Пан-Жи-Зан Хан
- Bain
- 28.04.2015
- 1
- 1
- 17156
Ең бұрын қала болған қытай жұрты,
Хақанын Аспанұлы дейді ғұрпы.
Ертерек қолөнерге шебер болған,
Қолайсыз көрінсе де бізге сырты.
Аспанұлы құдайға жақын деген,
Сондықтан не қылса да мақұл деген.
«Патса сөзі — тәңірінің бұйрығы» деп,
Ол елде жол болмайды закон деген.
Ғылымдының санына кірмесе де,
Пароходы теңізде жүрмесе де,
«Бар мұхитты билейміз» деп ойлайды,
Өзге түгіл өз елін білмесе де.
Пан-Жи-Зан хақан болған әділетті,
Мейірімі өз халқына түгел жетті.
Лақап атын Мүнсін деп атайды екен,
Мағынасы «ел атасы — хақан» депті.
Әділ деп тамам қытай нанады екен,
Әр тарапқа құлағын салады екен.
Бір жандарал қиянат қылды десе,
Шақыртып басын кесіп алады екен.
Орнына тағы біреу сайлайды екен,
«Тез бар» деп облысына айдайды екен.
«Ай сайын жақсы хабар жазып тұр» деп,
Тапсырып қатты уағда байлайды екен.
Сондықтан рапорт жазып жандаралдар,
«Ел тыныш, егін мол» деп хақанды алдар.
«Бидай, күріш, тарыға орын жоқ боп,
Жерге көміп жатыр, – деп, – тамам жандар».
Жан-жақтан күнде осындай хабар келіп,
Қуанып жүрсе-дағы соған сеніп,
Бір күні Пан-Жи-Занға ой түседі,
«Осылар алдап жүр ме?!» деп сектеніп.
Шақыртып жиып алды уәзірлерін,
Ақылшы, ақсақалды кемеңгерін.
Елден келген рапорттың бәрін оқып,
«Осы сөз рас па, —деді,— пенделерім?»
Олар айтты: «Бәрі рас мұныңыздың,
Естуіміз осылай еді біздің.
Аспандағы атаңыз жәрдем берген,
Әділдік қасиетіңіз бұ да сіздің...»
Хан айтты: «Енді бұған нетпек керек,
Халқыма менен хабар жетпек керек.
Астықты таза сақтап орындауға,
Не қылса да бір себеп етпек керек.
Осыған өзім айла таппақшымын,
Бабаларым ісіне бақпақшымын.
Ешбір адам келмесін соған шейін,
Қырық күн тарих ақтарып жатпақшымын».
Мұны естіп уәзірлер құлдық қылып,
Бірталай күн бостандық барын біліп,
«Ханымыздың бағы ассын» деп тарқады,
Қуанып сауық салып, ойнап-күліп.
***
Үйінде жалғыз қалып хан ойлады,
Рапорттарды тексеру мән ойлады.
Мың бір жүз алпыс жылдай бұрын өткен
Син-Са-Син ханның ісін және ойлады.
Син-Са-Син кезуші еді елді астыртын,
Тексеріп ұлықтардың іс пен ғұрпын.
Ел жылатқан ұлықтың басын кесіп,
Зұлымдықтан сақтаған сүйтіп жұртын.
Бұл да соның жолына кірмек болды,
Танытпай халық аралап жүрмек болды.
«Ел тоқ» деп жандаралдың жазғандарын
Көзбен көріп, анықтап білмек болды.
Қасына шын сенімді жолдас алып,
Түн ішінде Пекиннен кетіп қалып,
Қап салған қайыршы боп шекпен киіп,
Пешелі облысына кірді барып.
Кез келді келе жатып зор қышлаққа,
Бір үйге барды қайыр сұрамаққа.
«Ата-анаң аруағы үшін бір нан бер», – деп,
Мұңайып келіп тұрды есік жаққа.
Ол айтты: «Біз емеспіз тамаққа тоқ,
Сен түгіл балаларға нанымыз жоқ.
Жандарал, тамам ұлық астықты алып,
Жатырмыз өзіміз де өлетін боп».
Тіленіп екінші үйге тағы барды,
«Аштан өлдік, нан бер», – деп айғай салды.
«Бұл елдің наны жоғын білмеймісің,
Мазақтамай кет!» – деген жауап алды.
Онан соң барып еді үшінші үйге,
Ол-дағы түскен екен аштық күйге.
Нан бер деген сөзіне сөз қайырмай,
Жылады «нан қайда, — деп, — ай, дүние!»
Онан соң бір қалаға тағы келді,
Нан жоқ болса, балаудан бер», – деп енді.
«Балау деген ұлық па, хайуан ба,
Оны біз білмейміз», – деп жауап берді.
Хан талай ел қыдырды сөйтіп жүріп,
Астық пен елдің жайын әбден біліп.
Талай адам жиылған бір ақ үйге
«Мұнда не бар екен?» – деп келді кіріп.
Қараса, өңкей кедей, пақыр екен,
Ол қала да астықтан тақыр екен.
«А, құдай, жандаралдың басын кескіз», –
Деп жылап, дұға қылып жатыр екен.
Оңаша бір шал отыр есік жақта,
Хан соған жақын келді байқамаққа.
Оның қылған дұғасы елден бөлек:
«А, Құдай, жандаралды, – дейді, – сақта».
«Жандарал жүз елуге келсін! — дейді,
Жасартып тағы да өмір берсін, — дейді.
Бұл өлгенмен келеді және біреу,
Онан да осы-ақ ұлық болсын», — дейді.
Хан айтады таң қалып мына сөзге:
«Ақсақал! Ойың бөлек көрер көзге.
Жандаралдан көріп пе ең бір жақсылық,
Өлсін деп тілеп отыр сізден өзге».
Шал айтты: «Кімге қылды ол жақсылық?
Жандаралдан шықпайды ондай қылық.
Алым алып, өзіне дүре соғып,
Елге күнде қылады зұлымшылық».
Хан айтты: «Жақтырмасаң қылған ісін,
Неге өмірін тілейсің, айт мәнісін?
Кей адамның болады жұлдызы ыстық,
Сондықтан ұнаттың ба оның түсін?»
Шал айтты: «Көрген емен өмірімде,
Сексеннен асты жасым осы күнде.
Бес жандарал өткіздім мұнан бұрын,
Бірінен бірі антұрған болды мүлде.
Бұл өлсе, біреу келер мұнан залым,
Зарлатып тағы алады елден алым.
Пекиннің жандаралы қасқырдан көп
Екені баяғыдан маған мәлім.
Анау жастар мұндайды сынамаған,
Ел бар ма ұлығынан жыламаған.
Онан-дағы осы өлмей тұрсын деймін,
Тағы біреу келгенше мұнан жаман».
Хан қайғырды: «Ел жайы бұл екен, – деп, –
Әншейін бос әуре боп жүр екем, – деп.
Кімді қойсам зарлатып елді жейді,
Тамам жұрт кіші ұлықтың құлы екен», — деп.
Қырық күнде хан үйіне қайта барды,
«Келсін!» деп уәзірлерге хабар салды.
Пекиндегі ақылшыл ұлықтарды
Шақыртып өз қасына жиып алды.
Хақанға ауыр тиді ұлық сынау,
Елінің көрген күні күнде жылау.
Жаны ашып кейісе де ем таба алмай,
Үміт үзіп сандалған сөзі мынау:
«Ақтардым тауарықтың оқып бәрін,
Бабамның ісі болды маған мәлім.
Өзі өлгенше түспесін жандаралдар,
Жамандап десе-дағы қанша залым.
Түспесін олар түгіл ешбір ұлық,
Десе де «ол қылып жүр бұзақылық».
Менің сөзім – Аспанның сөзі емес не,
Осы екен, ойлап тұрсам, құдайшылық».
Мұны естіп тамам ұлық бас ұрыпты,
Ол қайтып қуанғанын жасырыпты?
Олар түгіл дос, қайын, нағашысы
Зұлымдықты жүз есе асырыпты.
Көрдің бе, ел түзету қандай қиын,
Шіріткен Пан-Жи-Занның есті миын.
Басы патса, аяғы атшабарлар
Қалтаңа қалдырды ма жалғыз тиын?
Аблахатұлы Дәулеткерей
Билігі елге жақса-
Рас ол- кемел патша