Наурыз келді
Бұл бетте «Наурыз келді» атты Абдрахман Асылбек жазған мерекеге арналған өлең берілген.
Наурыз келді күлім қағып,
Тал-теректер бүрін жарып.
Бірін-бірі құттықтайды,
Қыз-жігіттер гүлін алып.
Наурыз келді пейілденіп,
Жаңа күнге бейімделіп.
Бірін-бірі құттықтайды,
Барлық адам мейірленіп.
Наурыз келді несібелі,
Мәртебеңді өсіреді.
Өкпелескен жандар болса,
Бірін-бірі кешіреді.
Наурыз түріп елес түнді,
Күн мен түнді теңестірді.
Тіршілікке қан жүгіртті,
Көкке орап белес-қырды.
Қарашы тау құздарына,
Жібіп жатыр мұздары да.
Жолын берді жылылыққа,
Кетіп қыстың ызғары да.
Наурыз ашты есігіңді,
Тербеп бақыт бесігіңді.
Ей, адамдар, бір-біріңе
Болыңыздар кешірімді.
Наурыз келді, қарсы алыңдар,
Тамашалап, тамсаныңдар.
Жаңа жылда жарқын жүзбен
Ақ жарылып, ән салыңдар.
Сөздері оңай. Өте тамаша өлең екен
Абдрахман Асылбектің «Наурыз келді» өлеңі – нағыз көктемдік әуен! «Наурыз келді күлім қағып, Тал-теректер бүрін жарып» деген жолдардан бастап жүрекке жылу, қуаныш толады. Қыз-жігіттердің гүл алып құттықтауы, өкпелескендердің кешірісуі, қыстың ызғары кетіп, жылылықтың келуі – бәрі Наурыздың мәнін соншалық нәзік әрі әсерлі жеткізген. Әсіресе «Ей, адамдар, бір-біріңе Болыңыздар кешірімді» деген үндеу бүгінгі күні өте қажет, жүректі тербетеді. Соңғы шумақтағы «Жаңа жылда жарқын жүзбен Ақ жарылып, ән салыңдар» деген сөздермен өлең аяқталып, көңіл көтеріледі. Bilim-all.kz-де осындай әдемі, ұлттық рухтағы өлеңдерді оқып отыру – үлкен ләззат. Авторға зор алғыс, сайтқа рахмет! Наурыз құтты болсын, баршаға кешірім, бірлік пен бақыт тілеймін! 🌸🎶