Өлең, жыр, ақындар

Өлген ақынның өзін жерлеуге жиналғандар алдындағы монологі немесе қабір басындағы сөз

  • 02.08.2019
  • 0
  • 0
  • 6706
Бұл дүниенің қызығына тоя алмай,
Жортып жүрген жігіт едім қояндай.
Енді бүгін тас табытта жатырмын,
О, Алла-ай!
Кетемін бе оянбай?
Жүруші едік бірде тату – достасып,
Жүруші едік бірде қату – оттасып.
Енді бүгін түк болмаған секілді,
Топтасып,
Келіпсіңдер қоштасып.
Мен сендерге дей алмаймын артық-кем,
Ондай сөзді айтатұғын хал біткен.
Енді бүгін міндетіміз дегендей,
Тартып дем,
Көмесіңдер тәртіппен.
Одан кейін қаза асына отырып,
Кезек-кезек сөйлейсіңдер лепіріп:
Талант еді, тамаша еді демеңдер –
Өтірік!
Сұранамын өтініп.
Жалған айтқан жандарды мен тек бірден,
Шеттерінен сояр едім от тілмен.
Әттең, әттең, өйте алмаймын, өйткені,
Жоқпын мен!
О дүниеге кеттім мен.
Бірақ, менің артта қалған ұлым бар,
Ұлым болса – сөнбейтұғын нұрым бар.
Бірте-бірте өзім болып жасайтын.
Ұғыңдар!
Өлмейтұғын жырым бар.
Рахмет, мені жерлей келгендер,
Бұл бейітке мезгіл жетпей келмеңдер,
Бүгін тірі екенбіз деп сенбеңдер,
Өлмеңдер!
Жаманшылық көрмеңдер.
Қош!
Қош!
Қош!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Бұлақ

  • 0
  • 0

Бұлаққа айтты малшы жапа шеккенін,
Қайғы-мұңын, басқа түскен күйікті:
Қозысының сүйікті
Өзенге ағып кеткенін.

Толық

Қызығу

  • 0
  • 0

Бір мүгедек бара жатты көлікпен:
Мүгедектерге арналған
Машинаға таңданған
Кейіппен

Толық

Балғын бөбек

  • 0
  • 1

Балғын бөбек
Жырға бөлеп,
Жүректерді тербейді.
Уілдейді,

Толық

Қарап көріңіз