнде әрең өшті.
Бай досы аттануға қамданғанда,
Нұрланға кесапатты бір ой түсті.
"— Аққозы қиратқанша Сырда жатып,
Кісісін жіберейін итке сатып.
Басайын Тарақтыға өшпес таңба,
Мақтан ғып Қаракесек жүрсін айтып".
Деді де досын Нұрлан оңаша алып,
Қиналтып қимас досқа қолқа салып. —
Байлауда бір ұрым бар қолға түскен,
Қолқам сол — соны Ташкен кетсең алып.
Босатпа байлауынан жыл өткенше,
Қиылып қол, аяғы әл кеткенше.
Босанса кегін алмай тоқтамайтын,
Қанішер қауыпты жау бір кектенсе.
Не өлер, жыл толғанша не әлсірер,
Кемтар боп кек қуатын оты сөнер.
Сол кезде босат - тағы құл ғып жұмса,
Бір көнсе айтқаныңа сонда көнер.
Мен десең орындалсын осы қолқам,
Ерлік қыл осыны істеп көрсет өнер.
Орнына сол адамның бір тілегім
Қостағы қос қарала итінді бер.
Ит беріп сатып алған, құлым дерсің,
Сұраса: "мұның кім?" - деп жолындағы ел.
Таратып осы атақты кетсең, досым,
Дүнием жоқ аяйтұғын, айт та ала бер!
Бұл қолқа ауыр тиіп, бай сандалып,
Бере алмай ашып жауап, ойда қалып.
Алмаса Нұрлан көрмес жау болады,
Абақтан қатер күшті жөнелсе алып.
Мінеки осы салмақ байды басып,
Біле алмай не қыларын отыр сасып.
Дос - мынау, қолқасы - анау - екіден бір,
Бірде ерлік, бірде қорқу араласып.
Сүйтсе де бай қорытып шешті сөзін,
Не сорға, не баққа деп қайрады өзін.
"Алғаным итке кісі маған да атақ
Қайткенде тастай алам Нұрлан сөзін.
Ташкентте бір жеткізсем жолда бағып,
Шынжырлап қол, аяғын бұғау тағып,
Сонан соң иттен қор ғып, итше ұстармын
"Итке алған Тарақты" деп ажуа ғып".
Зұлым бай күлді қарап Нұрланды алдап,
Басса да сыр білдірмей ауыр салмақ.
"Кісендеп қол, аяғын" деді мата,
Абақты итін беріп болды да алмақ.
Алған соң өз қолқасын Нұрлан бөгіп,
Алдына Садық дотың бәрін төгіп.
Жел жетпес Көсеукөктей атын байлап,
Жабылып жібек кілем нары шөгіп.
Абақты салып берді Нұрлан байлап,
Сазарып Абақ жатыр тісін қайрап.
Айтар сөз, істер қайрат, қолда күш жоқ,
Тек қана жалын төгіп көзі жайнап.
Екі аяқ кісендеулі, қолда тұзақ, Абақты ап
Садық қосы жөнелді ұзап.
Сатылып қос қарала қотаншы итке,
Аттанды Абақ батыр сапарға ұзақ.
Іште кек жан жалындап қайнағанмен,
Жауына азу тісін қайрағанмен,
Қол, аяқ кісендеулі істер лаж жоқ,
Қару қып кегін жанып, сайлағанмен.
Аяқта темір кісен, шынжыр қолда,
Кілт байда, ауыспайды басқа колға.
Қос артқан қара нардың жыртық шомы,
Көшсе де, қонса да қос, Абақ сонда
Қара нар балпаң басып ырғалады,
Қос көшсе қоймен қаптап құба жонға.
Тамызық шөлдің желі тандыр кесіп,
Абақты әлсіретті темір торда.
Бергізіп сұмырай Садық әлсіз қорек,
Сөткеде саптыаяқтан сусыз жонда.
Жабысып тіл таңдайға көмей, кеуіп,
Кетеді ауыр ойға Абақ сонда:
"Егер де өлмей өтсем мынау шөлден,
Бұл да бір бейнет шығар тәнім көрген.
Тән түгілі жан қорлығы бұдан да ауыр,
Сатылып ит орнына ит боп көнген.
Босанар бір кез келсе кісенді ашып,
Құтылар мынау тордан шығар қашып,
Садықтай сұмырай байдың басын кесіп,
Кетер ем кегімді алып, қанын шашып".
Деп ойлап жасымайды бойын беріп,
Жанына жалынды үміт болып серік.
Бетпақтан тынбай көшіп Садық көші,
Нариген, Науалыға қонды келіп.
Шөлді өтіп, Бетпақты асып, бойы кеңіп,
Садыққа ерекше бір бітті желік.
Мал сойып малшыларға сый көрсетіп,
Есірді байлығына нашаны еміп.
Бұрқырап қорқордан су, наша бықсып,
Кілмиіп көзі аларып, бой былықсып.
Бір тұрып, бір жығылып, бұлғақтап жүр,
Мал болып нашаға улап, күліп сық - сық.
Күн батып, шөл даласын түн ұйытты,
Мал жусап, малшыларды ұйқы жықты.
Сандалып шала есі бар сақ-сақ күліп
Шатырдан Садық сұмырай сыртқа шықты.
Аяғы бұлғалақтап шалынысып,
Ашалмай екі көзін Садық қысып.
Қақтығып қап қасына Абақтың кеп,
Жығылып жатты ұзыннан мұрттай түсіп.
Жылжып кеп кісенімен бай қасына,
Қол салып кілтті салған қалтасына.
Ақырын сылдыратпай алды да Абақ,
Отырды тығып біраз жамбасына.
Талыққан тынбай тартып шөлде үдеріп,
Қоста ояу бір пәнде жоқ, жатыр "өліп",
Байқап ап айналасын кісенді ашып,
Орнынан тұрды да атып, байға төніп.
Қараса бай белінде қоқан пышақ,
Суырып белбеуінен алды көріп.
Қанталап екі көзі, кегі қайнап,
Ақылға жан ашуы бермей ерік.
Шығармай еш дыбысын, аузын буды,
Сезбеді ешнәрсені бай бір өлік.
"Осы - ау деп қақ жүрегің, Садық сұмырай",
Пышақты сағалата қалды көміп.
Жиырылып бір ышқынып бай жан берді,
Қалшылдап қара болат қанын емді.
Қанжарды сүртіп - сүртіп қынына сап,
Маңдайдан Абақ сүртті суық терді.
Білінбей ешбір дыбыс тұн булығып,
Қалың қой ортасы ой боп жатты ұйлығып.
Арқаннан Көсеукөкті шешіп алып,
Біраз жер бай қосынан тұрды шығып.
Жез белбеу алты қырлы ұзын перен,
Оятқан шөл даласын түнде керең.
Қаруы бай қосының сақтыққа алған,
Білтелі ақ мылтық тұр түзу ерен.
Қайрылып қосқа келіп мылтықты алды,
Атына сыртта жатқан желқом салды.
Жан сезбей, күзет көрмей батыр Абақ,
Қара үзіп бай қосынан кете барды.
Астына Көсеукөктей тұлпар тиіп,
Байлаудан босап шығып, есін жиып.
Бай көшін Тандыр шөлде жер соқтырып,
Жарысып Абақ желмен тартты ызғытып.
Еркіндеп шыққаннан соң бойын жазып,
Жүйткіді Көсеукөгі жерді қазып.
Барарын қай жерге енді салмақтады,
Абақтың болды ойына қиял азық.
"Ел бар деп Сыр бойына не деп барам,
Барғанмен менде өмір жоқ, күнім қаран.
Сатылған ит орнына "ит" аталып,
Сүйекте кетпес таңба жоқ па жарам.
Көрсетпей сүйегімді далада өлмей,
Басымды енді неге базар салам.
Сыймаспын Сарыарқаға атым өшпей,
Неге өсті өшкір атым, бағым өспей.
Арқа мен Сыр бойына қош айтысып,
Болмайды қырғыз өтіп шетке көшпей.
Кетпесем құлақ естіп, көз көрмеске,
Нұрланның құрығы ұзын жол бермес те.
Түсіндім Аққозы да, Нұрлан да жау
Болмайды түзде жүріп, шетте өлмеске".
Деді де көк тұлпардың басын тежеп,
Қаранып жан-жағына алма-кезек,
Толқытып ойдың түбін тереңдетті,
Бірде - Арқа, бірде - Алатау, Сырды кезеді.
"Жоқ олай қалың елден торықпайын,
Сыр тартпай, сырттан шошып қорықпайын.
Ел іші — алтын бесік, адастырмас,
Білейін өзім барып елдің жайын",-
Деді де Абақ солай қорытты ойын,
Бекітті баруға елге батыр бойын.
Көсеукөк ауыздықты қаршылдатып,
Алысып тізгінімен салады ойын.
Кетіппін көпке Көкті таныстырмай,
Көсеуді көп көкпенен салыстырмай.
Көсеуді Түйте шулап тұлпар дейді,
Алатын топтан торай жарыстырмай.
Түйенің арық борбай арса Көгі,
Түлкі төс, бота тірсек, арша Көгі.
Жиын, той шаппай бәйге ұсынатын
Нұрланның қай жиынға барса Көгі.
Көк озды жарысқанда шапқан малдан,
Жолы жоқ Көктің шауып малдан қалған.
Арқадан ат озбаған атақты Көк,
Нұрландай озбырға ондап олжа салған.
Сұйық жал, сабау құйрық, көстиген Көк,
Есіктей омырауы төстиген Көк,
Асты — алыс, үсті — қысқа, сиыр бөксе,
Кең танау, кешкіл маңдай кекшиген Көк.
Көсеудей тұлғасы оның көсей біткен,
Бауыры жерге жақын төсей біткен,
Атаған Көсеукөк деп тамам Түйте,
Мүшесін үйлестіріп сыртқы түкпен.
Қимас дос, қимас атқа қолқа салып,
Қиналған қияс Нұрлан сөзден қалып,
Үш жылдай ұдайымен қоймай қалап,
Садық дос шығып еді биыл алып.
Көк тұлпар көсеудей боп баурын жазып,
Сом тұяқ соны белден соқпақ қазып,
Бұлдырап бұйра шөлден сағымданып,
Бетке ұстап тарпы Абақ Темірқазық.
Абақты елге қарай шығарып сап ,
Садықты Науалыда сұлатып сап.
Оралып ел мен қосқа бір соғалық,
Берелік тыңдаушыға хабарын ап.
Көрініп сәулесімен мөлдір айдын,
Шөл шөбі сүр баялыш, сыры қурайы,
Қуанып күткен таңның сәулесіне
Шыр етіп ұшты шөлдің бозторғайы.
Ыңыранып айдау көрген қойлар жатыр,
Көміліп күміс шықпен ойлар жатыр,
Бүгіліп көлденеңдеп көк шетіне,
Шөл белі, бір ауыр ой ойлап жатыр.
Ешкімнің хабары жоқ Абақпенен,
Жол соғып және тойған тамақпенен
Сүтжан да еш қаперсіз бір ұйықтаған,
Қапы жоқ бұл жерде жау алар деген.
Қос басы сақтығымен байға жаққан,
Шөл жолын айсыз қара түнде тапқан.
Қонысшыл қос жолына, әрі малсақ,
Күндіз, түн бай малы үшін безек қаққан.
Жексұрын малшыларға Сүтжан соқыр
Ызғары байдан әрі көпке батқан.
Сүтжанды осы түнде қара басып,
Кетті ме әлде көптен ұйқысы асып.
Қатты ұйықтап қалған екен еш қаперсіз,
Таңменен тұрды орнынан араласып.
Байқаса қостарда ояу бір пенде жоқ,
Ай жарық, таң бозарған, аспан ашық.
Алдымен шолды келіп байдың қосын,
Шатырдың шалқасынан есігі ашық.
Жаюлы төсек жатыр, жатқан бай жоқ,
Үңірейіп соқыр көзі сұры қашып,
Шошынып шолды қостың айналасын,
Жүгіріп безек қағып асып — сасып.
Қарап еді қостың қой жақ көлеңкесін,
Жалғыз көз көрді жатқан бай денесін,
Шарт байлап орамалмен аузын тартқан,
Пышақтап қақ жүректен қос өкпесін.
— Жайратып байды жарып, бауырын қан ғып,
Қандай жау қапылыста тұрған андып,-
Деді де соқыр Сүтжан айқай салды,-
Өлді, - деп, - арыстаным, - жұртқа зар ғып.
Жүгіріп түгендесті қостың маңын,
Ешкім жоқ есіне алған Абақ барын.
"Көк ат пен байлаудағы ұры қайда?"
Деп қалды көне қойшы кәрі Ығалым.
Қамалған ізін таппай болған көптің,
Жақ ашпай қоршап алып тұрған көптің.
Ығалым бетін бұрды сол сөзімен,
Абақты таппаған соң іздеп ешкім.
"Бұл жұмыс келген екен қайсар сұрдан,
Қанталап екі көзі құдай ұрған,
Тартып ап қанын ішке, тілін тістеп,
Жатушы еді тамақты ішпей беріп тұрған".
Деп шешті, көптің аузын ұят буған,
Жасымен жалғыз көздің бетін жуған.
Жанашыр жалғыз кісі Сүтжан соқыр
Садыққа бауырындай бірге туған.
"Өнбейді енді ешнәрсе бос тұрыстан,
Бітірді өз жұмысын қайсар дұшпан.
Қамданар екі қос ат, қостан таңдап,
Нұрланға жетсін хабар бұл жұмыстан".
Деп Сүтжан қосқа әмірді берді тығыз,
Төрт атпен екі жігіт деп "дайынбыз"
Аттанды бетін түзеп қайта Арқаға,
Жобалап көш жолымен сүрлеулеп із.
"Айтыңдар қапылыста бар қазасын,
Беруге салсын қимыл жау жазасын.
Бар болса көк астында, жер үстінде
Келтірсін қос қолына Абақ басын.
Тез барып, тез қайтыңдар, мен күтемін,
Сүйегін байдың "Ташкен" жөнелтемін.
Жылыстап су сағалап тосып алам,
Сендерге Құлансуды меже етемін".
Деді де қала берді Сүтжан соқыр,
Тамам қос Сүтжан лебін тосып отыр.
Ташкентте жеткізуге бай сүйегін,
Қамданды қос жабылып апыр-топыр.
Кеткенде Абақты алып, бай аттанып,
Абақты итке сатып, бай мақтанып.
Көңілі өскен өр көкірек Нұрлан қамсыз,
Жатқанда түк қам қылмай ел сақтанып.
Қоңыр кеш, ала сәуле, ай тумаған,
Жер бетін "аттан" басып ел шулаған.
Жылқыға найза қағып тиген жаудан,
Дүрілдеп жер сілкініп, шаң тулаған.
Дүрлігіп жылқы түсті жау алдына
Таяқтан бір жылқышы сау қалды ма,
Ел қамсыз, ат раңдап, ер тыраңдап,
Жатқанда Тарақты кеп бас салды да.
Тастамай тағалы тай көтере алып,
Ел зары түнді оятқан жерді жарып.
Шайнасын бармақтарын жаяу үйде,
Түйенің адамдары қапы қалып.
Қалың жау жылқыны алып жүре тартып,
Қуғыншы қала берді шаңға малтып,
Астына аты тимей Түйте еркегі,
Шобырға тақым толмас борбай артып.
Көре алмай қала берді жау қарасын,
Түйенің ыза кернеп кәрі-жасын,
"Ақшатау, Алтын сандық, өзен Жамшы,
Томсарып алды тосып ел көз жасын.
Осындай Нұрлан бүлік, жауы шауып
Бұт артар жылқы қалмай адамы ауып,
Айрылып бар жылқыдан отырғанда
Сүтжанның шапқыншысы келді шауып.
Аттанған хабар айта екі кісі,
Түн қатқан түзді үдеріп қашып түсті,
Нұрланға хатты әкеліп ұсынғанда,
Күлдей боп оты сөнген Нұрлан түсі.
Дірілдеп буыны құрып екі қолы,
Өртеніп екі жақтан бірдей жолы.
Не дерін, не қыларын басқара алмай,
Отырды обыр Нұрлан қайнап соры.
Аққозы айдатып ап Түйте көгін,
Нұрланнан қайтардым деп кеткен кегін,
Мардамсып Сыр бойында жатты жайрап,
Күзетіп шалғыншы сап елдің шегін.
Қуғаны Аққозының мал мен мақтан,
Елді айдап, ерді жұмсап, ауыл шапқан.
Алған соң көп жылқыны көзі тұнып,
Ұмытты адамдарын қолда жатқан.
Ой жоқ-ты Аққозыда босар деген,
Абақты Нұрлан бұрын, итке сатқан.
Бір күні ойда жоқта алды хабар,
Босанып келді деген елге Абақтан.
Аққозы бұл хабарға ғажаптанып,
Отырды селқос тыңдап, әрең нанып,
Сыр бермей өзі барып сынамаққа,
Байына сәлем берді Абақ барып.
Сайқал бай Абақты алдап күлді өтірік,
Абақта сыр айтпады бұған жарып.
Қысқалап қашып шықтым деп доғарды,
Садықты өлтіргенін айтпады анық.
Аққозы, Абаққа өзін ақтай сөйлеп,
Алғанын хабарды кеш алға салып.
"Мен барда кек кете ме Бесатада,
Нұрланды отырмын, - деп, - шауып алып".
Абақтың көңілін аулап түсті алдына,
Ішінде жүрмесін деп өкпе қалып,
Басылып көзіне оттай жүйрік Көсеу,
Абақтың көргеннен-ақ атын танып.
Абақты көтермелеп қойды мақтап, —
Ер ғой, - деп, - Көсеукөкті шыққан алып.
Жануарды тынықтырып күту керек,
Жүрмесін күйі қашып, зорық шалып.
Деп баурап Абақтан да атты икімдеп,
Аптықты бар ынтасын атқа салып.
Топшылап Аққозының арам ойын,
Жылытпай Абақ отыр байға бойын.
Бауратпай Көсеуді өзі кетті мініп,
Ақаңның көрерміз,- деп,- кейін тойын.
Жатты Абақ сол бетімен үйге барып,
Сыр айтпай Аққозыға тісін жарып.
Жан ашып ел ішінде құрбы-құрдас,
Абақтың сырын сұрап ортаға алып. ,
Жасытпай көңілін аулап сауықтап жүр,
Сыр шашпас көңіл жетер жерге барып.
Көсеуді бермегенге Аққозы обыр,
Түңіліп жатты Абақтан көңілі қалып.
Өлтіріп Садықты Абақ, Көсеуді алып,
Жер түбі, қиыр шөлде ойран салып,
Тарақты көтере алып бар жылқыны
Шыққанын жау үстіне қапы қалып.
Өзінің кездескенін бір тосқынға
Мойындап Нұрлан жатты ұзақ налып.
Алайда бекітті әкеп ой түйінін,
Тіл алмақ Аққозыдан елші барып.
"Қайтартар барымтасын екі жақтың,
Айласын төте жолдың жаңа таптым",
Демекші "тентекті бер кісі өлтірген,
Мал емес. Бізге басын бер Абақтың.
Абақты бір айда осы қолға аларлық,
Абаққа күйем демес елі барлық.
Қайтар ма Садық кегі бұ дүниеде,
Абақты бауыздамай қызыл қан ғып.
Бермесе Аққозы аяп қанішерді,
Мен - дағы арылтармын барлық жерді,
Ташкеннің бектеріне қағаз салып,
Қол емес, заңмен көрем күшін енді".-
Деді де аттандырды бес елшісін —
Абаққа азу басып, қайрап тісін,
Абақты қолға берсе бітім болмақ,
Болмаса бітімім жоқ ұқшы, кісім.
Бес елші Сыр бойына ілінгенде - ақ,
Абақты сұрастырып түрді құлақ.
Елу ғой ел құлағы, ел шыншыл ғой.
Елшілер Абақ барын білді сұрап.
Бес елші Нұрлан сөзін келген ұстап,
Соны айт деп елде Нұрлан берген нұсқап
Абақтың Садық байды шөлде өлтіріп,
Кеткенін қолға түспей Көсеукөкті ап.
Келгенін келісіммен елшілікке,
Қателік кімнен болған соны ұғыспақ.
Алдына Ақ қозының ағытты елші,
Істемек бір бітімді ел дұрыстап.
Ұлық хан қалың дауды шешпек болған,
Билікті өзің айт деп, бітімді ұстап.
Нұрланның жалғыз ғана тілегі бар,
Бар болса қолға берсең Абақты ұстап.
"Абақты шалқайсаңыз бермей қолға,
Шабады дау аяғы насырға онда.
Бір үйлі кірме Тама Абақ қандай?
Ойлаңыз, Нұрлан, қандай салып жолға.
Садыққа бір біз емес, Ташкен жоқшы,
Демесең кездесейін қалың сорға,
Егер де айтқанды істеп ұстап берсең,
Аласың бар билікті өзің қолға".
Жеткізіп Нұрлан сөзін келген елші,
Майдалап салды алдына етпей ерсі.
Байлады сөз түйінін Абаққа әкеп,
Бар тілек Абақты ұстап қолға берші.
Аққозы естігенде бұл хабарды
Сазарып басын шайқап ойға қалды.
Еңкейген елші салып Нұрланды ойлап,
Өлімін Садық байдың тағы ойға алды.
Садыққа жоқшы күшті, түбі Ташкент,
Қояр ма бермегенмен алмай жанды.
Бермесе Абақты ұстап артқы салмақ
Өзіне тиетінін есіне алды.
Ауырлап осы ойменен шақырды елін,
Жауаптың шешерінде қиын жерін.
Елшінің ұстап келген сөзін айтып,
Аққозы күтті көптен айт деп елім.
Ұйлығып сөз айта алмай отыр халық,
Айта алмай ұстап бер деп аузы барып.
Абақты күні кеше Бесатаға
Жұмсаған жылқы әкел деп жауға салып.
Сатқанда Нұрлан қорлап итке Абақты,
Іздеусіз жібергенін есіне алып.
Көпшілік Аққозыдан күтті лебіз,
Дегендей өзің айтшы салмақтайық.
Аққозы көпке қарап: "менің ойым,
Еңкейген кемітпейін Нұрлан бойын,
Тентектік байды өлтірген Абақтікі,
Күшім жоқ көтеретін Ташкен тойын".
Осылай көпке ұсынды өз пікірін, -
Абақты бермек болған түпкі сырын.
Алдына Аққозының кім шығады,
Мақұлдап бас изеді, құп деп мұның.
Жалпы етек Аққозыға Жәпек сұмырай,
"Мұныңыз дұрыс" деді елден бұрын.
Абақты өзгеден де көп күндейтін,
Бір құнсыз қу ауыз еді тым жексұрын.
Елшілер ел шетіне кіргеннен — ақ,
Абақта сақтанып еді хабарын ап.
Тыңшы сап Аққозының сөзін торып,
Адамның сыр айтатын өзіне жақ.
Қаруын, атын баптап сақ отырды,
Тынарын қандай сөзбен құлағын сап.
Күйленіп көк тұлпар да ерігуде еді,
Жер тартып, тақымда ойнап, ал жүр деп шап.
Сылдырап мөп-мөлдір боп Сырдың суы,
Мұнартқан көтеріліп көкке буы.
Құшақтап ай сәулесін төсін керіп,
Сыбдырлап көкше құрақ шалқып нуы.
Сыңқылдап әнін қосып көк айдында
Қалқыды қатар жүзіп қаз бен қуы.
Жел тербеп сылдыратқан көк құраққа,
Ән қосты әсем тербеп құстың шуы.
Аспанның ақ еркесі айы жүзіп,
Су бетін қанатымен аққу сызып.
Қос ерке бірін-бірі еркелетіп,
Өмірдің өрнегіндей туды қызық.
Көк тұлпар елегізіп, тақымда ойнап,
Жер тарпып, тізгін созып салады ойнақ.
Алдынан бір суық сөз ой күткендей,
Абақтың қобалжыды жүрегі ойнап.
Аққозы Нұрланға ұстап бермек болған,
Хабарды іңірде алған — көзін жоймақ.
Ақырғы күнім шығар Сырдағы деп,
Отырды келешегін кезіп ойлап.
Алайда тұра қашпай күтіп отыр,
Жан-жағын қарауылдап көздеп бойлап.
Асынып ақ мылтығын, белде садақ,
Күтулі хабаршысын көзін қадап.
Келетін болды уақыт, неғып жатыр,
Деп ойлап маңын шолып отыр қарап.
Тастаған ай көлеңке бұйра құмға,
Абақтың тұрған жері терең жылға,
Көк тұлпар бір пысқырып тікті құлақ,
Саңқ етті деген дауыс — Абақ мұнда.
Болғанын бір сұмдықтың Абақ сезіп,
Алайда шу дегенде бермей сезік,
Найзасын қолына алып тұр түйіліп,
Шолады айналасын зерттеп кезіп.
— Мен мұнда, іздеген кім? — жау ма , ел ме,
Ажалды іздемесең жақын келме,
Алдымен жөніңді айтып, сөзіңді ұқтыр.
Деді Абақ өзін андып келгендерге.
Абақтың даусын естіп іркілді топ,
Артынан шыға келді тағы бір шоқ.
Шықты да топтап біреу жүрді Абаққа.
"Біз елміз, тоқта батыр, мұнда жау жоқ.
Аққозы анау тұрған, Жәпекпін мен,
Өзіңе тілдеспекпіз, сөзіме сен.
Шеше алмай дау түйінін ел күйзелді.
Батыр ең, жол табатын Абақ ең сен.
Елші кеп қамап жатыр Бесатадан,
Тауыпты Садық қата бір қатадан.
Анығын сол жұмыстың айтып берсең,
Жұмысқа біз дайынбыз сен атаған.
Екі жақ бітімдеспек жолға салып,
Сол дауға сені керек дейді халық.
Сатқанын Нұрлан итке сені қорлап,
Тарақты күйзеліп еді ауыр алып".
Деп Жәпек сұрқиялап сөзбен торлап,
Алуға болмайтынын күшпен зорлап,
Айламен айналдырып маңайласса,
Алдымен астындағы атын ормақ.
Бұл істен хабар алған Абақ бұрын,
Білетін сұмырай жауыз Жәпек сырын.
Алдауға кеп тұрғанын алдандырып,
Анықтап ыңғайынан біліп мұның.
— Сен, Жәпек жақындама енді маған,
Сөзім жоқ айтатұғын сұмырай саған.
Екі айдай жау қолында жатқанымда,
Аққозы іздеген жоқ бар деп адам.
Жылқы алса құлқыны үшін алып отыр,
Жалғыз тай қияр ма екен содан маған.
Айдап сап араны үшін Аққозы сұм,
Сатылып ит боп кеткен менің, бағам.
Жәпек сұм, Аққозы обыр қос қанішер.
Қалды ма басылмаған таңбаң маған,
Бірақ мен ел деп қана елге келгем,
Сағынып құрбы, құрдас, інім, ағам.
Көруге ел мен жерді бір бұрылғам,
Болмаса жолым алыс — ойыма алған.
Тұрғанда Жәпек сұмырай сөзбен арбап,
Салуға Абаққа бір қанды қармақ,
Абақтың айналасын қамап алған
Жан-жақтан ат қойды кеп ұстаушы андап.
Найзасын жерден толғап қолына алып,
Көсеудің басын бұрып қамшы салып.
Не болса да бір айқасып көрейін деп,
Тобына Аққозының кірді басып.
Абаққа қол серметпей айдап шықты,
Қалың топ Аққозыны ортаға алып.
Жан-жақтан найза - сойыл сумаң қақты,
Көк тұлпар, бауырын жазып жұлдызша ақты.
Бір жанды маңайлатпай қаша ұрыс сап,
Серметпей жау сойылын Абақ қақты.
Түсірді бірнешеуін жоннан түйреп,
Көкпар қып кейбіреуін аттан сүйреп,
Көк тұлпар Сырдың құмын осты ойнақтап,
Торт тұяқ бір арадан түсіп түйдек.
Бір-бірлеп айқасқанын түйреп тастап,
Кейбірін екпінімен ұрмай жасқап.
Жәпекті Аққозымен аңдыды Абақ,
Кездессе кеудесіне найза баспақ.
Аққозы жанын қорғап, көпке бұғып,
Айта алмай бір ауыз сөз шетке шығып.
Абақтың шын ашуға кіріскенін,
Жүргенін қанға ұрынып үннен ұғып.
Айдап сап көпшілікті тұрды әмір қып,
Жабылып беріңдер деп маған жығып.
Паналап Жәпек те жүр көптің ішін,
Қол сермер қуаты жоқ екпінге ығып.
Кіріп жүр Абақ көпке барысша ойнап,
Найзасы сумаң қағып топқа бойлап.
Көк тұлпар тісін егеп, баурын жазып,
Кеудесін көбік жауып салады ойнақ.
Ақырып бір кіргенде топты жарып,
Найзасын оң мен солға кезек салып.
Қапысын таптым ба деп Жәпек сұмырай,
Сермеді айбалтаны тұра қалып.
Жіберді Айбалтаны Абақ қағып,
Жәпек сұм сермегенмен аңдып бағып.
Айбалта ұңғысынан сабы үзіліп,
Жарқ етіп жүзі кірді жерге барып.
Жәпекті ту сыртынан көктей түйреп,
Көтеріп ат үстінен алды сүйреп.
Ербитіп қол-аяғын бұлғақтатып,
Жерге ұрды салмағымен көтеріп кеп.
Түскенде бүктетіліп жерге Жәпек,
Абақты ашу жеңіп билеген кек.
Жәпектің жүрегінен салған найза
Шымырлап тұрды кіріп жебеге кеп.
Қалың қол сонша болмай кетті қаптап,
Жөнелді Абақ тайқын найзасын ап.
Ілдіртпей қолдан ұзап тұрды шығып,
Жәпекке жатқанында жұрт жабырлап.
Ұйлыққан артындағы қарап қолға,
Ойнатып көк тұлпарды шығып жонға.
Кетуге енді алданбай елден ұзап,
Абақтың айтқан сөзі көпке сонда:
"Қош бол, көп, Аққозының артына ерген,
Жәпектей сұмырайға тізгін берген.
Жазығым жан аямай шоқпар болдым,
Кегіңді ап, жұмсағанда талай жерден.
Мені итке Нұрлан сатып қорлағанда,
Күтіп ем кек қуар деп мен сендерден.
Сол жауға тағы мені ұстап бермек
Болдыңдар, елшісіне іздеп келген.
Ұғындым, Аққозы да, Нұрлан да жау,
Қош, сау бол, қайран елім соған ерген.
Сендерге ақтық рет қоштасқаным,
Тұрғызбай қуды Аққозы туған жерден.
Қош бол Сыр, сылдыраған мөлдір сулы,
Көк айдын, көкше құрақ қаз бен қулы.
Болайын тумағандай бұл арада,
Дей көрме осы жерде Абақ туды".
Деді де көк тұлпарға қамшы басты,
Сырғытып талай белес қырдан асты.
Жете алмай қол ұйлығып қала берді,
Десті де: Абақ енді қайрылмас - ты.
Сол Абақ сол кеткеннен кете барды,
Алатау қайдасың деп бетіне алды.
Асайын неде болса Қырғызға деп,
Қош айтып Арқа, Сырға кетіп қалды.
Қайрылмай сол кеткеннен кете берді,
Жобалап көрмесе де бұрын жерді.
Бұлт бөлеп, қар жамылған кәрі
Алатау Кимелеп көк кемерін елес берді.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Атасу - Манақы

  • 0
  • 0

Осы аңызды оқып ем
Ертеде бір кітаптан.
Көкейге сонан тоқып ем
Кеңесім болып ұнатқан.

Толық

Бестау

  • 0
  • 0

Шоқы деген атау жоқ па,
Неге Бестау деп атаған?
Төбе тау ғой тауы жоққа
Болса да дөң жап - жатаған.

Толық

Ақын ескерткіші

  • 0
  • 0

Кек пен шердің майданындай кер дала,
"Бестау", "Машук" арасында аз жер ғана,
Сақтап ұлы ескерткішті тас бөктер,
Тұр тұнжырап мұң бөленіп бір сала.

Толық

Қарап көріңіз