Өлең, жыр, ақындар

Айдос

  • 13.06.2019
  • 0
  • 0
  • 2189
(Күй сарынымен жазылған аңыз)

Домбыра үні сыр тілі
Пернемен жосып сарнайды.
Көкейге күйдің сыбыры
Күңіреніп зарлайды.
Сырлассаң күйге тіл қатып,
Ертеде өткен елді айтар.
Кей кезде күй үн қатып,
Ел серкесі ерді айтар.
Сол домбыра сақтаған,
Шешейін түйген сырымды.
Күй күмбірлеп мақтаған
Есейін талдап жырымды.
Айдос туып арқада,
Апыл-тапыл басты аяқ.
Жау қаптады арқаға,
Ауылға келді қол таяп.
Найзаға ұшып әр әке,
Иесіз қалды ерген ел.
Қалмады елде береке,
Жау қолында қалды жер.
Желекті найза желпініп,
Желкілдеп туы жау жетті.
Қарсыласпай бет бұрып,
Қоныстан босып ел кетті.
Бірде Сырдың бойында,
Бірде Бетпақдаласы,
Бірде Аралдың ойында,
Бірде Атырау сағасы.
Тозғандай көшіп ел жүрді.
Сайда саны, құмда із жоқ.
Ойға, қырға шұбырды,
Түнде бар ел, күндіз жоқ.
Бала Айдостың басынан
Талай ауыр күн өтті.
Қиындық көріп жасынан
Арман билеп ер жетті.
Жосылған жорық шаң көшіп,
Алыста көне із жатыр.
Елі басқан қан кешіп,
Елсіз құла түз жатыр.
Қалмақ жаулап қаңғытқан
Қоныссыз шұбап елі жүр.
Сан жорықта шаң жұтқан
Елдің де мосқал ері жүр.
Жер қайысқан қол қайда,
Жалындап шабар жас батыр.
Ту байлап шығар жон қайда,
Қоныста қоршап жау жатыр.
Ел жүдеп, ерлер бүгіліп,
Садағын сала байланбай.
Қоныстан, жерден түңіліп
Жорыққа жарақ сайланбай.
Аттың босап айылы,
Найза, үзікті жастанып.
Қатар ұйықтап аға-іні,
"Үй күшік", тоғышар бастанып.
Еңсесі түсіп ел құлап,
Көш, еруі белгісіз.
Қоныссыз босып, ел жылап,
Жазы қысқа бергісіз.
Күңіреніп көшін ел тартып,
Шұбырып күндер жатты өтіп.
Алуға кек құмартып,
Айдос өсті ер жетіп.
Желекті найза үйіріп,
Желпінте жүйрік ат мініп.
Жауар бұлттай түйіліп,
Ат құйрығын шарт түйіп.
Әке өлімі, ел зары,
Ойды құрттай жайлаған.
Жауға айқасу іңкәрі,
Кеудеде ыза қайнаған.
Албырт өжет жас батыр,
Ұран күтті жан-жақтан,
Неге езіліп ел жатыр,
Арылтпай қоныс қалмақтан.
Тарақты, Тама көсіліп
Сарысуды өрлей жайлаған.
Жібектей желі есіліп,
Құлпырып өлке жайнаған.
Ел жайлауда, ойын-той,
Ерігіп жастар ойнаған.
Қайрат масы өңкей сой,
Найзасы бұлт бойлаған.
Елегізіп жау күтіп,
Еріксе салып ер сайыс,
Тұлпар баптап бүгілтіп,
Салады сынап ат жарыс.
Бірде қару сынасып,
Мақтасып найза, қылышын.
Шыққанын қандай сұрасып,
Суарған қалай құрышын.
Гуілдеп жастар күшке мас,
Айдос та жүрді масайрап.
Қасыңда жары Қарашаш,
Алма беті гүл жайнап.
Қарақат көзі жаудырап,
Қарағанда Қарашаш,
Жүректі шымшыр жүз бұрап,
Лебіне жаның болып мас.
Қарашаш десе - Қарашаш,
Бұрымы түспес толқындап.
Иіліп нәзік қара қас.
Ақ маңдайға өрмек сап.
Қыр мұрынды, қыпша бел,
Сұңғақ сұлу тал бойы.
Демесек те кемеңгер,
Айдосқа серік әр ойы.
Ақылды адам жар сыны
Айдостың жанын балқытып.
Табылғандай жан күйі,
Ерте-кеш күйді шалқытып.
Айдос шығып бір күні,
Отырды қырдың басында.
Сыбызғының сырлы үні,
Толқытып жарын қасында.
* * *
Сыбызғы күйі сызылып,
Үн қосқандай желменен,
Баяулап кейде үзіліп,
Ымдасқандай жерменен.
Бірде өрекпіп дәуірлеп,
Көтеріле аспандап.
Бірде баяу ойды ұрлап,
Шулаған елдің жарын сап.
Бірде кекпен түйіліп,
Бірде жадырап шалықтап,
Бірде көктен шүйіліп,
Бірде бұлттай шарықтап.
Манаурап бірде жайланып,
Бірде сақ-сақ күлгендей.
Бірде қару сайланып,
Жорықта жосып жүргендей.
Ұмытқандай жарын да,
Батырды билеп күй кетті.
Қарашаш отыр жанында,
Шерткенде алуан күй кепті.
Батуға барды жазғы күн,
Бұлттарды малып жалынға.
Сыбызғыдан құйылды үн,
Жалынып бейне жалынға.
Батар күннің күйі ме,
Жалынмен жайған құшағын?
Әлде мұңды үні ме,
Іздеген жардың құшағын?
Күй басылды баяулап,
Күн де батты жалындап.
Ауылдан біреу жаяулап
Келді асығыс жақындап.
Айдос айым, ер ұлан,
Деп бастап сөз майдалап,
Хабарға келдім мен саған
Қамдады ерлер жол - жарақ.
Арқа ұранды барлық ел,
Аттанбақ қарсы қалмаққа,
Ата-баба туған жер
Қонысын қайтып алмаққа.
Ата қоныс — Арқа үшін,
Қалмақ пен қазақ айқаспақ.
Сақадай сайлап бар күшін,
Кеудесін қалмақ бір баспақ.
Аттанбақ болған асығыс,
Ел ауқымы осындай.
Қалмақта да қалың күш,
Сонда да бармақ шошымай.
Аттануға түн қата Жорыққа
Айдос жиылды.
Жұрт топталып ел жата,
Жан-жақтан қол құйылды.
Қабағынан қар жауып,
Жәй бұлтындай түйіліп.
Тұлпарлары жер қауып,
Найзасын көкке үйіріп.
Сайланып жүрген сан қыран
Садағын сала байланып.
Атқа мінді шықты ұран,
Дайын болды бар халық.
Айдос та мінді атына,
Қасына келді Қарашаш.
Құлағың сал сөзіме,
Жолыңа, жарым, ием бас.
Аттанба деуге аузыма
Түспей тұр ондай сұмдық сөз.
Жар түгіл жаттың аузы да
Айта алмайды ондай сөз.
Еркек тоқты құрмалдық,
Ер туады ел үшін.
Боз қасқа айтып мал шалдық,
Біз садаға сен үшін.
Аттанасың арыстан,
Намыс үшін, ар үшін.
Ер өледі намыстан,
Бір халқының қамы үшін.
Тек армансыз қоштасып,
Кел құшайын төсіңнен.
Жүргенде сен от басып,
Шықпасын бейнең есімнен.
Деді де сұлу Қарашаш
Сүйдірді бетін Айдосқа.
Бұршақтап көзден ыстық жас,
Қоштасты жары жан досқа,
Қаптап келген жау анау,
Халықтың алып үрейін.
Қайғырып тұрған жар мынау,
Дегенде жорық жүрейін.
Аз кідіріп тұрды да,
Айналаға бір қарап,
Жарына мойнын бұрды да,
Қынабына қолын сап,
Ант еткендей суырды,
Алдаспанның қынынан.
Не болар деп ел тұрды.
Қысылып батыр сұсынан.
Жүзіне қылыш үңіліп:
"Ажал деген немене,
Тумай жатып түңіліп.
Қорқарым сен бе, селебе?
Қорықпаспын ажалдан,
Шайқасып талай жүрермін.
Жар болып жалғыз тәңір ием.
Сан қамалға кірермін.
Мынау жасыл болатын
Жаудың басын кесермін.
Өмірде ер боп мен тусам,
Ез болып қалай өтермін.
Қаймықпаспын қатерден
Тамшы қаным қалғанша,
Кетсем де өліп жат ерден
Табанға жауды салғанша.
Желпіне шапқан тобымнан
Жер жастанбай бөлінбен.
Желкілдеген туымнан
Айырылмаспын тірі мен.
Қоғалы қара көлде өткен,
Көлдің сәнін келтірген
Жағалай қонған елде өткен
Ел ары үшін жан қиын,
Еңіреп талай ерде өткен.
Ойдым желке, көк мойын,
Тұлпар боп туған жер де өткен,
Арыстан атам Наймантай,
Жау тобын жалғыз күңіренткен.
Ажалсыз ода өлген жоқ,
Жорықпен ылғи күні өткен
Солардан өткен бұл дүние
Түбіне мұның кім жеткен".
Деді де батыр тебінді,
Көк тұлпар көкке атылды.
Сартылдап сауыр тебінгі,
Қайратқа мінген қатулы.
Қол дүрілдеп жол тартты
Желкілдеп туы желменен,
Жосылып шаң боп бел жатты
Тұяқтан тұлпар сермеген,
Жамшының өр басынан
Биігін Бектау бетке ала,
Құйылды селдей тасыған
Солқылдап бейне сары дала.
Бектау - ата суында
Қалың қолмен бас қосып.
Бөлініп неше буынға,
Сол жерден шықпақ жау тосып.
* * *
Жиылды сонда қалың топ,
Әр елдің басшы батыры.
Жауға аттанбақ тартып жол,
Ту алып әр бір ата ұлы.
Жетіге жасы жеткенде,
Жер шаршысын шенеген.
Қол бастайтын шет жерде,
Күндіздей түнде көреген.
Сан тұңғиық су кешіп,
Өткелін тапқан сасқанда.
Сан қиырсыз шөл кешіп,
Жау жолын кескен қашқанда.
Қарт Қожатай ту ұстап.
Байбөрі тобы жер шолып,
Жатыр еді бұрын салық сап.
Ілеспейтін ат шауып,
Жаяу жорытса жапанда.
Қысылғанда жол тауып,
Қол бастаған қатарда.
Аттыдан озып жауға енген
Жәй оғындай жарқылдап,
Балапан келген Кернейден.
Қасына қалың қолын ап,
Түнерсе жаумай ашылмас,
Қара бұлттай кілегей.
Жайратпай жауын басылмас.
Қаруын қанға тіремей.
Түйеден келген түйіліп,
Жаңа шыққан Жарылғап.
Жас қыранға шүйіліп,
Жас барыстай жалындап.
Қамшыдан басқа қаруды
Қамданып бойға ілмеген.
Айдасқан жауын қарулы,
Жан бар-ау деп білмеген.
Келді батыр Байғозы,
Тарақты туын қолға алып.
Сан жорықта бір өзі,
Қамалды бұзған жол салып.
Өңкей ноян жиылды,
Найзасын айға білеген.
Сол жерге қол құйылды,
Найзасын жауға тіреген.
Бір ауыздан сөз байлап,
Қан жаласып шынтақтан.
Ортада шалқып ту жайнап,
Жыршылар ұран шалқытқан. —
Қаны бірге елі үшін,
Ата қоныс жері үшін,
Түгі жібек барқыттай,
Салалы шалқар белі үшін.
Суы тәтті сарқыттай,
Қоғалы айдын көл үшін.
Арқа көркі асқар шың,
Асқар анау тау үшін.
Жиденің сөгі бал шырын,
Екпей өскен бау үшін.
Қызыл қарын, жас бала
Халқының ерлер қамы үшін.
Кіндік кесіп, кір жуып,
Ата-анаң өскен дала үшін.
Қандасыңдар қалмақпен,
Қайырына шауып келместей
Еліңді жерден бездіріп,
Өрінде дулап желместей.
Жеріне қурап кеппесін.
Арқаңнан ерлер айырылып,
Ұрпағың жерсіз өтпесін.
Деп күңіреніп жыршылар
Ашынтып ерлер жігерін.
Ерге қымбат намыс - ар,
Айырмақ жаудан өз жерін.
Ел қаһарын тұтатып,
Сөзімен қамал бұздырып
Жауына жалын оқ атып.
Ар жаршысы қарт Жантоқ.
Аттанды алып қобызын.
Қобызын тартса жалын боп.
Тыңдамай өмір өр құзын.
Кетуші еді ағылып,
Жыр нөсерлеп көмейден.
Айтпаса елі сағынып.
Қолқалаушы көбейген.
Жантоқтың қоңыр қобызы
Жосылтып жорық ұранын.
Жалындап ерлік лебізі,
Шыққанда ерлік тұрар кім?
Желпініп аттар жол жұтып,
Шашағы найза желкілдеп,
Бірде жортып, бір шауып,
Жетуге жауға желпілдеп.
Тозаң тулап, шаң көшіп,
Бұрқырап бұлт боп жосылып.
Ат тұяғы жерді осып,
Шаңы бұлтқа қосылып.
Қалың қара тұман боп,
Қолдың жолы мұнар боп,
Жердің жоны орланып.
Бозала таңнан батырлар,
Жетті қалмақ қолына.
Қалмақ та шулап салды жар,
Сап түзеп қалың қолы да.
Қалмақтың ханы Шажасы,
Дабылын қатты, ту тікті.
Күркіреп күндей қолбасы
Қара дәу бастап қол шықты.
Сайланып келген салмаққа
Қазақпен ұлы бір шайқас.
Берді бұйрық қалмаққа:
"Бірің қалма бар да айқас.
Киіп алып кетіңдер,
Келген бетте-ақ лап қойып.
Қан төге қайрат етіңдер.
Бой жаздырмай тез жойып.
Шошытпаңдар қазақты,
Үрейлетіп сасқандай.
Ду қылыңдар жан-жақты,
Дүркіреп бәрі қашқандай" –
Хан бұйырды қалмаққа,
Қалмақ бірі тартынып.
Дуылдасып жан-жақтан,
Тасыған селдей алқынып.
Қаптап шапқан қалмаққа,
Қазақта қарсы құйылды
Жасқанып, бұғып қалмақ па?
Қазақтың ері жиынды.
Кетті айқасып екі жақ,
Найзасын көкке үйіріп.
Айбалталар жарқылдап,
Қылыштар қия шүйіліп.
Алтын кіріс сары садақ,
Адыранасы мөңіреп.
Тартқанда ерлер тұра қап,
Ат шөгіп аяқ жер тіреп.
Садақтан оқтар көкке ұшты,
Жасындай ағын жарқылдап.
Талай дене жер құшты,
Құлаған аттан жалпылдап.
Тұтылғандай күн көзі,
Найза, сойыл тозаңнан.
Боялғандай жер жүзі,
Майданда акты қызыл қан.
Қазақ, қалмақ екі жар,
Шеп құрып тұрып соғысты.
Талай сабаз батырлар,
Жау қолынан жер құшты.
Үздіксіз үш күн соғыс боп,
Ат болдырып, қажыды ер.
Қалмақтың күші басым боп,
Қауып ойланып сасыпты ел.
Жатты түнеп екі жақ,
Үдересін бойында.
Таң ата тағы сап құрмақ
Күркілдек, Құсақ ойында.
Қайратты жауға жолығып,
Қанжығадан қан кешіп.
Ертеңнен ел торығып,
Жау алқымдап үні өсіп.
Жабығып жасақ қол жатыр,
Жалыны қайтып басылып.
Қарсыда қара нар жатыр,
Аруағын бүгін асырып.
Сан қамалға бұйырып,
Бекінін бұзып қалмақтың.
Айдос шықты түйіліп,
Зәресін алып жау жақтың.
Жас барыстай жалындап,
Жарқылдап жайдай Айдос ер.
Жау тобына ойран сап,
Сілкінткендей демі жер.
Арқа таңы созылып,
Аталмай сыздап алыста.
Айдос та бойы қызының,
Шыдамай күйіп намысқа.
Алмай көздің шырымын,
Асығып атар таң күтіп.
Қажыған түйіп ел сырын,
Қамығып батыр қан жұтып: —
Шынымен жауды айдамай,
Арқадан — ата қоныстан.
Қайтпақпыз үйге біз қалай,
Сайланып келген соғыстан.
Ел аруағын жасытса,
Ардан аяп жан қорғап.
Жаудың көңілін тасытса,
Ер өмірі не болмақ.
Ата аруағын күңірентіп,
Моласын таптап жау жатса.
Қосынсыз қор боп күн елтіп,
Жөңкіліп жосын ел жатса.
Ердің күні не болмақ!
Ер дегенің ез бе еді!?
Осындай ауыр сыр толғап,
Атқан танды ол сезбеді.
Ширатқандай ер бойын
Алдағы ұлы айқасқа,
Бекіткендей ер ойын,
Жасқанып жаудан таймасқа.
Суылдап таңның самалы
Арқадан андап есілді.
Алдында жаудың қамалы.
Сайланып атқа ел мінді.
Өктемдеп кеше бағы өскен,
Дәуірлеп үні бір қалмақ.
Найза үйірді белестен.
"Жекпе-жек" сұрап кек алмақ
Қазақтан шапқан Қалмамбет,
Қаза боп кеше қолынан.
Тағы да сұрап жекпе-жек,
Бүгін де кезек тобынан.
Айдарлы қара бұл алып,
Қазаққа таныс талайдан.
Сан соғыста жол салып,
Ағызған талай ерден қан.
Қазақтың қолы ұйлығын,
Суырыла ешкім шаба алмай.
Қазақтың қолы тұр бұғып,
Баратын батыр таба алмай.
Намыс пен арын ширатқан,
Жас қайраты жалындап,
Айдос келіп түсті аттан,
Халық алдында қару сап: —
Жау найзасы жарқылдап,
Ойнаса елім көгінде.
Тығылып топқа бойды ұрлап,
Тұрғаным тірі өлім де.
Жас жанымды арнадым,
Қазақтың намыс, ары үшін.
Жас күшімді арнадым
Халықтың қоныс қамы үшін.
Атадан қалған кегім бар,
Анау тұрған қалмақта.
Тілекте халқым тұрыңдар,
Байладым басты бармаққа.
Рұқсат бер, халайық!
Ер тілегі — бір тілек.
Жекпе-жекке барайық,-Деген кезде жас түлек
Қамалып тұрған қазақтан,
Қасқара шабар таппай ер,
Жабығып тұрған барлық жан:
"Айдос жаным, бері кел,
Жай қолыңды, жас көкжал.
Қолдасын қорғап ер бабаң,
Қалмаққа бар да ойран сал.
Жауыңнан ағыз қызыл қан".
Сол жерде тұрған халық боп,
Ақ ниет, адал тілекпен
Бата бердің қалың топ,
Бір дауыспен дір еткен.
Дулыға күнмен жарқылдап,
Найзасын көкке үйіріп.
Шар айна төсте жалтылдап,
Тұйғындай жауға түйіліп.
Шыға шапты жас батыр,
Қазақтың қалың қолынан.
Майданда тосып қалмақ тұр,
Қан жосыған жолынан.
Жекпе-жек сұрап желіккен,
Мақтанмен ісіп қабарып.
Қарсы ұмтылды жау беттен
Жас батырға Қара алып.
Жалындап шапқан жас батыр,
Алыппен кетті айқасып.
Ойран салды ой мен қыр,
Екі көкжал шайқасып.
Жарқылдап ойнап көк сүңгі,
Желекті жебе сумаңдап.
Зәресі қалмай ел тұрды,
Не болар деп екі жақ.
Кейде найза салысып,
Кере тұра толғасты.
Қайысып кеп бүк түсіп,
Тізесімен жер басты.
Тастай беріп найзасын
Қылышпен қия қағысты.
Сұмырай қалмақ айлалы,
Күш көрсетіп қарысты.
Жарқыл қағын алдаспан,
Емініп Айдос мойнына,
Жаралған қанқор алмастан,
Өлімнің құштар ойнына.
Әлденеше үңіліп,
Қылыш желке жағынан
Дарытпай Айдос бүгіліп,
Қылышты қырқа сабынан,
Шапқанда қылыш түсті ұшып,
Қара алыптың қолынан.
Жалтарғанша ол ырсиып,
Қалмақты тартты жонынан.
Кекпенен тартқан ақ алмас
Шұрқылтайдан сыр етті.
Доптай ұшып түсті бас,
Қан қылыштан дір етті.
Қалмақ шапты алыптың
Әкетуге сүйегін.
Қазақ шапты, халықтың
Берді деп тәңірім тілегін.
Өңгеріп алып қалмақты,
Айдос топқа жеткенде: —
Я, әруақ!- деп шуласты
Қуаныш сыймай жер, көкке!
Алыбы өліп кеткен соң,
Қалмақтың үні басылып.
Қазақтың қолы жеткен соң,
Дәуірлеп дулап тасынып.
Қамыққандай қалмақтар,
Қашқақтай қайтып ұрыстан.
Алдыңғы тобы қазақтан.
Ат басын кейін бұрысқан.
Ту қасында хан Шажа,
Қолына ұрсып ақырды.
Қашқанына бер жаза,-
Деп Шағанды шақырды.
Қысылғанда қимылдар,
Сүйенерім, ер Шаған.
Жекпе-жек сұра майдан бар,
Келді кезек, ер, саған.
Шақыр әлгі батырын,
Кезегіңді ал, төк қанын.
Қара дәу қайран, батырым,
Бұзатын жаудың қамалын.
Қапыда кеткен ерімнің,
Кетпесін жауда есесі.
Қаймығып, қалған елімнің,
Көтер бір, Шаған, еңсесін.
Шапты Шаған дүрілдеп,
Қалмақтан шыға атой сап.
Дауысы күндей күрілдеп,
Найзасы жайдай жарқылдап.
Шыққанда шауып қалмақтан,
Өңмендеп Шаған лапырып:
Айқассам ағады қызыл қан
Кетем, - деп,- таптап жапырып.
Жетіп еді Айдос та,
Қайырыла шауып майданға,
Шаған да келді сол тұсқа,
Бұрылмай жолда бір жанға.
Шықты ақырып алдынан,
Шағанға қарсы Айдос ер.
Аруақтап қазақ салды ұран:
Батырға, тәңірі медет бер.
Жауар күндей түнерді,
Атпаққа кегін жасындай.
Салмаққа бір сүренді,
Күйіне түскен лашындай.
Жас барыстай жонданып,
Аш арыстан белденіп,
Ақиықтай қомданып,
Айқасты жаумен ер келіп.
Қалмақтан шапқан дәу
Шаған, Айдосқа келді жекпе-жек.
Аламын деп қанға қан,
Жібермен деп мен де кек.
Садағын кезеп жол тосты,
Атындай тартпақ алыстан.
Адырна желмен үн қосты,
Толғаса топшы қарысқан. —
Алдыңғы кезек менікі,
Аламын қанын ағамның.
Екінші кезек сенікі,
Ер болсаң Айдос шығарма үн.
Айдос тұрды қасқарып,
Шегінді Шаған алысқа.
Қорыққан ба ол жасқанып,
Қалдырып елін намысқа?
Жүгіртіп келіп дәу Шаған,
Тартқанда садақ шіреніп,
Екпінінен толғаған,
Тізеден жерге ат еніп.
Айдостың жалап топшысын,
Иіріліп оғы жыландай.
Жүректің көздеп дәл тұсын,
Кетті атқанмен дарымай.
Барып соқты бір дәнді,
Тастары шаң боп көкке ұшты.
Айдос тайып сонда ерді,
Шамдандырып кек қысты.
Шаған да беріп ер кезек
Тұрды қабағы қасқарып.
Садағын Айдос нақ кезеп,
Жүгірте толғап бетке алып.
Қозы жауырын, сұр жебе,
Кірісі алтын садақтан,
Адырнаға күш бере,
Шірене толғап кер тартқан.
Болса да алы арасы,
Қос өкпенің тұсы - ау деп.
Қас дұшпан иттің баласы,
Өлер жері осы - ау деп.
Тартқанда Айдос шіреніп,
Көк тұлпар белі қайысып.
Аяғы жерге тіреліп,
Жез қармақтай майысып.
Айдос тартқан сол жебе,
Қалаған жерден қадалып.
Басы айрылып жерге ене,
Шағанның үні жер жарды.
Өкіре келіп дәу Шаған,
Құлағанда қара аттан,
Көтерілді жерден шаң,
Құйылды қазақ жан-жақтан.
Құлаған соң Шағаны,
Қалмақтың қалмай үрейі.
Тыңдамай елі Шажаны,
Лап қоя қашты бар елі.
Жау қаштылап қазақтар,
Қалмақты қуып жөнелді.
Тартты қалмақ азапты
Жеңіске қазақ кенелді.
Қосарлап қара тұлпарын
Қалмақтың ханы Шажасы
Алып қашты өз жанын
Қымбат боп елден өз басы.
Дүркірей қашқан көп қалмақ,
Аягөз асып, құм барды.
Естері шығып жан қармап,
Бытырап кезді құмдарды.
Арқадан жауды бір түріп,
Қазақтың гулеп үні өсті.
Қара түнек серпіліп,
Балқашты бойлай қол көшті.
Қол серпіліп қонған соң,
Қос тігіліп су бойлап.
Көңілі шалқып толған соң,
Домбыра, қобыз күйді ойнап.
Айдостың қалған әкеден
Жанында жүрген сыбызғы.
Шаттанса тартар күйі екен,
Орағытып өр құзды.
Дәуірлеп күймен кезгендей,
Арқаның әсем саласын.
Жаны бір шаттық сезгендей,
Аймалап туған даласын.
Арман шөлін басқандай,
Ата аруағын емірентіп.
Көңілі көл тасқандай,
Жауын жеңіп күңірентіп,
Жас жүрегі қуанып,
Жас қайраты шыңдалып.
Жауын қанмен суарып,
Майданда озып жүлде алып.
Желпініп сауыт шешініп,
Жеріне аунап керіліп,
Құлашын жайып көсіліп,
Жаны майдай еріліп.
Күй сырғытып дем алып,
Тынымдап Айдос отырды.
Тамыздың күні тамылжып,
Жанданып жер құлпырды.
Тына қалды қалың қол,
Күйге түріп құлақты.
Жан жүректі тербеп ол,
Қуантты, кейде жылатты.
Бірде шат боп күлімдеп,
Жымиғандай қуанып,
Бірде өзеуреп дүрілдеп,
Алмасты қанға суарып.
Бірде әлсіреп талмаурап,
Нәзік үнмен тіл қатты.
Бірде үнінен қан саулап,
Жалынып жылап мұң шақты.
Жадыратып бірде жайлантып,
Тербетіп көкей жусатып.
Жүректі шымшып үн шалқып,
Балқытып бойды бусантып.
Әкеткендей күй билеп,
Тартқанда Айдос тұнжырап.
Алуан сырды ой сүйреп,
Жүректі шымшып жүз бұрап.
Отырғанда Айдос ер
Бір түс кеп түсті есіне.
Көрмегенім жақсы еді?!
Шашын жайып Қарашаш
Неге апырмау қамықты.
Қанды жасы аралас
Неге бүйтіп тарықты.
Жаудың оғы, қылышы
Майданда сермеп мені атқан.
Тарылтып әлде тынысын,
Күйзелтіп сол ма жылатқан.
Қарашаш сәулем қамығып,
Отыр ма қорқып ойланып.
Әлде жүдеп жабығып,
Сағынып жарын ойға алып.
Жабықпа жарым, жүдеме,
Қағас көрдім, қатер түс.
Басынды сүйеп кеудеме,
Қоштастың тым асығыс,
Дегендей үні сыбызғы,
Сызылып жүйткіп сорғалап.
Толқынын Балқаш күй жүзді,
Бауырлап жүйткіп жорғалап.
Әлде желдің лебімен,
Садақтан ұшқан оқ тілген.
Әлде ажалдың демі ме,
Өмірді өрттеп от киген.
Күйден шықты бір сарын
Шошынғандай өмірден.
Күйзелткендей өр жанын
Құшақтасып өліммен.
Аһ, дүние-ай сол кезде
Айдосқа кеп оқ тиді.
Өң бұзылып леп-лезде.
Бітіре алмай ол күйді.
Денесі құлап жер құшты,
Белгісіз оқтан атылған.
Сыбызғы қолдан жер ұшты
Күнді күймен батырған.
Қайдан шықты, қай жақтан
Қаңғырып кеп жалғыз оқ?
Қандай дұшпан, ісім атқан?
Айнала жым-жырт, түк үн жоқ.
* * *
Күйді тыңдап гуілдеп,
Отырған қоста көп қыран,
Оқ тигенде зулап кеп,
Айдосты сүйеп жығылған.
Басын жерден көтерді,
Тіл қатпай Айдос сазарып.
"Қиып кетті – ау желкемді",-
Дегендей боп бозарып.
Ымдағандай ернімен
Бітпеген бейне күй лебін.
Басылды қыбыр еріннен,
Бітіргендей күй демін.
Ердің ақтық лебізін
Іліп алып есті жел,
Күңіренткендей жер жүзін,
Ел көкейін кесті жел.
Айнала іздеп ел шапты,
Бекініп оқтың атылған.
Қалмақты ақсақ ел тапты,
Бір жарда бұғып отырған.
Жалғыз қалмақ жаралы,
Жар тасасын паналап —
Тыңдамай ауыр жараны,
Кек жалыны жалындап.
Қол қонғанда ши бойлап,
Дересінді өрлеп жамырап,
Жаралы қалмақ кекті ойға ап,
Садағын кезеп бетіне ап.
Жетіп еді Айдостың,
Жағалап тұсын жарменен,
"Жолыңды жауым мен тостым
Қоштасарсың жаныңмен".
Деп шірене қу қалмақ
Атқан екен жүректен.
Жасырмай сырын, бұлтақтап,
Аттым, - деді, - шын кекпен. —
Мен Шағанның інісі ем,
Айдостан жеткен қазасы.
Өлімнен қорқар кісі емен,
Ел үшін туар ер басы.
Мені де Айдос найзалап,
Түсірген шаншып жаралап.
Ел кетсе де мен қалдым,
Өлсем деп оқты бір қадап.
Жардың түбін паналап,
Жалғыз жатып тостым жол.
Жауырын қарап, ашып бал,
Келуін күттім қайтқан қол.
Қондырып қосын шешініп,
Отырса да Айдос сақтанбай.
Бөгелдім атпай кешігіп,
Тәңіріме садақ тартқандай.
Өйткені Айдос сызылтып,
Сыбызғыдан күй төкті.
Сол күй бойды езілтіп,
Қабырғамды күй сөкті.
Күй тілімен сырласып,
Күйзеліп жарға мен бұқтым.
Бірде ерленіп, бір жасып,
Күйдің сырын мен де ұқтым.
Атуға қимай алыстым,
Жүрегіммен белдесіп.
Намысқа, кекке қарыстым,
Алайда аттым жан кешіп.
Жанымның нәзік бір қылы,
Күй шерткендей күңіреніп.
Жасымнан билеп сол мені,
Көкейге түрлі күй келіп.
Қуыс қурай қобыз ғып,
Сарнатушы ем сан күйді.
Айдос тартқан сол күйден,
Жүрегім ауыр сыр түйді.
Асқақтап тартқан Айдостың
Намыспен күйі тиді арға.
Садақты сонда мен бастым
Жан не керек ар барда!
Түсерімді білсем де,
Намысым қайнап атқызды,
Жалғыз тілек өлсем де,
Сол күйді маған тартқызшы —
Деді де қалмақ қолына ап,
Қоншынан қуыс қурайын,
Айдостың күйін аумай сап,
Көкейге құйған удайын.
Сұңқылдатты қу қалмақ,
Күйді ағытты қурайдан.
Кешкі желге үн жалғап,
Қанатын алыс күй жайған.
Құмды күймен үйіріп,
Будыратып шаңды айдап.
Балқашқа жетті жүгіріп,
Жел күйді алып бай - байлап.
Сүңгіді толқын күйді алып,
Дүлейіне Балқаштың.
Желге үн қосып толғанып,
Күй күңіренді күндіз - түн.
Жұрт тыңдауға еңіреген,
Еріне жаны күйзеліп.
Жарысқандай желменен,
Арқаны кезді күй желіп.
Садақтың оғы сан іреп,
Жүрегін жыртқан қоңыр жел.
Азуын айға сан білеп,
Ерлер жортқан сары бел.
Көбелеп ерлер жау қуған.
Жағасы ор боп айдын көл.
Сан заманды көшіріп,
Сақтаған ізін көне жер.
Бітпеген осы күйменен,
Күңіреніп жатты үн қосып.
Кестеленіп сыр терең,
Даланы кезді күй жосып.
Айдос күйін кестелеп,
Тартқан әлгі қалмақты.
"Күй сақталсын есте" деп,
Басын кесіп алмапты.
Өмір бойы сол күйді,
Тартыпты қалмақ байлауда,
Көрмей туған елді, үйді
Жүрсе де азап айдауда.

Эпилог
Ел көкейі елгезек
Жинаған көне аңызды,
Татымсыз сырдан бой тежеп
Кеңесті жырлар маңызды.
Сондай сырдың бірі, - деп,
Құйқылжып қолы шек бойлап,
Бұл күн Айдос жыры еді, -
Дейді Әбікен күйді ойнап.
Бастайын да кеңесін,
Шежірелеп кететін.
Балқаш пен Үшдересін,
Бойына күймен жететін.
Қолында жалғыз домбыра,
Жарықшақ жабы үнімен,
Сырын ойға қондыра —
Жеткізіп ем мұны мен, —
Дегенде күйші гулетіп,
Жөнелді ойнап оркестр.
Эфирге шырқап күй жетіп,
Бөленді күйге ой мен қыр.

1944.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Абақ арманы

  • 0
  • 0

Көк мұнар кешкі тұрым тау етегі,
Жібек жел қырдың гүлін тербетеді,
Жайқалтып жапырағын жасыл тоғай,
Сыбырлап, күбірлейді, ән шертеді.

Толық

Ата қазақ аузынан

  • 0
  • 1

Сан заманды қарытып,
Сан тұлпарды арытып,
Сан соқпақты көнелеп,
Сан қияны көбелеп,

Толық

Петроград көшелерінде

  • 0
  • 0

Невский деп бір көшемен келеміз,
Көрінгенге таңдана қарай береміз,
Ел де бізге қарайды "бұл кім?" - деп,
Баста тымақ, қолбаңдаған денеміз.

Толық

Қарап көріңіз