Шабақ

Бұл бетте «Шабақ» атты Абдрахман Асылбек жазған өлеңнің мәтіні берілген. Өлең тексті, өлең жолдары және толық нұсқасы осы жерде жарияланған.

  • 08.08.2019
  • 0
  • 0
  • 1448
Болмаса да керемет,
Балауызды ұшқан кезде айнала,
Белгілі ғой көздерге де жай ғана –
Қанаттарын күйдіреді көбелек.
Бұдан артық әулиелік не керек?
Сабақ болар кішіге де, үлкенге,
Осыменен бітпес мысал салмағы.
Бұл – кіріспе білгенге,
Басты мысал алда әлі.
Сонда ұғарсың ойларымды білікті,
Көздеріңнен көріп тұрмын күдікті:
Ұзақ сөзім ашытпай ма миыңды?
Қысқа айтқаным тиімді.
Шыдамыңа сала көрме іріткі!
Содан өзім қорқамын,
Кәрілікке жақындаған әр таңым.
Күздің күні сылбырақ,
Қарттың сөзі былжырақ.
Жаңылыспай тұрғанында ес түгел,
Тыңдап алғын: талай рет естігем,
Жеңіл санап алғашқы сәл күнәні,
Кей жан өзін ақтайды,
Жақтайды:
Айып боп па? Еркелік деп бұл әлі.
Бұл еркелік – бастамасы құлаудың:
Бара-бара айналып ол әдетке,
Біржолата салар мықтап әлекке,
Бір құласа, орнынан тез тұрар кім?
Айтқан сөздің бір пайдасы болсын да,
Тек өзіңе сене берме үнемі.
Енді менің мысалымды көр тыңдап,
Көптен бері көкейімде жүр еді,
Мүмкін, саған ақыл берер ол шындап.
* * *
Білмеймін қай кезеңде,
Балықшылар жүріпті
Қармақ салып өзенге.
Жарға жақын сол суда өмір сүріпті
Ерке мінез бір Шабақ.
Айла-амалы асқандай,
Қармақтардан жасқанбай,
Ұршықтайын үйірліпті бұл Шабақ.
Балықшы оның бұл тірлігін қарғайды,
Бірақ та, ол әдетінен танбайды.
Көз алмайды қалтқысынан алдағы,
Міне, міне... бұлқынады жүрегі.
Тартып қалса, бос шығады қармағы,
Шабақ, сірә, мазақ қылып күледі,
Өйткені, ол бар қулықты біледі,
Оп-оңай тым балықшыны алдауы.
«Тыңда, – деді ақыл беріп жолдасы, –
Аян, түбі оңбассың;
Орын аз ба аулақта?
Қармаққұмар екеніңді сезем мен,
Қорқам, бір күн қоштасарсың өзенмен,
Қаш бәледен, жақындама қармаққа,
Бүгін саусың, ертең кімсің сен күшті?»
Ақылсызға айтылған сөз желге ұшты.
«Пәллі, – деді ол торсаңдай, –
Соқырмын ба мен сондай?
Балықшыдан қорқу – жай сөз құр мұның,
Бәрін білем қулығын.
Көремісің ана тұрған қармақты?
Қара, көршім, қазір соған бармақпын,
Кетейін тез алдап та!»
Қармақтарға тұра ұмтылды, түсінші,
Біріншісі, екіншісі, үшінші...
Ах, ілінді қармаққа!
Айтқан сөзді кеш ұқты,
Енді қиын, бәрібір ол кешікті.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Шабақ өлеңінің авторы кім?

Абдрахман Асылбек — осы өлеңнің авторы.

Шабақ өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін және текст нұсқасын онлайн оқуға болады.

Шабақ өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Абдрахман Асылбек өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Шабақ өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні, шумақтары және өлең жолдары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері