Өлең, жыр, ақындар

Сарбаз суреті

  • 29.07.2019
  • 0
  • 0
  • 3406
(Майданда қаза болған әкесін және әскери борышын өтеп жүрген баласын еске алған әке әңгімесі)

Толғандырып, ойландырып талайды,
Төрімізде бір бейне тұр арайлы.
Жиырма беске жаңа толған сол сарбаз
Кең әлемге күлімсірей қарайды.
Кеуде керіп паң ұстаған тым өзін,
Сом тұлғалы сұлу сарбаз – бұл өзім.
Әділ айтқан бір сөзінен қайтпаған,
Әлі күнге өзгермеген мінезім.
Қазір енді тура алпыс бестемін,
Есіп келем өмірімнің ескегін.
Сарбаз болып, сапта жүріп сартылдап,
Түседі еске қалжыраған кештерім.
Жоқ, мен емес, суреті бұл ұлымның,
Көрмеймісің айнымауын түрімнің.
Ол да мендей сарбаз болып, сап түзеп,
Күзетіп жүр тыныштығын түнімнің.
Бүгінгі өмір бірқалыпты десек те,
Қалай тыныш жата аламын төсекте?
Сағынышпен сарғаяды сана да,
Балам келіп қосылғанша есепке.
Қанды соғыс қанатын кең жайғанда,
Әкем менің шейіт болған майданда.
Қанша уақыт өтсе-дағы белгісіз
Қабірінің жатқандығы қай маңда?
Осы сурет – белгі болып қалғаны,
Ақырғы рет қан майданнан салғаны.
Мен – баласы, әке болып өзім де,
Немересі әке жолын жалғады.
Төрде тұрған суретіне қарай біз,
Тамшылаттық ыстық жасты талай күз.
Ақтығында ақылғы кеп сабырлы,
Әкемізді нағыз ер деп санаймыз.
Өлсе өлді ол Отан үшін, ел үшін,
Болашақтың болдырмауға кемісін.
Әттең, әттең... өкініші сол ғана –
Көрмей кетті-ау жеңісінің жемісін.
Ұрпағы үшін алау болып жанды олар,
Тас тұғырда тас мүсін боп қалды олар.
Рухтары өшпес нұр боп арайлап,
Өлмейтұғын әнге айналды мәңгі олар.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Күншіл көкек

  • 0
  • 0

Көктем күні болғанда,
Көкек жүрді орманда.
«Кө-кек, кө-кек, кө-кек!» – деп,
Тынбады бip секектеп.

Толық

Менің сезімім

  • 0
  • 0

Сезім деген нәзік қой,
Дәптеріңе жазып қой.
Сергітуге ойымды,
Қырға шығам жазып бой.

Толық

Таң

  • 0
  • 0

Шығыстан сәуле шашып таң келеді,
Тербетіп төсегінен жан денені.
Шырыдап шырқай ұшқан молдаторғай
Көңілге құйқылжыған ән береді.

Толық