Өлең, жыр, ақындар

Қырық қарлығаш

  • 28.08.2019
  • 0
  • 0
  • 1344
Баяғы өткен заманда
Жұт болды бір алапат.
Мал түгілі адамға
Әкелді ол зар, апат.
Қара басын қорғалап,
Байлар қаша жөнелді.
Болды-дағы сорға тап,
Кедей біткен бөгелді.
Көшерге жоқ көлігі,
Жарлы-жақау бұйығып,
Малдарының өлігі
Қала берді үйіліп.
Сылбыр қыстың соңы кеп
Болды сұмдық борасын.
«Бесқонақ» ел соры боп,
Таппады бір толасын.
Аш-жалаңаш, суықтан
Жүйкеледі діңкелер.
Жан көрінбей жуықтан,
Босап жатты күркелер.
Тосын келген обырдан
Адам біткен аңырап,
Тоқсан үйлі тобырдан
Қалды жалғыз шаңырақ.
Қазып шөптің тамырын,
Қорек қылған талайдан,
Диқан деген жарлының
Лашығы еді ол қарайған.
Әйелі мен баласы
Үйде жарап қатады.
Жүруге жоқ шамасы,
Қозғалыссыз жатады.
Диқан байқұс дірілдеп,
Әрең ұстап кетпенін,
Жауып жүрді біріндеп
Өліктердің беттерін.
Ұзақ күнгі аштықтан
Әлсіреді өзі де...
Бірде ажал бас жұтқан
Елестеді көзіне.
Күндегідей алыстан
Әкелмеді тамыр да.
Шынымен-ақ арыстан
Түседі ме қабырға?
Қорасының түбінде
Жатып қалды болдырып.
Көктемнің шат күнінде
Сәуле берді соңғы үміт.
Есіп салқын самалы,
Атты бұл таң арайлап.
Нұрға бөлеп даланы,
Гүл аңқыды бар аймақ.
Қылтиып қыр басынан
Көрінді көк жапырақ.
Диқан сол кез қасынан
Уыстады топырақ.
«Шіркін, дәннің жоқтығы-ай
Егер ме еді жерге егін.
Біздей ашты, тоқ Құдай,
Көрмедің-ау, көрмедің!
Егістің де науқаны,
Міне, өтіп барады.
От басымның ақуалы
Күннен-күнге қаралы».
Деп Диқан шын налыды
Тап осы бір әзірде.
Жетті ме екен зар үні
Жаратушы тәңірге?
Ұшып жүрді айнала
Төбеде топ қарлығаш.
Сан қүбылып сайрады,
Бейне бүлбұл – сандуғаш.
Жақсылықтың әлде
Бұл Хабаршысы болар ма?
Диқан қиын халде бір
Мұңын шақты оларға:
– Ей, қарлығаш, қарлығаш,
Көктем күнін шақырдың.
Ал мен болсам қарным аш,
Қозғала алмай жатырмын.
Әйелім де қалды аш,
Жас балам да қалды аш.
Көмек көрсет, зарды бас,
Қайырымды қарлығаш!
Диқан сөзін ұққандай
Қарлығаштар мақұлдап,
Бір ұядан шыққандай
Ұшты оған жақындап.
Диқан болса шалқалап
Санап жатты:
«Бір... екі... үш...
Келсе қуат арқалап,
Қырық екен, міне, күш!».
Қырық қарлығаш кенеттен
Таса болды ғайыпқа.
Диқан қалды со бетпен
Түк түсінбей байыпқа.
Бір кез басын көтеріп,
Қарап еді қашыққа,
Көңіліне от өріп,
Көзі түсті лашыққа.
Айы-күні тақаған
Алды есіне жұбайын.
Құтқармаған қападан
Қарғады бір құдайын.
Үш күн болды шамасы,
Дәм татпаған тершігіп.
Жеті жасар баласы
Отыр екен жер шұқып.
Диқан ымдап шақырды,
Шықпай қалды дауыс та.
Еш нәрсе жоқ татымды
Түсе қояр ауызға.
Қарағанның етегі
Жасылданып қалыпты.
Қорек етті екеуі,
Сыдырып жас қабықты.
– Бүгін, ертең көк шығып,
Күн де туар шуақты.
Жетілерміз тоқ шығып, –
Деп баласын жұбатты.
Көңлі сергіп баланың,
Жаз дидары жайрандап,
Кең төсінде даланың
Жүрді біраз сайрандап.
Көзін тігіп аспанға,
Көрді қарлығаштарды.
Қуат құйып жас жанға,
Қызық бір іс басталды.
Қарлығаштар баланы
Ұшып келіп айнала,
Бір нәрсені шамалы
Тастап жүрді жай ғана.
Бала бұған сүйіне,
Қуанышы үлғайды.
Көп кешікпей үйіне
Хабарлады бұл жайды.
Диқан көріп бұл істі,
Шектен шыға шаттанды.
Дән екен ол ырысты –
Күткен үміт ақталды.
Баласы мен екеуі
Терді тұрып қатарға.
Толды дәнге етегі
Күн ұяға батарда.
Әйелі де босанып,
Егіз тапты сол күні.
Диқан жаны жасарып,
Тебіренді, толқыды.
Көзден ыстық тамды жас
Қос қуаныш туды ай боп:
Қыздың аты Қарлығаш,
Ұлы болды Бидайбек.
Қырық қарлығаш әкелген
Шықты Диқан дәнді алып.
Септі егіске шат өңмен,
Таңмен тұрып қамданып.
Болды Диқан қосы бай,
Жазда астығы мол шығып.
Қарлығаштар осылай
Алып келді молшылық.
Ақиқаты белгісіз,
Кейде өтірік тәрізді.
Бар шындыққа бергісіз
Ұнаттым бұл аңызды.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Көктем

  • 0
  • 0

Япыр-ай,
Қандай көктем мына көктем?
Нұр болып бар табиғат тұна кеткен.
Бұлбұлдар мың құбылта күйге басып,

Толық

Албанға

  • 0
  • 0

Райымбек секілді батыр берген,
Мұқағали секілді ақын берген.
Албан елі қашанда қасиетті,
Сондықтан да, жаныма жақын көргем,

Толық

Жыл туралы аңыз

  • 0
  • 0

Ерте, ерте заманда
Көрінбепті Жыл деген.
Жан-жануар тағы аң да
Уақытты білмеген.

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар