Дос парызы
Түрікпенадай тіней қызы асыл әжем Бимағанбетқызы Жидеге ескерткiш.
Автор
Даналығым – алпыстағы әкемнен,
Балалығым – он бестегі шешемнен.
Қадыр Мырза-Әлі
1. Сөз басы
Түрікпен досым Дүрдi, сен,
Айтшы бiлсең (бiлгiш ең),
Жау болмаған бiздiң халық дос болған,
Қонақасы жеген талай қостардан,
Аяқ-қолға түскен бiздiң бiр кiсен.
Түсiмiз бiр күн аптабы қақтаған,
Iсiмiз бiр тұлпар ұстап баптаған.
Даламыз бiз – кең көсiлген иенбiз,
Бiрiмiзге нағашымыз, жиенбiз.
Айдап салса аттан салдық тек қана.
Сөз сөйлетiп обаларды тыңдатса,
Шертер едi-ау небiр сырды қымбат сан...
Аңқау, адал қос халықтың арасын,
От салумен қансыратты жарасын,
Хорезм шах,
Бұқар ханы,
Сұм патша.
Досым Дүрдi, көптен көрмей аңсаған,
Зерттелместен жатыр тарих қаншама?!
Бабалардың достығының куәсi,
Бiр әңгiме айтып берем мен саған.
Тыңда, досым, қажет нәрсе бұл саған.
2. Мұз астына кеткен көш
Астамдықтан болды ма лай сезiм,
Алар деп кiм ойлаған бұлай кегiн.
Мұз үстiнде абайсыз суға кеттi,
Мал-жаны, бар көшiмен Құдайкенiң.
(Толған ба сұм ажалдың қу өзегi,
Дейдi жұрт – “сол өңiрге ну өседi”.
Улап-шулап қалың көш батқан өзен –
Сонан соң атаныпты Шу өзенi).
Бұрын-бұрын Құдайке қандай едi,
Аймағына ататын таңдай едi.
Өзi батыр, өзi би, бiр өзiнiң
Болатұғын
Он бес ұл,
Төрт әйелi.
Құс тiстеген ауызбен арман қайда,
Бәрi-бәрi бұлдырап қалғандай ма?
Ел тiрегi – азамат ай маңдайлы,
Қас-қағымда айналды сормаңдайға.
“Төрт әйел – бiрi нәзiк, бiрi ұяң ед,
Он бес ұл – келешегiм, риям ед.
Зарлады сақал жұлып, зарлады шал –
Баянсыз, тұрлауы жоқ дүния”, – деп.
– Тұр, аға, басың көтер, елiң келдi, –
Деп жылады iнiсi Келiмбердi.
Жоқтауымен жаңғыртып кең даланы,
Әже келдi,
Қыз келдi,
Келiн келдi...
Ошағы өшiп, суалып ырысы бiр,
(Болар бәлкiм тағдырдың бiр iсi бұл).
Жетпiстен асқан кезде Құдайке шал,
Қолына қарап қалды iнiсiнiң.
“Алға салған билеген сезiмдi ұдай,
Сонау, сонау жiгiттiк кезiм бiр-ай!” –
Күрсiнедi осылай бейшара шал,
Кешегi деп санайтын өзiн Құдай.
3. Келiн тiлегi
“Бекiтем, – деп, – қотаным, кең iргемдi”,
Жорықтан оралған-ды Келiмбердi.
Ерiне сыр аңғарта сағынғандай,
Баршын сұлу наздана керiлген-дi...
Бәйбiше ерiне тым батымды едi...
Ләззатқа қанған соң: – Батыр, – дедi.
Өз қызығың өзiңде, ал қайнаға –
Түнiменен дөңбекшiп жатыр, – дедi.
Бәйбiше ойын солай жеткiзгенi,
Әлi алда базынасы, өткiзбегi...
– Тәйт әрi, не қауқар бар кәрi шалда,
Төрiнен көрi жақын жетпiстегi.
– Жоқ, Батыр, қате олай ойлағаның,
Базына емес және де жай ғана бұл.
Ұрпақ сүйер әлi де бұл өмiрден,
Бойында қуаты бар қайнағаның...
– Кәрiлiгiң дауасыз ғарiп, ғарiп,
Қаңсып қалған метейдей жарық-жарық.
Қайдан бiлдiң сен өзiң айтшы, кәне, –
Деп күлдi Келiмбердi қарқ-қарқ.
– “Қазаны басқаның
Қайғысы басқа”, – деген,
Әйел-балаң жаныңда таспа дер ем.
Өтпеу керек ұрпақсыз дүниеден,
Ол да бiр кез ер болған асқақ ерен.
Батыр, ойлан, өзiңнен әлi өтiнем,
Өтiнемiн осы үйдiң әулетiмен.
Тым тереңде көп жатар көбiктенiп,
Үмiттенем қайнағаның кiшi дәретiнен...
4. Тосын байлам
Ертесiне, ие, ертесiне,
Сәлем бере ауылдың серкесiне.
Ақсақал, қарасақал, түбiт мұрттар,
Отырды ақбоз үйде кең көсiле.
– Уа! – дедi бiр кезде қарттың бiрi, –
Кетсiн солай көңiлдiң, дерттiң кiрi.
Құдайкемiз ағайын ортасында,
Бiрақ көрiп жатқаны жаттың күнi.
Осы елден бiр қыз таңдап алғаны жөн,
Бiр атадан бiр ұрпақ қалғаны жөн.
Сол қызды ризашылықпен ата-анасы,
Қойнына Құдайкенiң салғаны жөн.
– Дұрыс!
– Дұрыс! – шу еттi отырғандар,
Жауға талай жебе боп атылғандар.
Су түбiнен талайды шығарып ап,
Су түбiне талайды батырғандар.
– Таңда қызды!
– Кiм болмақ қалыңдығың?
– Қай сұлуды дер едiң: “жаным, гүлiм”,
Келiмбердi құдаға санап бермек,
Қалың малын бүгiн...
Бiр күрсiнiп Құдайке
Сақалын саусағымен салалады,
Салалады...
Жанарына шық тұрып балалады:
– Тұстастарым, iнiлер, балаларым,
Келмейдi бiр-бiрiңдi алалағым.
Бiр кезде болмад менен асқан ешкiм,
Ал қазiр қыз таңдайтын жаста емеспiн.
Құлаған шаңырағымды көтерсеңдер,
Ие бола алмастай бос та емеспiн.
Рахмет, бердiңдер қалауымды,
Көтерген деп бiр кезде жалауымды.
Бiр әйелдi әйтеуiр жылыта алам,
Айтсам егер iштегi алауымды.
Қайғысы жоқ бәрiңiз байсыңыздар,
Сендер үшiн соқпай-ақ қойсын ызғар.
Таңдағаным сол болсын, соны алайын,
Қәне, маған қыз берер қайсыңыз бар?
Келiмбердi:
– Ағам айтқан бәрiң де байсыңыздар,
Осы елдiң бетке ұстары – Айсыңыздар.
Қалың малын екi есе айдатамын,
Желiге жетпiс бие байлатамын.
Отыз күн ойнатамын,
Қырық күн тойлатамын,
Қыз берер қайсыңыз бар?..
Кiмде қыз бар әркiмге аян едi,
Әрқайсысы өзiнше Баян едi,
Құдайке “Бәленшенiң қызы”, – десе,
Бәрi оны көндiруге даяр едi.
Көктем менен қосылу күз дегенiң,
Осы сәттiң әркiм де iздедi емiн.
Бiрақ, бiрақ амал не, өз қолымен,
Дей алмады ешкiм де “қыз беремiн”...
Шешiлер деп кiм күткен бұлай керiм,
Қайтаруға жиналып тағдыр кегiн.
Қамшымен жер шұқылап кеткендердi,
Селк еткiздi дауысы Құдайкенiң:
–Жә!..
Қайтемiн бiр қызды қимасаңдар,
Бұлай болмас едi ғой сыйласаңдар.
Өзiм табам шығатын жолымды да,
Қайғыма қайғы қосып қинасаңдар.
Жара бiтпес қара су бүрiккенмен,
Мен үрiкпен, ал сендер үрiккенмен.
Досым бар – аты оның Қожанәпес,
Қыз алам сол досымнан – түрiкпеннен.
Қиямет-қайымдағы досым едi,
Тар тағдыр табыстырып қосып едi.
Бiр берсе, қызын маған сол бередi,
Құда түс, Келiмбердi,
Өтiнiшiм осы менiң!!!
5. Гөзел сұлу
Әлқисса, Келiмбердi Құдайке ағасының айшылық алыстағы түрiкпен досына құдалар аттандырды. Бiр кезде Құдайке қолға түскен Қожанәпестi кепiлдiкке алып, ажалына ара түсiп, астына ат мiнгiзiп, елiне қайтарған болатын.
“Құдайке, қарызымды тiрi жүрсем, бiр өтермiн”, – деген сонда досы аттанып бара жатып.
“Елiңе аман-есен жет. Үйлен. Қатының қыз туса, ұлыма құда түсем”, – деген Құдайке де әзiлдеп.
Борыштың аты борыш. Құдалар ендi түрiкпен жамағайынының қызын баласына емес, Құдайкенiң өзiне айттыра бара жатыр. Өйткенi басын әдемi бастап, аяғын қожыратып жiберген елiне өкпелi Құдайкенiң қалауы солай. “Бар болса көре алмайтын, жоқ болса бере алмайтын” ағайын осы.
Қазақ досының елiнен келген қонақты Қожанәпес құрақ ұшып бiр күн күттi, ешкiм бұйымтайын айтпады, екi күн күттi, ешкiм бұйымтайын айтпады. Үшiншi күнi Қожанәпес: “Е-е, қонақтарым, бұйымтайларың болса, айта отырыңдар, Құдайке досымның отбасы аман ба?” – дедi. Қонақтардың да күткенi осы сұрақ болатын. Сыр түйiнi ағытылды.
Қожанәпес үнсiз отырып қалды, өңi қуқылданып кеттi. Көп отырды. Сосын “шаруаларыңның жауабын үш күннен кейiн аласыңдар” дедi де, тұрып жүре бердi.
Содан бiр күн өттi, бұларды елеген ешкiм болмады, екi күн өттi, бұларды елеген ешкiм болмады, үшiншi күнi Қожанәпес келдi: “Уа, құдалар, құдай алдында берген уәдемдi жұтпаймын, Құдайкенiң басына iс түскен екен, бауыр етi – баламды оның түтiнiн түтетiп,
орнын оңалтуға көндiрдiм. Тек бiр тiлегiм бар. Қызым Гөзелден туған ұрпақ өз қарымына менiң де қарымымды
қосып атаса болғаны. Қызымның көшi анау төбенiң бауырында бара жатқан, ал аттаныңдар”, – дедi.
6. Сөз соңы
Солай, досым,
Жал бiтедi арықтаса жалдыға,
Кермек жұтқан көп асайды балды да.
Арқасында қиын кезгi достықтың,
Жүре бердi сөнген ошақ
Қайта лаулап жанды да.
Солай, досым,
Өмiр көлiн кешемiз,
Бiрде қайтып, бiрде қайтпай есемiз.
Екi ұл тапты жетпiстегi әкемнен,
Он бестегi жап-жас Гөзел шешемiз.
Жанды талай, сөндi талай сан арман,
Ұшқын атып, жалын атып жанардан.
“Түрiкпенадай” аталады қазiрде,
Өнген ұрпақ, өскен ұрпақ солардан.
Солай, досым,
Түсiмiз бiр күн аптабы қақтаған,
Iсiмiз бiр тұлпар ұстап баптаған.
Даламыз бiз – кең көсiлген иенбiз,
Бiрiмiзге нағашымыз, жиенбiз,
Айдап салса аттан салдық тек қана.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі