Жолың болсын, ұлым! – Өтепберген Ақыпбекұлы

Бұл бетте «Жолың болсын, ұлым!» атты Өтепберген Ақыпбекұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 24.06.2019
  • 0
  • 0
  • 3492
«Күн құбылды, желденді,
Көлікке мін сен де енді.
Жолыңа!» – деп,
Қолыма
Анам ақша берген-ді.

Аялдама маңында
Біраз тұрып қалдым ба?!
Бір қарт ана
Қол жайып,
Келе берді жаныма.

Торлап алған түсін мұң,
Қарт анадан қысылдым.
Ойланбастан,
Алдым да,
Жол-пұлымды ұсындым.

Мұңлы жүзі күлімдеп,
Әлсіз қолы дірілдеп:
«Жолың болсын, ұлым!» – деп,
Бет сипады күбірлеп...

Бұзылып тұр бүгін күн,
Құбылып тұр бүгін күн.
Енді...
Несін бөгелем,
Мектеп жаққа жүгірдім.

Келем іштей бекініп,
Екпіндеймін ентігіп:
Бар мақсатым –
Сабақтан
Қалып қоймау кешігіп...


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері