Өлең, жыр, ақындар

Қордай

  • 30.07.2019
  • 0
  • 0
  • 2490
Қордайдың жері қандай тұнып тұрған?
Күндері көтерілген күліп қырдан.
Самалы жан сергітіп, тынықтырған,
Көңілде кірбің болса, ұмыттырған.
Даланың жасыл барқыт жамылғаны,
Төрінде бозторғайдың ән-ырғағы.
Тамаша табиғатқа қанша қарап,
Көз тоймас келбетіне мамырдағы.
Оранып қызғалдаққа белеңдері,
Желпінген жібек желмен желеңдері.
Өрілген өрнектеліп өрім талдар,
Секілді Кенекеңнің өлеңдері.
Сылдырып сай-саламен бұлақтары,
Жайқалған жағасында құрақтары.
Шатқалдар шақырады шабытыңды,
Тап сондай болмас сұлу жұмақ-тағы.
Қияннан көзді тартқан қыз беліндей,
Керемет асуы бар Мұзбеліндей.
Шаншыла шыңға асылған соқпақтары
Тарихтың тозаң баспас іздеріндей.
Уақыт оралмастай өте берді,
Қиялым келер күнге жетеленді,
Қырқысқан қалмақтармен теңдік үшін,
Байтақ ел ұмытар ма Өтегенді?
Қордайдың берекелі жері қандай?
Қордайдың мерекелі елі қандай?
Жайдары жігіттері ер көңілді,
Қыздары ерке мінез өрімталдай.
Мүмкін бе мұндай жерде ақын болмау?
Мүмкін бе мұндай жерде батыр болмау?
Осынша байлық пенен сұлулықтан,
Шын бақыт түсінгенге ғапыл қалмау.
Шіркін-ай,
Қордай жерін қияр ма адам?
Жерұйық осы болар қиялдаған.
Ағылтып ақындары арынды жыр,
Төгілтіп бұлбұлдары күй арнаған.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Ақ

  • 0
  • 0

Ақ, ақ, ақ,
Қанатыңды қақ!
Ақ, ақ, ақ,
Аққа Құдай жақ!

Толық

Домкраттың мұңы

  • 0
  • 0

Көріп қалып Ісмерді,
Домкрат шын тістенді: –
Шар болаттан істелдім,
Бойыма зор күш бердің.

Толық

Лекцияда

  • 0
  • 0

Дәрістен соң лектор жұрттан сұрады:
– Кәне, кімнің қоятын бар сұрағы?
– Әрине, бар, жағың ғана қарысқыр! –
Деді сонда ашумен бір шал ұшқыр.

Толық