Өлең, жыр, ақындар

Кім күшті?

  • 28.08.2019
  • 0
  • 0
  • 1927
Қара судың қабағы,
Бетінде ойнап шабағы,
Балықшының қармағын
Балық жиі қабады.
Қара судың қабағы,
Бетінде ойнап шабағы,
Масасы тым мазасыз,
Жағалайды жағаны:
«Мен Масамын,
Масамын,
Шаттық әнге басамын.
Күштімін де сұстымын,
Бар жәндіктен асамын.
Танаңды да шағамын,
Тағы аңды да шағамын.
Керек десең, керемет
Адамды да шағамын!..»
Маса солай тасынды,
Тасынды да басынды:
Балықшыны шаққылап,
Берекесін қашырды.
Маса солай тасынды,
Тасынды да басынды.
Барды бір кез Бақаға,
«Қан қылам, – деп, басыңды!».
Бақа естіп мұнысын,
Тоса қойды тіл ұшын.
Жұта салды Масаны,
Күпінгені құрысын.
Енді Бақа баптанды,
Бақ-бақ етіп мақтанды.
Бос лепіріп, секіріп,
Жарылуға шақ қалды:
«Мен Бақамын, Бақамын,
Масаларды матадым.
Жыланды да жұтамын,
Жұтамын да жатамын».
Бақа солай тасынды,
Тасыңды да басынды.
Жетіп барды жыланға,
«Жұтайын, – деп басыңды!».
Жылан деген жауызың
Аша қойды ауызын.
Бақылдаған Бақаның
Баса қойды дауысын.
Тойдырып ап құлқынды,
Енді жылан жұлқынды:
«Жұта салам табанда
Керек десең Кірпіңді!»
Жылан солай тасынды,
Тасынды да басынды.
Жетіп барды Кірпіге,
«Жұлайын, – деп шашыңды!».
Дегендейін тимесін,
Кірпі бірден жиды есін.
Жылан жылжып жеткенде,
Қадай қойды инесін.
Дұшпанынан кек алып,
Сұм Жыланды жеп алып,
Енді Кірпі күпінді:
«Мен мықтымын,
Мен – алып!».
Тойдырып ап құлқынды,
Кірпі қырға ұмтылды.
Жетіп барды Түлкіге,
«Жұлайын, – деп мұртыңды!».
Түлкі, бірақ, саспады,
Кірпіні тез жасқады.
Азу тісін ақситып,
Домалата бастады.
Қиын екен бас қамы,
Басын тығып, ашпады.
Сол кез Түлкі Кірпіні
Суға апарып тастады.
Кірпі лезде тұншығып,
Бірде батып, бір шығып,
Жүзіп берді жалма-жан,
Алға қарай құлшынып.
Түлкінің тым мол ебі,
Күткені де сол еді.
Аңқау Кірпі аңдаусыз
Болды қудың қорегі.
Енді Түлкі есірді,
Салды үлкен кесірді:
«Құлағыма ілмеймін
Бүркіт деген есімді!».
Түлкі солай тасынды,
Тасынды да басынды.
Шәуілдеді:
«Жоям, – деп,
Бүркіт сынды қасымды!».
Естіп қалып бұл үнді,
Бүркіт қатты бүлінді.
Сорғалады төбеден,
Көрейін деп сұрыңды.
Сезіп арам құлқынын,
Қараң қылып бұл күнін,
Бүрді Бүркіт шеңгелдеп
Желкесінен Түлкінің.
Бүркітті де баптаған,
Басқа аңды да сақтаған,
Табиғаттың иесі –
Күшті барлық шақта адам.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Біз

  • 0
  • 0

Шара, Сары,
Мұрат, Нары,
Гөзел, Шекер,
Тұрсын, Жапар,

Толық

Төрт қыз

  • 0
  • 0

Бір үйде төрт қыз тұрады,
Қашықта емес тұрағы.
Секілді күннің шуағы,
Көңілді бірден бұрады.

Толық

Сыбызғы

  • 0
  • 0

Егер тартып қараса,
Сыбызғы үні тамаша!
Дала ұйып тұр тыңдап.
Ойна, сыбызғы!

Толық

Қарап көріңіз