Мен неге осыншама ғашық болдым? – Абдрахман Асылбек

Бұл бетте «Мен неге осыншама ғашық болдым?» атты Абдрахман Асылбек жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 05.08.2019
  • 0
  • 0
  • 2526
Мен неге осыншама ғашық болдым?
Мен неге осыншама тасып-толдым?
Өйткені, мәңгі жұмбақ жүрегіңнің
Қақпасын мейірімді ашып көрдім.
Мендегі көп кемісті кешірдің сен,
Кешіріп, мәртебемді өсірдің сен.
Бәрі де сенің арқаң, сәулетайым,
Қол жетпес кей табысқа кеш үлгірсем.
Ғұмырым қысқа болар, ұзақ болар,
Сені аңсап өтер күндер, жүз апталар.
Торғайдай торға түсіп тыпырлаған,
Тірлігім тек өзіңмен тұзақталар.
Мен сені неге сүйем кереметтей?
Қасыңда шыр айналам көбелектей.
Өйткені, өмір сүру мүмкін емес,
Сенің әр қимылыңды өлең етпей!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері