Бұлт басса көгімді бұлаңданып – Абдрахман Асылбек

Бұл бетте «Бұлт басса көгімді бұлаңданып» атты Абдрахман Асылбек жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 05.08.2019
  • 0
  • 0
  • 1230
Бұлт басса көгімді бұлаңданып,
Қадаламын көзіңе күмәнданып.
Қабағыма қайтадан күн қонады,
Жанарыңнан жалт еткен нұр аңғарып.
Кетсе шайым кей кезде қылаңданып,
Қадаламын көзіңе күмәнданып.
Көремін де көл-көсір көңіліңді,
Сіміремін сілкіне сырамды алып.
Шыға қалсаң көшеге сылаңданып,
Қадаламын көзіңе күмәнданып.
Сымбатына сұқтанып, жанар отым
Тұманданып кетеді-ау, тұманданып.
Сезбесем де секемді күнәнді анық,
Қадаламын көзіңе күмәнданып.
Бұл азаптан қай күні құтыламын?
Қай сағатта қасыңа тынам барып?


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері