Кесілген бас

Қазақша өлең мәтіні, өлең жолдары және толық нұсқасы.

  • 28.08.2019
  • 0
  • 0
  • 1474
Жақсы досым бар еді,
Тұнып тұрған ән еді.
Кеңес қарап алынып,
Екі-үш әні танылып,
Тарап кеткен халыққа.
Еңбек етсе тап осы бір қалыпта,
Беретіні көп еді,
Оған еш дау жоқ еді.
Бірақ, сол дос есіріп,
Өзін-өзі өшіріп,
Ішкілікке кіріп кетті шешініп.
Содан кейін, білесің,
Жексұрын боп бұл есім,
Үйі-жайын тастады,
Абыройын ластады,
Қаңғып жүріп ұмытыла бастады...
Бірде біреу суық хабар таратты:
«Ішіп жүріп арақты,
Музыкантың өліпті,
Халық анық көріпті,
Бұзақылар басын кесіп алыпты,
Тек кеудесі-ақ қалыпты»..
«Олар да бір сорлы екен,
Ақымақ бас кімге керек болды екен?» –
Деп, біраз дос жиналып,
Кәдімгідей қиналып,
Кей қылығын еске алып,
Иман айттық досқа анық...
Шамасы,
Үш-төрт жылдың арасы,
Сол музыкант өлгелі.
Ойда жоқта бір күні,
(Ойлап көрсең, күлкілі),
Керемет-ай! Үйге кіріп келгені.
Өз көзіме сенбедім:
Сол баяғы қалпында,
Тұр теңселіп алдымда:
– Жаным-ай,
Қалғаның ба танымай?
Меліспін ғой, Меліспін...
Шарлап жүріп жер үстін,
Қанғанымша мол іштім...
Аздан кейін тіл бітті:
– Естіп ем бір сұмдықты –
Сені өліп қалды деп,
Бұзақылар басын кесіп алды деп.
Былай деді ол тілі әрең күрмеліп:
– Иә, басым кесілген,
Талай танып есімнен,
Тірілем ғой күнде өліп;
Біле білсең, алдыңда тұр тірі өлік,
Сөзді қой да, ақшаң болса, жүрелік,
Бір кафеге кірелік...
Демім бітіп, алқынып,
Әлденеден тартынып,
Алдына әкеп қоя салдым жартылық.
* * *
Бұдан әрі сұрама,
Белгілі ғой, сірә да.
Мұндайлармен мына біз
Тіршілікті қалай жөндеп құрамыз?


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Кесілген бас өлеңінің авторы кім?

Абдрахман Асылбек — осы өлеңнің авторы.

Кесілген бас өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін онлайн оқуға болады.

Кесілген бас өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Абдрахман Асылбек өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Кесілген бас өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні мен шумақтары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері