Бұл бетте «Туған жердің алабы» атты Абдрахман Асылбек жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Туған жердің алабы
Тұла бойды тербеген.
Серік болып самалы,
Желпіндірген желменен.
Құлдыраған қояны
Кесіп өтіп көлденең,
Құлақ тіге қояды
Қыр басынан көк дөнен.
Жусан жапқан жоталы
Қызыл күрең құм белдер.
Бақырауық боталы
Іркес-тіркес інгендер.
Қоралы қой қозылы,
Үйірлер мен табындар.
Бәрінің де өз үні
Өзіндік бір сарын бар.
Көк белдерден көделі
Көтеріліп бозторғай,
Керемет күй төгеді
Бір орыннан қозғалмай.
Жүрегіңе ең жуық
Бабалардың мекені.
Сағым буып, жел қуып,
Бұлдырайды бөкені.
- Серік Қирабаев
- Мұхтар Әуезов
- Міржақып Дулатұлы
- Сәкен Сейфуллин
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі