Теңгебай мен Шөңгебай немесе қымыз хикаясы – Абдрахман Асылбек

Бұл бетте «Теңгебай мен Шөңгебай немесе қымыз хикаясы» атты Абдрахман Асылбек жазған өлеңнің мәтіні берілген. Өлең тексті, өлең жолдары және толық нұсқасы осы жерде жарияланған.

  • 10.08.2019
  • 0
  • 0
  • 1435
Теңгебай
Қымызым бар дәмі бал,
Кел, ішіп көр, дәмін ал.
Қуат қосқан қуатқа
Дәріге тән мәні бар.
Қымызым бар дәмі бал,
Кел, ішіп көр, қанып ал.
Бұлақ көзін сұрасаң –
Жылқы деген жануар.
Керек емес арағың,
Керек емес шарабың.
Бал қымызды бәрінен
Шын бағалы санағын.
Балқытады бойыңды,
Шалқытады ойыңды.
Қан жүгіртіп бетіңе,
Қыздырады тойыңды.

Шөңгебай
Теңгебай-ау, Теңгебай,
Мақтанасың сен қалай?
Осы күнгі қымызың
Бола қояр ем қалай?
Құйылады шыныға,
Түсініксіз сыры да.
Айран татып тұрады,
Жалғаны ма, шыны ма?
Қоспақ түгіл күшіңді,
Қайтарады мысыңды.
Жарты құты жұтпай-ақ,
Кептіреді ішіңді.
Нағыз қымыз сірә да,
Иісі аңқымай тұра ма?
Қайдан жетсін күрең түс
Көпіршіген сыраға.

Теңгебай
Шөңгебай-ау,
Шөңгебай,
Сөз сөйледің сен қалай?
Қайда дейсің бұл күнде
Керқұла атты Кендебай?
Жылқыны кім баптайды?
Жылқыны ешкім бақпайды.
Кейбір колхоз, совхоздар
Тек ет үшін сақтайды.
Саусаң – сүті бұлағың,
Мінсең – қанат пырағың.
Жылдап құрып барады
Жылқы деген шырағың.
Қымыз – зәру дәріміз,
Аңсаудамыз бәріміз.
Бара жатыр жойылып
Жылқы деген малымыз.

Шөңгебай
Жылқы деген малымыз,
Одан шыққан дәріміз
Бара жатса жойылып,
Қиын екен халіміз.
Кей маманның бұл күні
Белгілі ғой құлқыны.
Қазы менен қарта үшін
Жайратып жүр жылқыны.
Керек емес қымызың,
Нан тістемей бір үзім,
Кейбір қулар арақты
Қылғытады күн ұзын.
Ақырында қағынып,
Дертке ұшырап, қамығып,
Сол қымызды ем үшін
Іздетеді сабылып.

Теңгебай мен Шөңгебай
Ағайындар, бауырлар,
Барша қазақ қауымдар,
Сіздер емес, әрине,
Әділ сөзді ауырлар.
Үлкен, кіші, жасымыз,
Билігі бар басымыз,
Қадірлейік қымызды –
Ата кәсіп асымыз.
Сусының ол – шөлдесең,
Дертке дауа емдесең.
Шабыт берер шалқытып,
Ішіп көргін сенбесең.
Шындықты айттық біз бүгін,
Айыптайды бізді кім?
«Кім ішпейді қымызды?
Айттырмайды қызды кім?»
Болсын аман жұртымыз,
Болсын аман жылқымыз.
Шалқып сонда бұл қымыз,
Күмбір қағар күлкіміз.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Теңгебай мен Шөңгебай немесе қымыз хикаясы өлеңінің авторы кім?

Абдрахман Асылбек — осы өлеңнің авторы.

Теңгебай мен Шөңгебай немесе қымыз хикаясы өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін және текст нұсқасын онлайн оқуға болады.

Теңгебай мен Шөңгебай немесе қымыз хикаясы өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Абдрахман Асылбек өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Теңгебай мен Шөңгебай немесе қымыз хикаясы өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні, шумақтары және өлең жолдары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері