Алла мен «Кәлла»

Бұл бетте «Алла мен «Кәлла»» атты Абдрахман Асылбек жазған діни тақырыптағы өлең берілген. Өлең мәтіні, текст, өлең жолдары және толық нұсқасын осы жерден оқуға болады.

  • 23.08.2019
  • 0
  • 0
  • 3549
Адамға жанды Алла берген,
Сонымен бірге «Кәлла» берген.
Яғни, бас берген ойлайтын,
Ойнайтын, тойлайтын.
«Ойнай берсең, азасың,
Ойлай берсең, озасың,
Тойлай берсең, тозасың», –
Деген сөз өз алдына,
Келтіріп көр көз алдыңа.
Ойлаудың да өңі бар,
Ойнаудың да шегі бар,
Тойлаудың да жөні бар.
Бәрінің екі түрлі жолы бар,
Екі түрлі жолы бар.
«Қай жолмен жүрем мен?» – деме,
Ерік берілген пендеге.
Алла Құран-кәрімде
Көрсетіп қойған бәрін де:
Бірінші жол – адал жол,
Жұмаққа бастап барар жол.
Алданып қалмай жалғанға,
Құлшылық қылсаң Аллаңа,
Еңбекпен келсе жиғаның,
Сол болар нағыз иманың.
Екінші жол – арам жол,
Тозаққа сені салар жол.
Құлқының үшін құнықсаң,
Алланы мүлде ұмытсаң,
Арам нан жиып мүлкіңді,
Ұмытсаң ата ұлтыңды,
Өліге етпей зиярат,
Тіріге жасап қиянат,
Қарыным тойса дей берсең,
Не болса соны жей берсең,
Қампиған бөшке секілді,
Көтере алмай көтіңді,
Халқыңа болып күлкілі,
Тарс етерсің бір күні.
* * *
Пенденің аты ненде ғой,
Ақылға көбі кенде ғой.
Миы жоқ қуыс «Кәлласы»
Не қылсын ойлап Алласын.
Болдым деді, толдым деді,
Өзгелерден зормын деді.
Аз ғұмырмен ойнай берді,
Күні-түні тойлай берді.
Ұрынды бір күн кеселге,
Айналды сөйтіп мешелге.
Тар төсекке таңылды,
Тынысы мүлде тарылды.
Әттең-ай, сол кез кешіге,
Алласы түсті есіне.
Жалбарынды, жалынды:
«Сақтай гөр Алла жанымды.
Жазылып шықсам осыдан,
Бәрін де бастап басынан,
Қатарға қайта қосылам.
Арамдық жолға баспаймын,
Арымды төгіп-шашпаймын.
Ораза ұстап отыз күн,
Намаз да оқи бастаймын»...
Мейірімді Алла кең еді,
«Кәллаға» қуыс сенеді.
Кешіріп барлық күнәсін,
Саулығын қайта береді.
Сәуле болмаса санада,
Ауру қалса да, әдет қала ма?
«Кәлла» Алласын тағы ұмытты,
Жасады небір сұмдықты.
Бірақ, биікке өрлей алмай,
Терең шұңқыр орға қарай
Сырғуды оп-оңай көрді,
Сөйтіп, домалай берді,
Домалай берді.
Ақыры құзға құлап,
Сүйегі қирап,
Паршасы шықты,
Тірлігінің баршасы бітті.
* * *
Алдағанмен адамды,
Жаратушы ғаламды
Алдаймын десе Алланы,
Оның күні қараңғы.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Алла мен «Кәлла» өлеңінің авторы кім?

Абдрахман Асылбек — осы өлеңнің авторы.

Алла мен «Кәлла» өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін және текст нұсқасын онлайн оқуға болады.

Алла мен «Кәлла» өлеңі не туралы?

Бұл шығарма діни тақырыптағы өлең ретінде танымал. Өлеңде автор өз ойын көркем түрде жеткізеді.

Алла мен «Кәлла» өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні, шумақтары және өлең жолдары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері