Ей, Жарасхан

Бұл бетте «Ей, Жарасхан» атты Абдрахман Асылбек жазған өлеңнің мәтіні берілген. Өлең тексті, өлең жолдары және толық нұсқасы осы жерде жарияланған.

  • 04.08.2019
  • 0
  • 0
  • 1332
Ей, Жарасхан, Жарасхан,
Сен кім едің, кім едің?
Әлімнен шыққан ұл едің,
Аралыңда жүр едің.
Балалардың ішінде
Ерекше бір дүр едің.
Он алтыға толғанда-ақ,
Қыран құстай түледің,
Қиядан тоят тіледің.
Жер-жиһаннан жыр іздеп,
Жалын атты жүрегің.
Алматыға ақыры
Табаныңды тіредің.
Балалар да, бауыр да
Артта қалып ауылда,
Кіріп кеттің күмп етіп,
Кілең жыршы қауымға.
Тарта қойған жоқ олар
Бірден сені бауырға.
Ақындардың көрдің сен
Жындысын да, сауын да,
Аз болған жоқ жауың да.
Бірақ, оған мұңайып,
Шағылмады тауың да.
Мойындаттың мен-менін,
Қарсы тұрын дауылға.
Үлкен-кіші демедің,
Өзіңді бірдей теңедің.
Түйсіктісін тұшынтып,
Рахатқа бөледің.
Түйсіксізін тұқыртып,
Өткір тілмен шенедің.
Жатты кейде жарқ етіп,
Жанартау ой көк өрім.
Көсемдерше көсілдің,
Мақамында көненің,
Желдей есе жөнедің.
Өйткені, кең даланың
Көк бөрісі сен едің.
Сен кім едің, кім едің,
Ей, Жарасхан, Жарасхан?
Асу бермес шың едің,
Алатаудан әрі асқан,
Қай жерің кем Манастан?
Үлкен-дағы, кіші де
Өнеріңмен санасқан.
Бас бәйгені бермедің,
Арғымақтай таң асқан.
Баға жетпес інім ең,
Әзіліміз жарасқан.
Ерте кеттің арадан,
Тәңірмен кім таласқан?
Сені өлді деп кім айтар,
Жыр қалдырдың өлмейтін.
Артыңдағы үш ұлың –
Үш бәйтерек өрлейтін.
Не тұрады Рүстем,
Түріне қарап сен дейтін!
Әкеден оза туған ұл,
Десе, сірә сенбейтін.
Жәнібегің де жігерлі,
Оңды-солды сермейтін.
Шыңғысың да бір шыңың,
Ешкімге асу бермейтін –
Бәрі де отың сөнбейтін.
Жарасқан жастай әзілің,
Арналған әсем наз үнің.
Бағаңды көкке көтеріп,
Орныңда отыр Нәзігің.
Қасқая тұрып қарсы алды
Тағдырдың қатал жазымын.
Жырыңнан ғана табады
Жанының азбас азығын.
Рахмет дерсің Тәңірге
Нәзікті саған жазуын.
Тұрғанда адал Нәзігің,
Нәзігің – алтын қазығың.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Ей, Жарасхан өлеңінің авторы кім?

Абдрахман Асылбек — осы өлеңнің авторы.

Ей, Жарасхан өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін және текст нұсқасын онлайн оқуға болады.

Ей, Жарасхан өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Абдрахман Асылбек өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Ей, Жарасхан өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні, шумақтары және өлең жолдары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері