Ауылға барғанда – Марфуға Айтқожина

Бұл бетте «Ауылға барғанда» атты Марфуға Айтқожина жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 16.10.2018
  • 0
  • 0
  • 4014
Баяғы өзен өзгертпеген ағысын
Сұстанады қаз-қалпында тағы шың.
Жиналыпты ауыл болып осында,
Жиналыпты әзілі көп абысын.
Жақсы құрбы, жаны жайсаң, назы шын,
Қолдан тегін бермес, сірә, намысын.
Жеңешем жүр айналсоқтап ошақты,
Қозы етіне қоса салып қазысын.
Баяғы әзіл өзгертпеген жүйесін,
Баяғы сол жанға жақын бір есім...
Қара саба босағада толқып тұр,
Қараша үйдің асырғандай киесін.
Қандай ыстық дәл осындай кез кейде,
Қиял шіркін алып-ұшып кезбей ме.
Кешегі бір титтей қыздың лезде–ақ,
Қаласың–ау бойжеткенін сезбей де.
Сонда барып ішіңнен бір тынасың,
Жылдар сермеп кеткен бе деп құлашын.
Өзіңнен соң көргенінде жастарды,
Есейдім деп сонда барып ұғасың.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері