Өлең, жыр, ақындар

Әжем және мен

  • 28.08.2019
  • 0
  • 0
  • 10592
1
Сонау бала кезімде,
Балғын ғана кезімде,
Әжемнің ән-әлдиін
Тыңдайтыным есімде...
Сонау бала кезімде,
Күн күлімдеп көзінде,
Өрмек тоқып,
Әжемнің
Тынбайтыны есімде.
Сонау бала кезімде,
Қыстың ұзақ кешінде
Ертегісін әжемнің
Тыңдайтыным есімде.

2
Әжем менің әріден –
Көпті көрген кәріден.
Тыңдағанда тербетіп,
Ұйытатын әнімен.
Деп:
«Қуатым, қанатым»,
Мені алдына алатын.
Содан кейін сызылтып,
Талай әнді салатын.
Жазу оған қонбаған,
Оқуы да болмаған.
Академик секілді
Сонда-дағы ол маған.
Бетін әжім торлаған,
Әжем менің оңды адам.
Ән мен күйі халқымның
Көкейіне орнаған.
Көргенім жоқ ерініп,
Тыңдай бергем беріліп.
Әжем маған сол кезде-ақ
Артқан еді зор үміт.
Әжемнің шат әуені,
Бақ екен ғой мәуелі.
Кейбіреуін қайталап,
Айтып жүрдім әуелі.
Әуен болып ермегім,
Баз біреуін өңдедім.
Кей тұстары көрінді
Өзімнің де өрнегім.
Күй қуатын түсіндім,
Нотаға да түсірдім.
Осылайша алғашқы
Әндерімді ұшырдым.
Халық жақсы қарсы алды,
Өнеріме тамсанды.
Композитор болдың деп,
Жора-жолдас жар салды.
Сөз мәнісін байқадым,
Мен басымды шайқадым.
Әннің кені әжемнен
Басталған деп айтамын.

3
Әжем менің әріден –
Көпті көрген кәріден.
Жұртты қайран қалдырған
Өрнегінің әрімен.
Сезіп жүрек дүрсілін,
Ұғатұғын үн сырын.
Тізесіне тартып қап,
Зырлататын ұршығын.
Жібін жылдам иіріп,
Қыран құстай шүйіліп,
Құрдыратын өрмекті,
Келіндерге бұйырыл.
Түйіндеп бар жіп ұшын,
Қолына алып қылышын»,
Отыратын өрмекке,
Бастағалы жұмысын.
Әжем содан тербеле,
Кірісетін термеге.
Сілтейтұғын «қылышын»
Алдындағы кермеге.
Әшекейлеп, мәнерлеп,
Салатұғын сан өрнек.
Бітетұғын тоқылып,
Екі-үш күнде-ақ сол өрмек.
Басқұр, желбау, алаша,
Қалы кілем – қаласа.
Өрнектерге тамаша
Көз тоймайтын қараса.
Әжем солай шын бапта,
Әдемі бір ырғақта
Тұскиізді түрлентіп,
Сыратұғын сырмақ та.
Әжем құрған өрмекті,
Әжем сырған өрнекті
Салып жүрдім мен-дағы
Сурет етіп көрнекті.
Көргенім жоқ ерініп,
Сала бердім беріліп.
Әжем маған сол кезде-ақ
Артқан еді зор үміт.
Сурет болып ермегім,
Қағаз бетін зерледім.
Қызықтыра бастады
Өзімнің де өрнегім.
Бірте-бірте ысылдым,
Сурет сырын түсіндім.
Осылайша алғашқы
Өрнегімді ұсындым.
Халық жақсы қарсы алды,
Өрнегіме тамсанды.
Сен суретші болдың деп,
Жора-жолдас жар салды.
Сөз мәнісін байқадым,
Мен басымды шайқадым.
Өрнек сырын әжемнен
Үйрендім деп айтамын.

4
Әжем менің әріден –
Кепті керген кәріден.
Тыңдағанын тербейтін
Сөздерінің мәнімен.
Ертегі айтып не түрлі,
Аударатын ниетімді.
Тоқтамайтын, тынбайтын
Тау бұлағы секілді.
Ақ жібектей самайы –
Атқан таңның арайы.
Әжем менің –
Сарқылмас
Өлең-жырдың сарайы.
Жаңылтпаштар, жұмбақтар
Хисса-дастан, ырғақтар...
Қайталанбас екінші,
Дер кезінде тыңдап қал.
Әжем Мәскеу бармаған,
Диплом да алмаған.
Айналасын, бірақ та,
Ақыл-оймен аңдаған.
Әжем менің бабында,
Таласа алмас ғалым да.
Дүниенің кітабын
Тоқи білген жадында.
Әжем сөзге анық бай,
Ойы түнгі жарықтай.
Құя берді зердеме,
Күні-түні жалықпай.
Көргенім жоқ ерініп,
Тыңдай бердім беріліп.
Әжем маған сол кезде-ақ
Артқан еді зор үміт.
Өлең-жыр боп ермегім,
Жазып, тыным көрмедім.
Айқындала бастады
Өзімнің де өрнегім.
Бірте-бірте ысылдым,
Сөз сиқырын түсіндім.
Осылайша алғашқы
Өлеңімді ұсындым.
Халық жақсы қарсы алды,
Өнеріме тамсанды.
Нағыз ақын болдың деп,
Жора-жолдас жар салды.
Сөз мәнісін байқадым,
Мен басымды шайқадым.
Мұның бәрін әжемнен
Үйрендім деп айтамын

5
Бір жалған жоқ сезімде,
Ой-арман кеп өзімде.
Әжелердің бағасын
Білмеппіз-ау кезінде.
Жігіт болған кезімде,
Болып-толған кезімде,
Балаларға бүлдіршін
Үйретпекпін өзім де.
Әже әлдиі есімде,
Әже ән-күйі есімде.
Болдым бүгін өнерпаз
Сол арқылы өзім де.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Бастық пен басбух

  • 0
  • 0

Бір мекеменің бастығы болды,
Өзіне сай басбухы болды.
Төрт түсті қаламы болды,
Қаламы емес, амалы болды.

Толық

Өзіңді өзің күтпесең

  • 0
  • 0

Өзіңді өзің күтпесең,
Өзгеден көмек күтпе сен.
Шалдықсаң ауыр кеселге,
Басталар сарсаң, бітпес ем.

Толық

Кім қандай ғұмыр кешкен

  • 0
  • 0

Отыз бес жыл,
Отыз бесінші көктемім.
Отыз бес жыл – уақыт қой көп керім.
Отыз бес жыл қуарып,

Толық

Қарап көріңіз